Үздік педагог туралы бір үзік сыр
Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың тағдыры ұстаздың қолында, – деп атап көрсеткендей, ұрпақ тағдыры үшін жауап беру ұстаз атаулыға үлкен салмақ салды. Жас ұрпақты арман жолына жетелейтін де, білімнің қия шыңына көтеретін де ұстаз. Білім кілті ұтаздың жарқын бейнесі мен білімдарлығы шәкірт санасында қалары сөзсіз. Өскелең ұрпақты биік мақсаттарға жетелеп, өз бойында бүкіл адамзаттық құндылықтарды жинақтаған, өзін – өзі дамытатын тұлғаны тәрбиелеп келе жатқан ұстаздардың бірі – Қарлыгаш СУЛЕЙМЕНОВА.
Ол алғашқы еңбек жолын 2002 жылы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде бастаған. 2011-2012 оқу жылынан Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Қызылтөбе лицейінде физика пәнінің мұғалімі және директордың шет тілдері жөніндегі орынбасары ретінде қызмет атқаруда. Кейіпкеріміз жоғары санатты, шебер-педагог өзін ұстаздық қызметке бар жан-тәнімен берілген кәсіби маман, бала тәрбиесінің қыры мен сырын жан-жақты зерттей білетін, еңбекке деген құштарлығы мол, көп ізденгіш ұстаз ретінде танытуда. Жұмыс барысында кәсіби шеберлік деңгейі, әсіресе оның аса жауапкершілігімен, өзіне деген талапшылдығымен, үнемі өзін-өзі жетілдіру және өздігінен білім алумен шыңдалған. Өзі сабақ беретін сыныптарда оқытудың жаңа заманға сай алдыңғы қатарлы технологияларын кеңінен қолдана біледі.
«Қыран – түлегіне қайыспас қанат сыйлайды, ұстаз – шәкіртіне талмайтын талап сыйлайды», – дегендей шәкірт бойындағы табиғи дарын ұшқындарын сөндіріп алмай, шығармашылық еңбек үстінде оған қанат бітіру, білімге шексіз құштарлық дәнін себу – Карлыгаш Амангелдіқызының қызметінің тағлымды өлшемі, ізденіс нәтижесі. Өйткені, қай ұстаз болсын оқушының жан дүниесін, психологиялық ерекшеліктерін терең зерделеу үстінде оқыту процесінің диалектикалық сипатын салауатпен саралауға, сөйтіп парасатты педагогика практикасын меңгеруге қол жеткізеді. Ұстаздық дарын үздіксіз ізденіс көрігінде шындалса ғана, мәуелі табыс тезірек тұлғаланбақ, оқушы санасында ұстаз қалдырған із ұзақ сақталмақ. Шығармашылық жаңа бір нәрсені жасап шығару, белгісіз нәрсені ашу болатын болса, оқушылардың шығармашылық, зерттеушілік қабілетін жан-жақты дамытып келе жатқан ұстаз. Бала бойындағы дарындылық қабілеттерін ашу, күш-қуатын жетілдіру шын дарынды екендігіне сендіру ұстаз шеберлігі екендігі баршамызға аян.
Ұлт көшбасшысының «Дарынды тұлға – халқымыздың ең қымбат байлығы» дегендей, дарынды балаларды білім нәрімен сусындатып, оқушыларды ғылыми-зерттеу жұмыстарына баулып, олимпиада жеңімпаздарын үздіксіз дайындауда, еңбегі шәкірттерінің бойына сіңірген еңбегімен бағалануда, шәкірттерінің жетістіктерімен көрінуде. Облыстық, республикалық және халықаралық кезеңдердің жеңімпазы болған оқушыларын атап айтар болсақ, «Зерде» ғылыми жобалар сайысының аудандық, облыстық кезеңінде 5-сынып оқушылары Сәрсенғали Олжас пен Теңдесбаева Жадыра бірінші орынды иеленсе, республикалық кезеңінде үшінші қатардан көрінді. Келесі оқу жылында 6-сыныптың оқушысы Сәрсенғали Олжас«Зерде» ғылыми жобалар сайысында облыстық кезеңде алғашқы үздіктердің тобынан табылып, республикалық кезеңде үштікке ілінді.
Республикалық КИО олимпиадасынан 8-сынып оқушысы Қалиева Гүлжазира ІІІ орынды иеленді. «Ғылым әлемін ашамыз» атты халықаралық ғылыми жобалар конкурсының ақтық кезеңінде Турпенбаев Бауыржан, Раджапов Мұқан, Қалдыбай Тәңірберген, Кемаллатдинов Әділ, Жетесов Қонай, Боранбай Әділбек, Джубатыров Нұрбек және Сәрсенғали Олжас жеңімпаз болған оқушылары. Сонымен қоса Ө.Жолдасбеков атындағы халықаралық ғылыми жобалар конкурсының жеңімпаздары Тыйылова Ақбота мен Жолдасбаев Бекарыс болды. Жаратылыстану-математика пәндер олимпиадасының аудандық кезеңінде 7-сыныптар арасында Байрамова Анельжан І орынды, облыстық кезеңінде І орынды, республикалық кезеңде ІІІ орынды иеленді және халықаралық кезеңнің қатысушысы болды.
8-сыныптың оқушысы Байрамова Анельжан 9-сыныптар арасындағы физика пәнінен Жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиаданың облыстық кезеңінде ІІ орын иегері және республикалық кезеңінде қатысушы болды. Физика және астрономия пәндері бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсында Жетесов Қонай мен Боранбай Әділбек ІІІ орынға, Сәрсенғали Олжас пен Джубатыров Нұрбек ІІ орынға ие болды. Физика және астрономия пәндері бойынша республикалық олимпиадаға Кульджанова Салтанат пен Калиева Гүлжазира, Нұрнепес Малика мен Наурызбай Сымбат қатысушы болса, Джубатыров Нұрбек І орынға ие болды.
Сулейменова Қарылгаш ұстазға тән қасиеттерді өз өміріне арқау етіп, барды бағалап, айналасындағы жандармен қарым-қатынасында да жоғары адамгершілік көрсете біліп, өз жұмысына, бала тәрбиесіне жаны ашып, асқан жауапкершілікпен қарай білгендіктен, адал да шынайы түрде өзі көш басында болып, үлгі-өнеге көрсетеді. Шешілмейтін, орындалмайтын іс-әрекет жоқ, оны орындау үшін ұлы Абай айтқандай «Ыстық қайрат, жылы жүрек, нұрлы ақыл қажет»,- деп білді. Оның «Үш тілділік білім беру – зияткер ұлтты қалыптастыруға жетелейтін жол» тақырыбындағы аудандық семинарда «Электр тізбектері. Өткізгіштерді тізбектей және параллель жалғау» 8-сыныпқа ашық сабақ және «Заман талабы – үштілділік» коучинг; “Үш тілде білім беру арқылы құзіретті тұлға қалыптастыру» тақырыбындағы облыстық семинарда «CLIL әдістемесінің ұстанымы (пәнді және тілді кіріктіріп оқытудың нәтижесі)» коучинг өткізді.
“Білім мазмұнын жаңарту жағдайында білім беру үрдісіне көптілділікті енгізудің инновациялық әдістері” республикалық вебинарға “Физика пәнінде көптілді меңгерудің инновациялық әдісін қолдану” мақала жариялады. 7,8-сыныптарға арналған физика пәнінен үш тілде анықтамалық облыс көлемінде таратылды. 2018 жылы физика, химия, биология және информатика пәні мұғалімдерінің республикалық форумында баяндама жасаса, былтыр «Оқушыларға физика пәнін меңгертудің жан-жақты әдіс-тәсілдері» тақырыбындағы әдістемелік көмекші құрал республика көлемінде бекітілді. «Мұғалім көп әдісті білуге тырысуы керек. Оны өзіне сүйеніш, қолқабыс нәрсе есебінде қолдануы керек», – деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, қазіргі заман талабына сай білім беру мәселесі сол қоғам мүддесіне сай болу керек.
Өз ісінің шебері ғана жоғары жетістікке жетеді демекші, ұлағатты ұстаз өзінің де түрлі сайыстарға қатысуының нәтижесінде талай мәрте топжарған болатын. 2015-2016 оқу жылында облыс бойынша математика және жаратылыстану пәндері мұғалімдеріне арналған ғылыми-әдістемелік жобалардың көрмесіндегі Бас жүлде. 2017-2018 оқу жылы мұғалімдердің «Жаратылыстану математика пәндері олимпиадасында» аудандық және облыстық кезең бойынша бірінші орын иегері. 2017 жылы ҚР Білім және ғылым министрінің физика, химия, информатика және биология пән мұғалімдерімен кездесуіне қатысып, облыс әкімінің «Білім үздігі-2017» сыйлығының «Үздік дарынды балалар жетекшісі-2017» аталымын иеленіп, 500 000 теңгенің сертификатымен марапатталды.
VІ математика, физика, информатика пәні мұғалімдерінің халықаралық шығармашылық байқауына қатысушы ретінде Алғыс хатпен марапатталды. Педагогтың бойындағы білімділік, жаңашылдық, ұйымдастырушылық қабілеттерінің жоғарылығы бағаланып, еңбектері елеусіз қалмады: 2015 жылы Нұр Отан партиясының Алғыс хаты мен Дарын ҚБО-ның және Маңғыстау ОББ Құрмет грамотасы (2016ж). 2018 жылы «Самұрық-Қазына» АҚ Компаниялар тобы бар өңірлердегі «Менің елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы Бас директорының, “Дарын” РҒПО директорының, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Алғыс хаттары. 2019 жылы ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасы.
«Үздік педагог-2020» республикалық байқауы биыл елімізде сегізінші мәрте ұйымдастырылды. Осы білім мен біліктілік бәсекесіне әріптесім Қарлығаш Амангелдіқызы да қатысып, аудандық және облыстық кезеңдеріндегі сынақтардан сүрінбей сәтті өткен соң республикалық кезеңнің жеңімпазы атағы мен төс белгісін иеленіп, 2 778 000 теңге сыйақы сертификатымен марапатталды. Кейіпкерімізге талмас қанат тілей отырып, биікке самғай бер дегім келеді. Бәсекега қабілетті шәкірттері білім шыңынан көрініп, жоғары жетістіктерге жете берсін!
Ғалия Сағымбайқызы ҚЫДЫРОВА,
Қызылтөбе лицейі директорының бейін
ісі жөніндегі орынбасары, Маңғыстау облысы
Мұнайлы ауданы