Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы
Ұлт тәрбиесі ұрпақ тәрбиесінен көрініс табады. Ғұлама ғалым, ойшыл, философ Әл-Фарабидің: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзі бар. Шынында да, балаға ең алдымен біліммен бірге, тәрбие де берілуі қажет. Тәрбиелеу ісі асқан шеберлікті, зор талантты талап етеді. Халықтық педагогикада жас ұрпақты тәрбиелеудің түрлі жолдары, әдіс-тәсілдері жетерлік. Ұрпақ тәрбиелеуде халқымыздың рухани байлығына және асыл мұраларына, ұлттық құндылықтарына сүйенеміз. Қандай оқу орны болмасын ең әуелі білім алушыға дұрыс тәрбие беруді көздейді. Бұл құндылықтар Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде шынайы үрдіске айналған.
Ұрпақ тәрбиесін жаңғыртып, жаңаша үлгіде тәрбиелеуде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының рөлі зор. Елбасы: «Жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихы тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу» деген еді. Олай болса ұрпақ тәрбиесінде ұлттық кодтың алатын орны ерекше. Ұлттық код тамыры неден бастау алады? Ұлттық код – ең алдымен, тілде, сосын дәстүріміз бен салтымызды, мінезімізді айқындайтын ділде, ұлттық мәдениетте. Қазақ баласының болмысы тарихпен, мәдени-рухани ізгілікпен әдіптеліп, қарапайымдылықпен шыңдалып, парасаттылықпен шырайланған. Ұлттық кодымызда ізгілік, адалдық, перзенттік, инабаттылық, адамгершілік, парыз, этикет, ақыл-парасаттылық кеңінен өрістеп, молынан қамтылған.
Жоғары оқу орнында әрбір студенттің интеллектуалдық мәдениетін көтеріп, ұлттық санасын кемелдендіріп тәрбие беру біздің негізгі ұстанымдарымыз болып отыр. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің тәрбие ісі жөніндегі қызметін жүзеге асыруда Жастар саясаты департаменті жұмыс жасайды. Департамент – адамгершілігі мол, сауаты жоғары, интеллектуалдық және шығармашылыққа қабілетті, белсенді, еңбекқор тұлғаларды дайындауды мақсат етеді. Оқу орнының тәрбие ісінің жоспарын, құрылымын құрып, барлық факульттердің тәрбие жұмысына басшылық етеді. Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, қазақстандық патриотизм, азаматтық және құқықтық тәрбие, рухани адамгершілік тәрбие, өзін-өзі басқаруға дағдыландыру, адалдыққа баулу жастармен тәрбие жұмысында басшылыққа алынады.
Тәрбие жұмыстарын басқару тәрбие ісінің мақсаттылығын, ұйымдастырылуын, мазмұнын қамтамасыз ететін құрылымдармен анықталады. Университеттің ғылыми кеңесі тәрбие жұмысының тұжырымдамасын, оның басымдылық бағыттарын және жүзеге асырудың құнды негіздерін айқындайды. Университеттегі тәрбие жұмыстарының мақсаты – «Мәңгілік Ел» жалпыхалықтық идеясын, қазақ халқының мәдени салт-дәстүрін ұстану, адамгершілік, терең рухани байлық азаматтық бейнесін қалыптастыру. Сонымен қатар студенттердің жеке тұлға ретінде өзін-өзі дамытып және Қазақстанның ұлтжанды азаматы ретінде әлеуметтік қызметте жоғары кәсіби біліктілігін дамытуға қолайлы жағдай жасау. Студенттердің гуманистік дүниетанымын, азаматтық ұстанымын, ұлтжандылық сана-сезімін, құқықтық және саяси мәдениетін, еркіндігі мен өзіндік ар-ұждандық сезімін, мемлекеттік рәміздерді, ұлттық салт-дәстүрді құрметтеуге баулу. Аталған мақсаттарды басшылыққа ала отырып, әртүрлі іс-шаралар мен жобалар жүзеге асырылып келеді.
Университет тәрбие ісі студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарымен жиі байланыста болумен көрінеді. Студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының белсенділігімен әртүрлі бағыттарды жүзеге асыру үшін түрлі мәдени клубтар, пайдалы тренингтер, семинарлар, жиналыстар ұдайы ұйымдастырылып келеді. Студенттердің қоғамдық белсенділігін, ой-өрісін, рухани білімін дамытуға арналған бірнеше студенттік ұйымдар мен клубтар бар. Соның ішінде басты ұйымдарға тоқталып өтсек.
- Студенттік өзін-өзі басқару құрылымы – студенттердің оқуын, тұрмысын, бос уақытын ұйымдастыруға, олардың қоғамдық белсенділігін арттыруға, студенттік бастамаларды қолдауға қатысты өзекті сұрақтарды шешуге атсалысады. Университеттің спорттық-дене шынықтыру, мәдени-көпшілік, қоғамдық жұмыстарының ұйымдастырылуына үлес қосып, барлық студенттік басқару ұйымдарына жетекшілік етеді.
- Студенттік кеңес ұйымы. Студенттік кеңес – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттік жатақханаларында тұратын белсенді студенттерден құралған ұйым. Жатақхананың ішкі тәртібіне жауап беріп, тазалық пен тәртіптің сақталуын қадағалайды. Жатақханалар ішінде түрлі іс-шаралар мен еркін форматтағы кездесулерге жауапты болады.
- «ASU-Үміт» қайырымдылық қоры ұйымы. Студенттерді әлеуметтік жауапкершілік тұрғысынан тәрбиелейді. Профессор-оқытушылар мен студенттердің қайырымдылық іс-шараларына белсене атсалысуын ұйымдастырады. Қайырымдылыққа мұқтаж адамдар үшін жобалар мен акцияларды жүзеге асырады.
- «Сенатор» пікірсайыс клубы. Клубтың мақсаты – рухани, интеллектуалдық және адамгершілік деңгейі жоғары, ұлтжанды, өзінің қоғам алдындағы азаматтық жауапкершілігін сезінетін тұлға қалыптастыру. Пікірсайысты насихаттай отыра, жастар арасында тәрбиелі, саяси элита дайындау. Пікірсайыс клубы тек университетте ғана емес, басқа да оқу орындарында пікірсайыс өткізіп отырады.
- «Адал ұрпақ» студенттік клубы. Студенттерге адалдық ұғымын насихаттап, әділдік тура жолмен жүруге баулиды. «Сыбайлас жемқорлық» ұғымын түсіндіріп, оны болдырмау жолдарын ұғындырады, өз мемлекетіне жауапкершілікпен қарайтын және әділдікке бейім тұлға тәрбиелеуге атсалысады.
Жастар саясаты департаменті студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарымен бірге мемлекеттік және университетішілік жобаларға сай іс-шараларды жүзеге асырады. Университетте «Рухани жаңғыру», «Серпін-2050:Мәңгілік ел жастары – индустрияға», «Менің арманым» ұлттық жобасы, «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ жобасы» мемлекеттік жобалары аясында жұмыстар тұрақты жүргізіледі. «Рухани жаңғыру» жобасы аясында өткен «Жолдаудан – дамуға», «Ақындар елге келгенде», «Қадірлі сыйлық», «Болашаққа нық қадаммен!», «Домбыра party», «Кітап party» сияқты ауқымды жобалар мен іс-шаралар студенттер арасында жоғары қолдаумен өтеді.
Оқу орнының алға қойған маңызды мақсаттарының бірі сыбайлас жемқорлықпен күресу. Осы орайда универститетімізде «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» жобасы жұмыс істейді. Жоба аясында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің қолдауымен «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» жемқорлыққа қарсы технологиялар зертханасы ашылды. Зертхана жұмысы студенттерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресуге дағдыландыру мақсатын көздейді. Осыған орай жоба аясында «Адал ұрпақ» студенттік клубы құрылып, студенттерге адалдық ұғымын насихаттап, әділдік тура жолмен жүруге шақырады.
Студент жастарды тәрбиелеу және оларды қолдау қашанда өзекті. Әрбір жоғары оқу орнының мақсаты студенттердің бойына рухани-адамгершілік қасиеттерді сіңіріп, әлеуметтік әлеуетін дамытуға жағдай жасау. Студент жастар заманмен бірге қадам басатын, жаны жаңалыққа үйір, креативті тұлғалар. Жастардың болашаққа шешімдерін қабылдайтын шешуші кезеңі – студенттік өмірінде шығармашылық қабілеттерін шыңдап, келешекке кемел жоспар құрып, оны жүзеге асыруларына қолдау көрсетету біздің жұмысымыздың ең басты бағыты болады.
Ляйля ҚОЙШЫҒҰЛОВА,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты жөніңдегі проректор,
Атырау облысы.
Загрузка...