Жаңа өзгерістің игі нәтижесі

Әлемдегі өзгерістерге бейімделу бүгінгі заман талабында алға шығып отырғаны белгілі жәйт. Жаңа үлгіде білім беру ісі қазір әбден сүзгіден өтуде. Оның нәтижесін де көріп отырмыз. Ол пандемия кезінде де игі іспен дәлелденді. Бұл ретте қашықтан оқыту қолға алынып, оның әдістемілік тұрғыдағы оқу тәсілдері жүзеге асырылу үстінде. Өткен аптаның сейсенбісінде ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында жаңа 2020-2021 оқу жылына дайындық мәселесі қаралып, онда Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ атқарылған істер мен алда тұрған негізгі міндеттерді баяндады.

Баяндамашының мәліметінен білгеніміз, іске асырылған жұмыстар өте ауқымды. Сондықтан оның негізгілеріне ғана тоқталып өткенді жөн санадық. Мәселен, IV тоқсанда өз интернет-платформаларын ұсынған АT-компаниялар жазғы уақытта айтылған ұсыныстарға сәйкес,  оқу процесіне қажетті жаңа функционалдарды жасап шығып, қашықтан оқыту сапасын арттыру бойынша бірқатар жұмыстар атқарған. Нақтылап айтқанда, мазмұн материалдарын толықтырумен бірге, АТ-компаниялар сабақтарды жазу мүмкіндігі бар стримингтік бейне конференция модульдерін  әзірледі. Оқу процесін басқарудың автоматтандырылған жүйелері, аналитика, бағалау және тағы басқалар қолданысқа енгізілді.  Жалпы қысқа мерзімде бірнеше жаңа платформалар нарық талабына сай әзірленіп, бәсекелестік пен таңдауға негіз қаланды. Біз бұл ретте, қашықтан оқыту ісінің маңызы туралы жоғары оқу орнында қызмет жасайтын ұстаз бен ауыл мектебіндегі ұстаздың пікірін сұрап білген едік. Ендеше, ұстаздар пікіріне зейін аударайық.

Айман АЙТБАЕВА, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ доценті, Қызылорда облысы: Білім беру бұл ел болашағы үшін аса жауапты үрдіс екені мәлім. Сондықтан білім беру саласына қай мемлекетте болмасын үлкен жүк артылады. Ал қазіргі жағдайда сапалы, ең бастысы, нәтижелі білім беру үрдісін ұйымдастыру екі есе қиындай түсетіні анық. Десе де, барша әріптестеріме «қашықтан оқытудан» қашпауға кеңес беремін! Оның да өзіне тән тиімді тұстары бар десек, қателеспейміз. Әлемдік деңгейдегі білім берудің қазіргі парадигмасы білім беруде нәтижеге бағдарлану, оқытуды оқушының жеке тұлғасына бағытталуы, ал оқыту әдістерін тұлғааралық қарым-қатынастарға бейімдеу болып отыр. Демек, оқушы білімді дайын күйінде мұғалім түсіндірмесінен алмай, өзінің өмірлік тәжірибесіне сүйену арқылы танымдық «жаңалық» ашуы шығармашылық тапсырмаларды орындау негізінде әртүрлі өнімдер жасауы тиіс.

Нәтижесінде оқушының дүниетанымы кеңейіп, өзіндік пікірі мен көзқарасы қалыптасуы керек. Бұл тұрғыдан алғанда да оқушы үшін де мұғалім үшін де көп еңбек етуге тура келеді. Алайда, біз қашықтан оқытуды күрделі процесс деп санамауымыз қажет. Себебі, дамыған елдердің көбінде бұл оқыту формасы әлдеқашан еніп қойған. Тек оны еліміздің білім сапасын арттыруда дұрыс пайдалана білсек болғаны! Қазіргі таңда қашықтан оқыту жүйесінің рөлі білім саласы үшін өте жоғары. Себебі, бұл жүйе арқылы мұғалімдеріміз бен окушыларымыз әлемдік ақпараттармен байланысуға, білімдерін онлайн жалғастыруға, ғылыми және шығармашылық жұмыстарын жетілдіруге, әлемдік ақпарат кеңістігінде өздерінің білімдерін шыңдауга зор мүмкіндік алады. Қашықтан оқыту ерте ме, кеш пе бізге жететін еді. Өйткені, бұл  заман талабы! Ақпарат ғасырында озық технологияның үздік жемістерін пайдалану-дамыған елдердің шешімі. Сондықтан еліміз үшін бұл да бір жаңа белес, жаңа шың!.

Қаршыға КОБЕЕВА, Ж. Сүлейменов атындағы №70 жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі. Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Қоғалы ауылы: Қазіргі әлемдік деңгейдегі пандемияға байланысты қашықтан оқыту ісі қолға алынып, жаңа бағдарламаларды меңгеріп шықтық. Мұның бір ерекшелігі, барлық балаларға сабаққа толық қатысуға мүмкіндік жасалады. Яғни, сабаққа қатыспау деген болмайды! Осы жағынан алғанда, ауыл балаларын қашықтан оқыту тиімді болып отыр. Әрі бейнекөрсетілімдер арқылы сабақ мазмұнын түсіндіріп, оның негізгі мәнін ашып көрсетудеміз. Мұнан өзге де әдістемелер оқу сапасын арттыруға мүмкіндік жасап отыр.

Данияр ТҰРМАХАНОВ,
Нұр-Сұлтан қаласы

 

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий