Оқыту тәсілінің маңызы
Көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқан әлемде жаһандану үрдісін білімсіз елестету мүмкін емес. Себебі, қоғамдағы өзгерістер, жаңашыл істер білім беру жүйесіне тікелей қатысты. Бүгінгі ұстаздың басты міндеті-жеке тұлғаны қазіргі өмірге сай қалыптастыру, алған білімін өмірде орынды қолдана білуіне бағыттау.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандық жол – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында еліміз дамуының барлық стратегиялық бағыттарын жүзеге асыратын міндеттерді нақты көрсете келе, «…ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз, белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар» деген болатын. Еліміздің ертеңгі тірегі бүгінгі партада отырған оқушы болғандықтан да олардың денсаулықтары мықты болса, білім мен ғылымды игертетін және саналы азамат болып қалыптасуына ықпал ететін тұлға – ұстазы. Ал дамудың негізі білім мен ғылымға келіп тірелетіні белгілі. Осыған орай, жаңартылған білім мазмұнында тілдік дағдыларды, яғни айтылым, тыңдалым, оқылым, жазылым дағдыларын байланыстыра оқытудың маңызы оқушының жан-жақты қалыптасуына өте үлкен ықпал етеді. Оқу материалдарын оқушылардың дайындық деңгейлеріне қарай сұрыптап ұсыну, сабақтың типі мен түрін, оқытудың әдіс-тәсілдерін таңдау, мақсаттарды және күтілетін нәтижені анықтау, оқу біліктілігін жетілдіру мәселелері үлкен ізденісті қажет ететіні белгілі.
Қазақтың ғұлама ғалымы Ж.Аймауытовтың сабақ беру жайында айтқан «сабақ беру – жәй ғана шеберлік емес, ол жаңадан жаңаны танып білу» деген сөзінің маңызы өте мықты. Өйткені, бүгінгі оқыту жүйесінде баланың еркін сөйлеп, ойын ашық айтуына, тыңдай отырып, өз пікірін ортаға салып, ой бөлісуіне мүмкіндігі бар. Оқушымен жұмыс жүргізетін әр педагог қазіргі жаңалықтармен қаруланған, әдіс-тәсілдерді тиімді қолдана білуі керек. Өйткені, оқыту технологиясы мен әдістеме ғылымы бір-бірімен тығыз байланысты. Әдістеме ғылымы «нені оқыту керек?», «не үшін оқыту керек?», «қалай оқыту керек?» деген сұрақтарға жауап іздесе, оқыту технологиясы «қалай нәтижелі оқытуға болады?» деген мәселенің шешімін іздейді.
«Білім алу – батылдық, оны толықтыру – даналық, ал шебер қолдана білу – өнер» деген халқымыздың кереметтей сөзінің сындарлы оймен астасып, шынайы өмірді безендіріп тұрғаны анық. Сондай-ақ қазақ тілін оқытуда окушыларға тиянақты, сапалы да, саналы білім беру — мұғалімнің оқыту әдістері мен тәсілдерін шебер меңгеруі арқылы жүзеге асады. Бұл ретте тілдік қордың мол болуы аса маңызды рөл атқарады. Сонда ғана біз күткендегідей нәтижеге қол жеткізетінмізге еш күмән болмасы анық.
Гулсара МЫРЗАТАЕВА,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша
ПҚБАИ «мектепке дейінгі тәрбиелеу
және тұлғаны әлеуметтендіру» кафедрасының
аға оқытушысы.
Загрузка...