Павлодар облысында ауыл ұстазы шәкірттерінің дәптерлерін 50 жыл бойы сақтаған

88 жастағы Марксиана Искандерова ширек ғасыр бойы сақталған шәкірттерінің дәптерлерін түлектердің кездесуінде иелеріне көрсеткен,-деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.

 Мұндай  тосын сыйды күтпеген 1970 жылы мектеп бітірген Серік Арынов, Балжан Бейсекеева, Қанат Белгібаев, Фарида Ыдырысова, Бақытжамал Мұқашева, Таня Сейсенбекова, Үміт Өтеубаева ұстазға деген алғысын  жеткізді.

– Биыл біз үшін ерекше жыл болды. Осыдан 50 жыл бұрын 1970 жылғы түлектер Май ауданында қазіргі Ерсін Мұқашев атындағы орта мектепті бітіріп, арман қуып жан-жаққа тараған едік. «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан, жақсы ата-анадан» деп бекер айтылмаса керек. Өнегелі тәрие берген ұстаздарымызды сағынышпен еске аламыз. Олардың ішінде Досполова Бижамал Марсенқызы, Тыртышный Федор Михайлович, Шәкенов Ертай Итбайұлы, Қасенова Наукен Қасенқызы, Сәрсенова Зейнеш Сәрсенқызы,  Бердешов Сейфолла Сәдуақасұлы, Ищенко Сергей Васильевич бар. Сол балалық шаққа, ұстаздарға деген сағыныш бізді мектепке жетеледі.  Осылайша Көктөбе ауылындағы Е. Мұқашев атындағы мектебімізге сағынышпен жеттік, – дейді олар.

-Мектеп көзімізге оттай басылды. Арада құдды бір 50 жыл өтпегендей. Бәрі сол қалпында. Көңілге сағышын,  көзге жас оралды.   Мектеп директоры Азат Қуандықов ұжыммен қарсы алып, біздің көңіл күйімізді бірден түсінді. Барлығы 50 шақты түлек едік. Әрқайсымыз партамызға  барып отырдық. Марксиана Мұхтарқызы  50  жыл бойы сақтаған біздің дәптерлерімізді көрсетті. Сол сәттегі сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Өз мамандығын шексіз сүйген  ұстаз осындай болса керек, – дейді 50 жыл бұрын мектеп бітірген түлектер.

Марксиана Мұхтарқызы Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауылында 1932 жылы 7 қаңтарда  дүниеге келген.  1948 жылы Абай атындағы Қарқаралы педучилищесіне түсіп, оны 1952 жылы бітірген. Оқып жүрген кезінде педучилищеде педкабинет лаборанты болып еңбек  жолын бастаған. Оқуды бітіргеннен кейін Жарма ауданының Михайловка жеті жылдық мектебіне орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде жіберілген. 1953 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтына түсіп, 1957 жылы бітірген соң  Май ауданының Киров орта мектебіне жұмысқа тұрған.

Бүгінде орыс  тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін келіні Айгүл Ахметованың айтуынша, Марксиана Мұхтарқызы  үш ұл мен бір қыздан сүйген немере-жиендері мен шөберелеріне ақыл-кеңесін айтып отырған ақ жаулықты әже.

– Әр жылдары мектеп директоры болып қызмет еткен. 1975 жылы  «Қазақ КСР Ағарту ісінің үздігі»  атанған. «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Балалары білім беру, құқық қорғау саласында еңбек етуде. Немерелерінің ішінде де ұстаздық қызметін таңдағандары бар. Ең үлкен немересі 35 жаста. Апамыз 1994 жылы   зейнеткерлікке шықса да ұзақ уақыт қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысты.  Май ауданының Құрметті азаматы, – дейді Айгүл Ахметова.

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий