Абай атындағы ҚазҰПУ: Докторанттардың шеберлік апталығы

Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университет докторанттар мен магистранттардың білім алатын “ұлттық орталығына” айналған қазақтың қарашаңырағы екені баршаға мәлім. Бір ғана жаратылыстану және география институтының өзінде қазіргі кезде 110 докторант және 152 магистрант білім алады. Осындай контингентке ие болу – институт ұжымына үлкен жауапкершілік жүктейді! Сондықтан, сапалы білім берумен қатар, білім алушылардың кәсіби жетілуіне қажетті іс-шараларды көптеп ұйымдастыру қажет.  

Осыған ора өткен аптада жаратылыстану және география институтының бастамасымен “Докторанттардың шеберлік апталығы” ұйымдастырылды. Әсіресе, жастар үшін тағылымы мол апталықтың елімізде алғаш рет ұйымдастырылғандығын айта кету керек. Апталықтың мақсаты – докторанттардың өзара тәжірибе алмасуына жағдай жасау және жас зерттеушілердің ғылыми-зерттеу жұмыстарындағы белсенділігін арттыру болып табылады.  Апталық аясында үш іс-шара ұйымдастырылды. Атап айтсақ, «Ғылыми зерттеулерге жаңа көзқарас» атты вебинарлар, «Үздік мақала» байқауы және «Қашықтан оқыту – білімді цифрландырудың қозғаушы күші» тақырыбында үздік пост байқауы. 

Әйгілі Исаак Ньютон «Ғылымды танып – білуде ережеден мысал пайдалырақ» деп атап кеткеніндей, «Ғылыми зерттеулерге жаңа көзқарас» атты вебинарларларда Жаратылыстану және география институтының докторанттары кәсіби шеберліктерін өз зерттеу мысалдарында көрсете отырып, тыңдаушыларға зерттеу технологиясы мен әдістері, эксперименттік және экспедициялық жұмыстардың зерттеудегі алатын орны, білім беруді жетілдірудің қазіргі тенденциялары, зерттеу жұмыстарын жоғары халықаралық рейтингті журналдарда жариялау сияқты қазіргі ғылымның өзекті мәселелерін талқылады.

Апталық аясында өткізілген «Үздік мақала» және «Қашықтан оқыту – білімді цифрландырудың қозғаушы күші» тақырыбындағы үздік пост байқауларына институт докторанттары белсене қатысып, өзара мықтыны анықтады. Байқау қотытындысы бойынша «Үздік мақала» байқауының жеңімпаздары ретінде докторанттар: Искаков Ерлан (1 орын), Сәрсенова  Рабиға (2 орын), Иманғазы Анар (3 орын) және Үздік пост байқауының жеңімпаздары болып докторанттар: Абикбаев Ержан (1 орын), Әбілтаева Әсем (2 орын), Мустапаева Гүлшат (3 орын) танылды және олар дипломдар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал, вебинарларда баяндама жасаған докторанттарға Алғыс хаттар табыс етілді.

Жаратылыстану және география институтының директоры, профессор Каймулдинова Күләш Дүйсенбайқызының, аға оқытушы, PhD Лайсханов Шахисламның Ұзақбайұлының және академиялық лидер, PhD Алиасқаров Думан Тоқтарұлының бастамашылдық идеяларының практика жүзінде көрініс тапқан іс-шараларға 200-ден астам оқытушылар, докторанттар мен магистранттар белсене қатысып, 1 аптаға жалғасқан вебинарлар сериясында білім мен ғылымның қазіргі мәселелері төңірегінде қызу пікірталас тудыра білді. «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» – деп Ұлы Абай атамыз босқа айтпаған шығар. Жастардың ғылымға ден қоюы және олардың қазіргі беталысы – болашақтағы қазақ елінің озық елге айналуының кепілі болатыны сөзсіз.

Шахислам Ұзақбайұлы ЛАЙСХАНОВ,
Абай атындағы ҚазҰПУ, Жаратылыстану және
география институтының 
аға оқытушысы, PhD

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий