Ақмола облысы: Мектептерге көрнекті тұлғалардың есімдері берілді
Көкшетау қаласындағы дарынды балаларға арналған қазақ тілінде оқытатын № 3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатына биыл 175 жылдығын атап өтіп жатқан қазақтың ұлы жазушысы Абай Құнанбаевтың есімі берілді, – деп хабарлайды облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.
Іс-шара Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев қатысуымен ұйымдастырылды. Өңір басшысы мекеменің педагогикалық ұжымын осындай қуанышты оқиғамен құттықтап, мектепте балалардың сапалы білім алуына, қосымша білім алуына барлық жағдай жасалғанына тоқталды.
– Абай атындағы мектеп оқушыларының білім сапасы алдағы уақытта да осындай жоғары атаққа сәйкес келетініне сенімдімін. Мектептің алдында әлі де көптеген жетістіктер мен үлкен жеңістер бар. Биыл жұмыспен қамтуға бағытталған жол картасы аясында барлық корпустардың шатырына ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалып, мектеп аумағын абаттандыру жүргізілді. Арнайы жасалған аллеяға кедген жас ақындар мен жазушылар терең тарихы бар осы өлкенің бұрыннан бар мол әдеби мұрасын одан әрі терең байытуға шабыт алатындығына сенеміз, – деді Ермек Боранбайұлы. Басқосу соңында аймақ жетекшісі білім беру мекемесінің аумағында орналасқан өңірдегі алғашқы «Абай аллеясына» ағаш отырғызды.
Осы оқу мекемесі тарихын 1963 жылдан бастайды. Білім ұясынан ұшқан түлектері қазіргі кезде еңбек етіп, талайлары жоғары қызметте жұмыс істеп жүр. Солардың бірі – суырыпсалма ақын, Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, бүгінде М.Ғаддуллин атындағы мұражайдың директоры Құдайберлі Мырзабек.
– Облыс басшысының өзі арнайы қолдай келіп, Көкшетаудағы облыстық мектеп-интернатына қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының аты берілді. Бұл көкшетаулықтар үшін үлкен мақтаныш! Әсіресе осы мектептің түлектері үшін. Біздің қуанышымыз шексіз. Біздің білім ордасы бұрын да өзінің жақсы даңқыменен, белгілі шәкірттеріменен елімізге етене танылған алтын ұя. Енді Абайдың шарапаты, Абайдың шұғыласы осы мектепке жайыла берсін, – деді қуанышын жасыра алмаған абзал азамат.
Айта кетейік, облыстың тағы бес білім беру мекемесі көрнекті тұлғалардың атымен аталды. Көкшетаудағы «ІТ мектеп-лицейі» қазір ұлы ғалым әл-Фарабидің есімімен аталады. Степногорск қаласындағы № 1 орта мектебіне – Ыбырай Алтынсариннің, № 2 орта мектебіне – Ахмет Байтұрсыновтың, № 8 орта мектебіне – Шоқан Уәлихановтың және № 9 орта мектебіне – Қаныш Сәтбаевтың есімдері берілді.
Загрузка...