Бағдары анық білім ордасы
Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен 2004 жылы ашылып, үш жылдан соң республиканың мектептері үшін тұңғыш онлайн сабақ өткен және орта білімнің бағдарламасын жаратылыстану-математикалық бағытында жүзеге асыру арқылы екі мәрте 2012 және 2016 жылдары “Үздік мектеп” атанып, қала әкімінің грантына ие болған біздің білім шаңырағының елімізге танымал тарихы бар.
Жүз пайыз жаңартылған бағдарлама бойынша біліктілік курстарынан өткен 6 шебер-педагог, он екі зерттеуші-педагог, 12 сарапшы-педагог, он бір педагог-модератор, 10 магистрі бар мектеп-лицей педагогтерінің әрбірінің кәсіби өсу траекториясы жасалған. Ұжымда «Lesson study» сабақты зерттеу тобы, «Ізденіс» шығармашыл мұғалімдер тобы жұмыс істейді. Екі мұғалім «Өлкетану» оқулығының авторы, 5 мұғалім авторлық бағдарламаларын сәтті қорғап, республикалық ғылыми кеңестің құрамына қабылданды. Қашықтан оқыту мұғалімдердің ақпараттық технологиялық құзыреттілігін сынаққа алғаны белгілі. Осы ретте, қашықтан оқыту кезінде 3 мұғалім телесабақ өткізіп, үш мұғалім бейнесабақтар мазмұнына сарапшы болды. Мұғалімдердің өзара үйретуші топтары жұмыс істейді.
Биылғы тамызда директордың ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары С. Есманова мұғалімдерді үш топқа біріктіріп, 4 кезеңде үйретуші курстарын ұйымдастырды. Нәтижесінде «Microsoft teams» платформасын қолдануды мұғалімдер жақсы меңгеріп алды. Соңғы бес жылда «Үздік педагог» республикалық байқауында ұстаздарымыз Есманова Салтанат (2015 ж), Есілбаева Ұлбосын (2017 ж), Жакупов Қабанбай (2018 ж) жеңімпаз атанып, әріптестеріне үлгі болып жүр. Білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының нысаналы индикаторларының бірі PISA халықаралық зерттеуіне қатысқан оқушылардың нәтижесі. Осы халықаралық зерттеуге дайындық бойынша сегіз мұғалім курстан өтіп, қалған әріптестеріне үйрету үшін сегіз топқа дайындық жұмыстарын жүргізуде.
Жыл сайын интеллектуалды жарыстарға, олимпиадалар мен ғылыми жобалар жарыстарына қатысушылар да, жеңімпаздар саны да артып келеді. 11-сынып оқушысы Әбдікерім Арыстанбап Бразилияда өткен ғылыми жобалар жарысында “Ғарыштық экология” тақырыбымен алтын медаль жеңіп алған еді. Енді биыл Мәскеу авиациялық институтының білім беру грантын иелену арқылы оқуға түсті. Яғни ол болашақ ғарыш маманы. Оқушылар «Бөбек» республикалық ғылыми-практикалық білім беру, сауықтыру орталығында ұйымдастырылатын ғарыштық зерттеу жұмыстарына командамен қатысып, тұрақты түрде жеңімпаз атанып жүр. Оқу мен оқыту жұмысының нәтижелі жүргізілуінің арқасында білім сапасы жыл сайын артып келеді. Биылғы жылы ұлттық бірыңғай тестілеу сынақтарын тапсырған 96 түлектің жетпіс бес пайызы мемлекеттік білім беру грантын жеңіп алды. Оның оны «Алтын белгі», жетеуі «Үздік аттестат» иегері.
Білім ордасында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің «Мен кітап оқығанды ұнатамын» жобасы оқушылармен қоса, мұғалімдер мен ата-аналар арасында да ұтымды қолданылып жүр. «Ата-анаммен әдебиет әлемінде» байқауына оқушылар ата-аналарымен бірге қатысса, мұғалімдер әдістемелік бірлестік болып жарыса кітап оқиды. «Туған елге тағзым» жобасы бойынша география пәнінің мұғалімі Жакупов Қабанбай балаларды «Ұлы жібек жолы – Ұлы дала тарихындағы мәңгілік елдің жолы» атты экспедицияға тартып, 20 оқушымен Астана – Атырау – Махамбет ауданы – Сарайшық – Индер ауданы – Махамбет кесенесі – Астана бағыты бойынша жүріп өтті. Оқушылар экспедиция кезінде жинаған жәдігерлер бойынша ғылыми жобалар жазып, қалалық, республикалық сайыстарда жүлделі орындар алды. Үш жыл бұрын ашылған Райымбек батыр мұражайын толықтыру жұмысы осы жобаның аясында іске асуда.
Мектеп бағытына сәйкес жүргізілетін үйірмелер саны жыл сайын артып келеді. Ракетамодельдеу, радиобайланыс, радиоспорт үйірмесінің жұмысын ерекше атап кеткен дұрыс. Радиобайланыс үйірмесіне қатысушылар арнайы жабдықталған кабинетте «Морзе әліппесін» үйренеді, арнайы құрылғылардың көмегімен ғарышкерлермен тікелей байланысқа шығады. Оқушылардың жыл сайын радиоспорт чемпионатына қатысуы дәстүрге айналған. Ағымдағы оқу жылында «Алтын ұрпақ» жобасы енгізіліп, 3-4-сыныптарда домбыра жүргізіле бастады. Музыка пәнінің мұғалімі Нұргүл Әлқожа домбыра сабағының бағдарламасын жазып, ғылыми кеңесте қорғап шықты. Оқытудың қауіпсіз және жайлы ортасын қамтамасыз ету – басты міндет.
Үш жыл бұрын мектепке 42 бейнебақылау камерасы орнатылса, биыл оның саны жиырма төртке артты. Шығу есіктерінде антипаника орнатылған, қоңырау түскен жағдайда автоматты түрде есіктер ашылады. Ұтымды жұмыстармен қатар жақсартуды қажет ететін тұстар да жеткілікті. Жаңа басталған оқу жылында қамқоршылық кеңесінің, «Әкелер мектебінің», оқушылардың «Өзін-өзі басқару» ұйымының жұмыстарын жандандыру мақсаты нақтыланып, жаңа міндеттер қойылды. Сондай-ақ, заман талабына сай қайта жарақтандырылған кабинеттердің санын арттыру, мектептегі қолөнер үйірмесінің жұмысын жетілдіру, көгалдандыру шараларын күшейту де келер күннің еншісінде.
Роза Аблакимқызы БОЛАТАЕВА,
Райымбек батыр атындағы №50 “Қазғарыш”
мектеп-лицейінің директоры, Нұр-Сұлтан қаласы