Көркем еңбек пәнін оқытудың психологиялық негіздері
Қазақстан Республикасындағы білім саласында соңғы жылдары жүргізіліп жатқан реформалар еліміздегі білім беру сапасының әлемдік деңгейге сәйкес келуін қамтамасыз ету, сол арқылы әлемдік сұранысқа ие бола алатын мамандарды даярлап, бәсекеге қабілетті білім беру болып табылады. Сапалы білім беру – оқыту мен тәрбиелеудің үздіксіз үдерісі. Қазіргі кезде білім берудегі мақсат жан-жақты білімді, өмір сүруге бейімді, өзіндік ой- талғамы бар, адамгершілігі жоғары, қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру. Білім беру жаңаша ұйымдастыру – оның философиялық, психологиялық, педагогикалық негіздерін, теориясы мен тәжірибесін тереңірек қайта қарауды қажет етеді. Осы орайда білім саласындағы кез келген пән, қандай ортада болмасын өзінің айтар ойы, өмірге деген көзқарасы, нақты жеке тұлғаны қалыптастыруға өзіндік үлес қосары анық.
Мектептер мен өзге де білім беру ошақтарында оқытылатын көркем еңбек пәні мен пәндік қолөнер үйірмелері оқушының жеке басының дамуында маңызды рөл атқаратыны баршамызға белгілі. Көркем еңбек сабақтарында оқытылатын сәндік-қолданбалы өнері оқушылардың қызығушылық шеңберін кеңейтуге, эстетикалық тәрбие беруге, ойлау қабілеттерін арттыруға, өнерді түсіне білуге, суретшілік қабілеттерін дамытуға елеулі септігін тигізеді. Көркем еңбек сабақтарында оқушыларда өнер сүйгіштік, талғампаздық, ұқыптылық, төзімділік, ізденімпаздық, еңбекқорлық қасиеттері пайда болады. Қолданбалы өнермен айналысу барысында оқушылар қоршаған әлемнің таңғажайып көрінісі мен табиғат сұлулығын мата, былғары, ағаш, киіз, қаңылтыр, тас, тері, былғары және тағы да басқа материал беттеріне түсіруді үйренеді.
Тігу, қию, үлгі, нобай, сызбалар, эскиздер дайындау барысында икемдері мен дағдыларын қалыптастырады. Оқытылатын тақырыпты балалар толық түсінуі үшін көркем еңбек пәнін оқыту бағдарламасы бойынша оқушылардың алдына тақырыпқа байланысты орташа зат обьектілері болуы керек. Мысалы: қолдан жасалған дайын бұйымдар мен оларды жасауға қажетті материалдар, жіп, сазбалшық, ермексаз, жүн, мата түрлері, қағаз түрлері, табиғи және жасанды терілер, фоамарин, пластик және табиғи материалдар, сонымен қатар түйме, моншақ, сумоншақ, ілгек, атлас таспалары сияқты қосымша материалдар да болуы керек. Балалар оларды қолдарымен ұстап көріп, формасын анықтап, заттың формасы мен көлемі, химиялық, физикалық, механикалық қасиеттері мен ерекшеліктері туралы толық түсінік алады.
Тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңі, болашағы бүгінгі жас ұрпақтың сана-сезімін, ұлттық психологиясын, оның сонау ерте замандағы ата-бабалар дәстүрі, әдеп-ғұрпы, мәдениетімен сабақтастыра отырып, халықтың қолөнерін сақтап қалуға тәрбиелеу- ұлағатты ұстаздардың бүгінгі абыройлы борышы десек артық айтпаған болар едік. Оқыту процесі дидактикалық жүйелер деп аталатын психологиялық тұжырымдамаларға негізделеді. Дидактикалық жүйе оқытудың мақсатына жетуге қызмет ететін, біртұтас құрылымды жасайтын элементтер жиынтығын құрайды. Жүйенің сипаттамасы мақсаттың, білім мазмұнының, дидактикалық процестердің, оқытудың әдістері, құралдары, формаларының және оның ұстанымдарының сипаттамаларына сәйкес. Психологиялық ерекшеліктер оқыту мен тәрбиенің мазмұнын тікелей байланыстырады, сондықтан олар белгілі-бір ұстанымдарға негізделе отырып іске асырылады.
Көркем еңбек пәнін оқыту барысында қолданылатын дидактикалық ұстанымдар: тәрбиелеу, ғылымилық, саналылық пен белсенділік, түсініктілік пен шамаға лайықтылық, білімнің берік болуы, көрнектілік, жан-жақты даму, теорияны практикамен байланыстыру және жүйелілік пен бірізділік ұстанымдары. Тәрбиелеу принципі – оқыту процесі сияқты, тәрбиелеудің де маңызы өте зор. Балаларды оқыта отырып тәрбиелеу ол барлық білім беретін орындары ұстанатын қағида. Тәрбиелік принципіне сүйене отырып, көркем еңбек пәнінің мұғалімі оқушыларды тек қана дағдысы мен икемін қалыптастырып қоймай, сонымен қатар түсініктерін, заңдарды, терминдерді және әрбір оқулық тапсырмаларын кеңінен және жан-жақты қарастырады.
Сонымен қатар сабақта мұғалім баланың эстетикалық тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Ғылымилық принципі – көркем еңбек сабағында мұғалімнің оқушыларға беретін әрбір түсініктемесі, мағлұматы, тапсырмалары мен дағдылары ғылыми түрде дәленденген, көз жеткізген және расталған болу керек. Декоративтік және тақырыптық тапсырмада қазақтың ұлттық сәндік-қолданбалы өнері туралы әңгімелесу барысында оқушыларға беретін барлық түсініктемесі, мағлұматы расталған, теориялық негізделген және сарамандық түрде тексерілген болу керек. Саналылық пен белсенділік принципы- түпкі негіздің дұрыстығын көрсетеді.
Алған білімді ой елегінен өткізбейінше білім алу мүмкін емес, міне осыдан барып саналылық приципі шығады. Білімді белсенді қабылдап, ой елегінен өткізсе, балалар білімді дұрыс қабылдайды. Сабақтың соңында оқушылардың жасаған бұйымдарын қорытындылағанда бір-бірінің жұмысының дұрыстығын өз беттерінше анықтай алатындай мүмкіндік беру керек. Түсініктілік пен шамаға лайықтылық принципі оқушылардың ерекшелігін білумен байланысты. Түсініктілік принципі – нені оқытсаң да, не үйретсең де, түсінікті, жас ерекшелігіне сай оқыт деген сөз. Яғни оқытудың жеңіл болуы, ойлау белсенділігін төмендетеді.
Сонымен қатар ынтасын нашарлатады. Шамадан тыс қиындық та табысқа жетелемейді. Сондықтан жеңілден ауырға, белгіліден белгісізге, жақыннан алысқа қарай оқытуды ұйымдастырған дұрыс. Егер оқыту оқушының шамасына сай болса, таным белсенділігін арттырып, жалпы дамуын шапшаңдатады. Білімнің берік болу принципі білімді орнықты меңгеру деген сөз. Жаңа материлды түсіндіру және оны бекіту кезінде басты мәселені ерекше атап көрсету керек. Үйге берілетін немесе сыныпта орындалатын тапсырма сол жаңа білімді меңгеруге байланысты қайталау, жаттығу жұмыстары болу керек. Ұмытшақтыққа қарсы күрес-қайталау. Қайталау білімді берік етеді.
Көрнектілік принципі – нені оқытсаң да көзбен көрсетіп оқыт деген сөз. Көрнектілік принципі оқу процесінің дамуында негізгі рөл атқарады. Бұл принцип баланың танымдық қабылдауын арттырады. Олар құлақпен естігеннен гөрі, көзбен көргенін жақсы қабылдайды. Көрнектілік – бұл әр түрлі заттарды, материалдарды, құралдарды, сызба-суреттерді, эскиздерді, тәжірибелерді көрнекті көрсету. Көрнекі құралдарды пайдалану оқу материалын қабылдауда бағалы құрал болып саналады. Көрсету барысында баланың ақпаратты қабылдауына ықпал ететін психологиялық шарттарды ескерген жөн. Жан-жақты даму принципі-оқушылар шығармашылық қабілетін сабақтан тыс үйірмелерде, қосымша сабақтарда, түрлі конкурстар мен сайыстарға қатысу барысында, үй жағдайында да толығымен дамыта алады.
Теорияны практикамен байланыстыру принципі – бұл тек принцип қана емес емес, оқыту мен тәрбиелеудің негізгі заңы болып табылады. Оқытудың өмірмен байланысы мектептегі оқу-тәрбие жұмысының барлық саласында іске асуда. Барлық теориялық материал, оқушыларға оларды практика жүзінде дұрыс орындаулары үшін беріледі. Қазіргі теория оқушыларды өмірге даярлаумен тығыз байланысты. Олар: өндірістік экскурсиялар, зертханалық және сарамандық жұмыстар. Жүйелілік пен бірізділік принципі. Бұл жүйелеп, белгілі бір реттілікпен оқыту деген сөз. Оқу материалы жүйелі түрде берілсе ғана, оқушыға өз пайдасын тигізе алады.
Ұлттық мемлекетіміздің ертеңі, болашағы бүгінгі жас ұрпақтың сана-сезімін, ұлттық психологиясын, оның сонау ерте замандағы ата-бабалар дәстүрі, әдеп-ғұрпы, мәдениетімен сабақтастыра отырып, халықтың қолөнерін сақтап қалуға тәрбиелеу- ұлағатты ұстаздардың бүгінгі абыройлы борышы десек артық айтпаған болар едік. Осы орайда ұлы ойшыл Уильям Уордтың ой-толғауы еске түседі. Ол: «Жай мұғалім – хабарлайды, жақсы мұғалім – түсіндіреді, керемет мұғалім – көрсетеді, ал ұлы мұғалім – шабыттандырады» деген еді.
Д.АЛМАҒАНБЕТОВА,
“Балдәурен” республикалық оқу-сауықтыру
орталығының технология пәні мұғалімі,
Қарағанды облысының Балқаш қаласы