Павлодарлық педагог қашықтан оқуда табысты оқушы болудың жолдарын ұсынды

Қашықтан білім алу біз үшін жаңа болғандықтан, білім алып, белгілі бір дағдыларды қалыптастыру қиын. Дегенменде, қандай қиын болсада бізге білім алып, көк жиегімізді кеңейтіп, дамытуымыз қажет.  Қашықтан оқу пайдалы, әрі тиімді болуы үшін: Оқу орынын анықтап алыңыз. Оқу алаңын құру үшін үйде ыңғайлы орын қажет. Оны қажетті жиһазбен (үстелмен, орындықпен) жабдықтап,  мүмкін болса шам, орындыққа жастықша алыңыз. Үстелдің астына/жанына жәшік қойып, ондағы артық заттарды қорапқа салып, үстелді мейлінше таза ұстаңыз, себебі Сізге қажетті затты оңай тауып алуға кедергі жасап, жалпы көңіл күйіңізге кері әсерін тигізуі мүмкін.  Затты іздеуге кеткен уақыт, энергия мен көңіл күйдің төмендегені өз кезегінде  Сіздің білім алуыңызға кері ықпалын тигізеді.   Егер тұрақты оқу орынын анықтау мүмкін болмаса, оқу үдерісі аяқталғаннан кейін жинап қоюға болатындай жиналмалы орындық, үстел алғаныңыз абзал.

Өмірде қол жеткізгіңіз келетін мақсатыңызды анықтаңыз. Ол мақсатыңызды жазып немесе суретін салып, қабырғаға көз алдыңызға іліңіз немесе үстелдің үстіне қойыңыз. Сонда ол оқуға деген қызығушылық, ынта, жігер төмендегенде Сіздің не үшін білім алып, белгілі дағдыларды қалыптастыру керек екенін бағдарлап, Сізді үнемі ынталандырып, өмірлік мақсатыңызға жету үшін үлкен бір қозғаушы күш болады. 

Сабақ кестесін құрыңыз. Мектепте сабақтар жоспарланады, алайда Сіз қашықтан оқитындықтан оффлайнда өзіңіздің сабақ жоспарыңызды құрастырып, жоспарға сай оны орындап, іске асырып отырыңыз. Сол арқылы өзіңіздің күн тәртібіңізді жасақтап, өзін-өзі реттеу дағдыңызды дамыта аласыз. Күннің соңында 5-10 минут уақытыңызды жұмсап, кестеңізді қайта қарастырып, қай пәнде ненің жасалып, ненің жасалмағанын анықтап, нені қайта қарастыру керек екеніне шолу жасаңыз.

Тапсырмаларды берілген күні немесе берілген мерзіміне қарай жасап, аяқтауға тырысыңыз. Келесі күнге қалдырмаңыз. Себебі, орындалмаған тапсырмаларға келесі күннің тапсырмалары қосылып, Сіздің оқуға деген ынтаңыз бен күш-жігеріңізге кері әсерін тигізуі мүмкін. Мұғалімге жіберу керек жұмыстарды міндетті түрде өзіңізге белгілеп, жіберілген жұмыстарды сызып отырыңыз. Сол арқылы келесі күннің жұмыс барысы айқындалып, жұмысыңызды реттей аласыз.

Оқу арасында үзіліс жасап отырыңыз. Мысалы, 30 минут аясында алаңсыз оқысаңыз, 5 минут үзіліс жасаңыз. Көзіңізді компьютерден, оқулықтан, жазудан алып, су ішіп, созылып, керіліп, қол-аяғыңызды жазып алыңыз. Сізді алаңдататын заттарды өзіңізден алыс ұстаңыз. Мысалы, ұялы телефон, музыка, интернет, «дәл қазір, осы жерде» болуға кедергі жасайтын әртүрлі ойлар тағы сол сияқтылар. Барлық онлайн сабақтарға қатысыңыз. Себебі, бұл сыныптастармен кездесіп, ақпаратты тереңрек түсінуге, мұғалімге сұрақ қоюға, қарым-қатынас жасауға мүмкіндік береді. Міндетті түрде тапсырмаларды орындау сапасына оң әсерін тигізеді.

Онлайн этикетті сақтаңыз. Бас әріптерді, леп белгілерді қолданбаңыз, ашуланшақ адам ретінде қабылдауы мүмкін. «Өтінемін», «кешіріңіз», «рахмет» деген сөздерді әрқашан қолданыңыз. Оймен келіспейтіндігіңізді сыпайы жеткізіңіз, ойды аяғына дейін тыңдаңыз. Мәтіндік немесе аудио жазбаңызды жібермес бұрын қайта оқып, тыңдап, қатесін, дауыс ырғағын, темпін тексеріп, қатені түзей аласыз. Көмек сұраңыз. Белгілі тақырып аясында  мәселелер, қиындықтар, түсінбеушіліктер туындаған кезде «Жалғыз ЕМЕС» екеніңізді ұмытпаңыз, мұғалімдеріңізден, сыныптастарыңыздан көмек сұраңыз, олар кез-келген жағдайда Сізге қол ұшын беріп, түсіндіруге тырысады. Сұрап алғаныңыз өзіңізге жақсы, себебі терең  түсіндірулер Сіздің тапсырмаларды орындау сапаңызды арттырып, жоғарырақ балл алуға мүмкіндік береді.

Сыныптасыңызды немесе Сізбен жасты оқушыларды анықтап алыңыз. Олармен  оқудағы жетістіктеріңізбен бөлісіп,  туындаған мәселелер төңірегінде сөйлесе аласыз, сөйтіп білім алу үдерісін жақсарта аласыз. Сізді қолдайтын адамдарды айқындаңыз. Оқуда қиындықтар, түсінбеушіліктер болған жағдайда, Сізді жан-жақты қолдайтын, арқа сүйер адамдар қажет. Ол адамдар Сіздің отбасыңыздың, достарыңыздың немесе мұғалімдеріңіздің  арасынан болуы мүмкін. Күнделікті жетістіктеріңіз үшін, ұсақ жетістіктер болса да, өзіңізді мадақтап отырыңыз. Оқуға деген ынтаны, құлшынысты арттырады.

Позитивті болыңыз. Қашықтан білім алуда көбіне жеке жұмыс жасап жалығуыңыз, шаршауыңыз мүмкін, бірақ бұл уақытша жағымсыз сезімдер, ойлар күнделікті өміріңіз болып кетпеуіне  жол бермеңіз.  Балып  жатқан дүниеге үнемі позитивті көз-қараспен қарауға тырысу қажет. Позитивті болу қолдан келмей жатса мантра бояңыз, ол міндетті түрде ойыңызды өзгертіп, зияттың дамуына септігін тигізеді.

Айман ИБРАЕВА,
Педагогикалық шеберлік орталығының
тренері, Павлодар қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий