Шешендік сөз өнерін игеруге көмекші құрал ретінде қолданылатын жаттығулар мен тренингтер
Шешендік сөз өнері – бүгінгі таңда ерекше маңызға және сұранысқа ие өнер түрі. Себебі, сөз өнері, тіл шеберлігі ой санасы енді қалыптасып келе жатқан балалар үшін өте маңызды. Сөз шеберлігі белгілі бір міндеттер мен тапсырмаларды орындағанда өте қажет, сонымен қатар оның маңызы әңгімеге жақсы серік болып, өзінің көшбасшылық қабілеттерін танытуда да байқалады. Осы қабілеттерді білім алушылар бойында дамыту үшін әр түрлі тренингтер мен жаттығулар орындалады. Бұл жаттығулар ұлы сөз өнерін игеруде, шеберлігін арттыруда таптырмас құрал болып саналады.
Әрдайым орындалып отыратын жаттығулардың арқасында баланың бойында өзіне, өз сөзіне деген сенімділік пайда болып, ораторлық қабілеттері дамып, әр жағдайда қандай әрекет ұтымды боларын тәжірибе арқылы ұғынатын болады. Өз ойы мен пікірін анық әрі дәл етіп жеткізуді үйреніп, өз аудиториясының назарын аулап, жағымды энергетика сыйлап, тіпті тыңдаушыларына мотиватия берер деңгейге жете алады. Сол арқылы тыңдаушылардың көзайымына айналып, оның бейнесі естерінде ұзақ сақталып қалады. Төменде білім алушылардың тіл байлығын, ой шапшаңдығын, еркіндігін дамытуға ықпал болатын бірнеше жаттығулар мен тренингтер ұсынылады. Кейбір жаттығулар ойын формасында берілген. Себебі ойын формасы ретінде келген жаттығуға білім алушылардың қызығушылығы артып, сапалы әрі нәтижелі орындайтын болады.
Жалпы, әр адамның бойында белгілі бір өзіндік қорқыныштары мен фобиялары болады. Егер кейбір балалар мен жасөспірімдер өз пікірлерін, ойларын еркін түрде ортаға сала білсе, басқа біреулері үшін бұл күрделі мәселе болып көрінуі мүмкін. Дегенмен, күнделікті өмірде көпшілік ортада адамдармен қарым-қатынас жасауға тура келетіні айқын дүние. Мәселен, ауруханадағы кезек, белгілі бір мектепішілік жиналыстар және тағы сол сынды. Кейбір балалар үшін осындай жағдайларда өз ойын жинақтап, ортаға салу қиын болып жатататындығын байқаймыз. Бұның басты себебі – көпшілік алдында сөйлеу қорқынышы. Әрине, бұл қорқынышты бірте-бірте жеңуге болады. Бұл жағдайда топ ішінде төмендегідей жаттығу, ойындар мен тренингтерді өткізу өте пайдалы, нәтижелі болады.
«Сөз тапқанға қолқа жоқ» жаттығуы. Бұл жаттығу қатысушылардың ой жүйріктігін, сөз шеберлігін дамытуға әсер етеді. Ипровизация, суырып-салмалық оратор үшін басты қасиеттердің бірі. Бұл жаттығудың негізгі талабы да осы болмақ. Мақсаты: білім алушылардың сөз саптауын, ой шапшаңдығын дамыту. Орындалу шарты: Әр жұп кезекпен топ ортасына шақырылады. Жұп алдына қойылатын басты тапсырма кезекпен кезек алдарына қойылатын суретті негізге ала отыра диалог құру. Жүргізуші 10-15 суретті дайындап, кезекпен көрсетіп отырады. Қатысушылар диалогтарының логикалық тізбегін бұзып алмай, әр жаңа суретті қатыстыра отыра әңгіме құру керек. Төмендегі суреттер негізінде құралған шағын диалог мысал ретінде келтіріліп отыр. Таңдалатын суреттердегі заттар қолданысы, міндеті жағынан сан қырлы болғаны дұрыс. Себебі бұл арқылы білім алушылардың фантазиясы дамып, тапқырлығы артатын болады.
«Сөздік қор» жаттығуы. Бұл жаттығу білім алушының белсенді сөздік қорының қаншалықты мол немесе аз екендігін анықтауға көмектеседі. Яғни, осы жаттығудың нәтижесі арқылы бір қорытындыға келуге болады. Мәселен егер,сөздік қоры төмен болса, ол білім алушыға бірнеше кітаптарды оқуға тапсырма беріп, соны қадағалап отыру қажет. Сонымен қатар, бір апта бойы күнде осы жаттығуды орындатып отыру қажет. Бірнеше ай өткеннен кейін қандай өзгеріс болғандығын байқауға болады. Мақсаты: білім алушылардың сөздік қорының деңгейін тексеру және оны толықтырып отыру маңызын көрсету. Орындалу шарты: Жетекші бұл жұптық түрде орындалатын жаттығуға ең алдымен әр жұпқа «сөйлеуші» және «бақылаушы» екі рөлін беруі керек. Жаттығу екі кезеңнен тұрады: Бірінші кезең – сөйлеуші рөліндегі білім алушы бір минут уақыт ішінде максималды түрде ойына түскен барлық зат есімдерді атап шығуы қажет.
Ал бақылаушы сөйлеушінің айтқан сөздерін қағазға түртіп санын бақылап, секундомер арқыры уақытты қадағалап отыруы тиіс. Бір минут уақыт аяқталған соң, қанша сөз айтылғандығын санау арқылы анықтау керек. Екінші кезең: дәл осы қағида бойынша 1 минут аралығында сын есімдерді атап шығуы қажет. Сын есімдердің көп аталуы сіздің сөздік қорыңыздың бай, әсерлі, көркем екендігін аңғартады. Уақыт аяқталысымен, қанша сөз болғандығын саналады. Үшінші кезең: келесі кезекте етістіктерді атап шығу керек. Етістіктердің сөздік қорымызда көп болуы біздің әрекетке дайын екендігімізді, іс-қимылға деген белсендіктің деңгейін байқатады. Бұған да 1 минут уақыт беріледі. Дәл жоғарыда айтылғандай, қанша сөз болғандығын санап шығу қажет. Орта есеппен алғанда сөздік қоры жақсы деңгейдегі адам 54 – зат есім, 46 – сын есім және 42 – етістік атайды. Егер білім алушының атаған сөздері осы көрсетілгенсандардан әлдеқайда аз болса, демек оған осы жаттығуды жиі орындап, әдеби оқулықтарды оқу тапсырмасын беру қажет.
Айгерім Есетқызы БАХЫБАЙ,
Махамбет Өтемісұлы атындағы оқушылар
сарайының әдіскері, Нұр-Сұлтан қаласы