Мұғалім – қоғамның айнасы

“Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан”, – деп ұлы Абай атамыз айтқандай, ұстаздарымыз бізге әрдайым білім беріп қана қоймай, тәлім мен тәрбие беретін жан-жақты тұлғалар. Әр заман сол кезеңге сай өз ұстаздарын қалыптастырады. Ал енді қазіргі таңдағы мұғалім, яғни заманауи ұстаз қандай болу керек? Бұл жөнінде пікір сан алуан. Заман бір орында тұрмайды, соған сәйкес білім де ғылым да динамикада болатын, жылдам дамып отыратын үдеріс.

 

Осы себептен қазіргі таңда қоғамда өз ісіне шебер, кәсіби ұстаз болудың критерийлері мен талаптары артуда. Әдетте, мектепке мұғалім қажет болғанда, мектеп басшысы педагогтік немесе тиісті бейіні бойынша өзге де кәсіптік білімі бар, білім алушыларды және (немесе) тәрбиеленушілерді оқыту және тәрбиелеу қызметін жүзеге асыратын адамға тиісті талап қояды. Бұл заңнамалық талап. Одан бөлек, қазіргі кезде мұғалімдік дағдылар мен қабілеттер жаңаша сұранысқа ие.

Осы орайда, американдық бастауыш мектепте білім беру жөніндегі эксперт-жазушы, TeachHub, Bright Hub Education мен Western Governors University жобаларының авторы Джанель Кокс TeachHub.com сайтында ХХІ ғасырдағы шебер ұстаздың 15 «заманауи қабілетін» анықтаған: бейімділік (Adaptability); сенімділік (Confidence); коммуникативтілік (Communication); команда ойыншысы (Team Player); үздіксіз үйренуші (Continuous Learner); образдылық (Imaginative); көшбасшылық (Leadership);  ұйымдастырушылық (Organization); инновациялық (Innovative); міндеттілік (Commitment); интернет-онлайн басқарушылық (Ability to Manage Online Reputation); қатысу мүмкіндігі (Ability to Engage); технологияны түсінушілік  (Understanding of Technology); тоқтай алу, үзіліс жариялай білу (Know When to Unplug). Аталғандардың әлемдегі барлық мұғалімдер қауымына қатысты екені анық. Осыған сүйене отырып, Қазақстандық білім беру жүйесіне сәйкес заманауи ұстаз болудың келесідей талап-дағдыларын ұсынуға болады:

Бейімділік/икемділік: Цифрлық дәуірде мұғалімдер икемді болып, білім беру саласындағы барлық өзгерістер мен жаңартуларға тез бейімделе алу. Сенімділік: Әр мұғалім өзіне ғана емес, оқушыларына, әріптестеріне де сенімді болуы керек. Өзіне сенімді адам басқаларды сенімді болуға шабыттан-дырады, ықпал етеді. Коммуникативтілік/кері байланыс: Оқушылармен ғана емес, ата-аналармен, әріптестермен сөйлесе білу, ортақ тіл табыса алу-бұл өте маңызды. Академиялық белсенділік: Академиялық және ғылыми қоғамдастықпен әрқашан араласу, біліктілікті арттыру, кәсіби шеберлікті дамыту, мүмкіндігінше мұғалімдерге арналған конференциялар, семинарлар, вебинарларға қатысу.

Ұйымдастырушылық: Өз жұмысын, сабағын, сынып сағаттарын ұйымдастыра білу, зерттеулер көрсеткендей, ұйымдасқан мұғалімдер оқытудың тиімді ортасын қалыптастыруға ықпал етеді. Кез келген жерде ұйымшылдық сақтаудың маңызы зор. Интернет сауаттылық: Бүгінгі қашықтан оқыту кезеңінде мұғалімдердің барлығы дерлік онлайн түрде, желіде жұмыс істейді. Осыған байланысты арнайы сабақ өткізу мен тапсырма беру платформалары мен бағдарламаларын меңгеріп, іс жүзінде қолданады. Оқушылардың қызығушылығын тудыратын материалдар мен ресурстар таба білу. Бұл дегеніміз – оқытудың жаңа технологиялары мен қосымшаларын жаңартып отыру, тақырыпқа қатысты веб-парақшаларды қарап шығу, басқа мұғалімдермен байланыс орнату. Сондай-ақ мұғалімдер қандай әлеу-меттік желілерді қолдануға болатындығын және құпиялықты сақтай білуі керек.

Шығармашылық: Ұстаз қолдана алатын ең тиімді құрал – қиял. Мұғалім шығармашылықпен айналысып, оқушыларды оқуға тартудың ерекше, әрі қызық тәсілдерін ойластырып, құлшыныстарын оята білу керек. Оқушылардың белсенді түрде қоғамдық іс-шараларға, байқауларға, жарыстарға, олимпиада қатысуына үлесін қосып, атсалысу қажет. Тайм-менеджмент: Өз уақытыңды дұрыс ұйымдастыра білу өте маңызды. Оқушыларыңыз бен өзіңіздің жұмысыңыз үшін уақытты тиімді басқара білу керек. Ол үшін белгілі бір уақыт жоспарын құрыңыз. Егер уақытты тиімді пайдалана білсеңіз, күйзеліс, ашушаңдық, үлгермеушілік болмайды.

Көшбасшылық: Шебер мұғалім тәлімгер ретінде өз оқушыларына білім мен тәрбие беру жағынан да дұрыс бағыт беру керек. Себебі, олар Сізден үлгі алады. Оқушыларды ынталандырып, жетістікке жетелейтін де мұғалім. Ережеге бағынушылық: ҚР Заңдарының міндеттері мен талаптарын білу, мектептің ішкі жалпы ережелерін бұзбау, соларға бағына білу. Аталмыш дағдыларды мұғалім толықтай игере білсе, ең басты алғышарты бойында адамгершілік қасиеттері болса, онда нағыз заманауи, кәсіби шебер маман атанып, келешек ұрпаққа тигізер пайдасы зор болады. Себебі саналы, салиқалы ұрпақ тәрбиелеуде ұстаздың рөлі ерекше.

Әлия Ахмедияқызы ДАНИЯР,
№3 мектеп-гимназияның аға тәлімгері,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий