Баспасөз – 2021: Жақсы жаңалықтардың жаршысы
Отандық білім мен ғылым саласындағы жағымды жаңалықтардың жаршысы ретінде еліміздің барлық аймағына кеңінен тарап, оқырмандарының ойынан шығу жолында ізденіспен игілікті істі адал әрі абыроймен атқарып жүрген “Білімді ел – Образованная страна” республикалық газетінің шығармашылық ұжымын мен өзімнің бұрынғы әріптестеріме балаймын.
Себебі мен жас маман ретіндегі алғашқы еңбек жолымды мерзімді басылымның қырағы көзі саналатын корректорлықтан бастап, журналист аға буын өкілдерінің қолдау көмегімен басылымға қысқа мәтінде ақпараттар дайындау арқылы газет шығару жұмысына етене араласқан едім. Сол кездері бұқаралық ақпарат құралдарындаа қызмет атқарудың жауапты жүгінің қаншалықты ауыр екендігін түсініп, жұртшылық алдындағы талап пен талғамның салмағын сезіндім. Жинақтаған тәжірибем қазіргі педагогикалық еңбегімнің жемісті болуына негіз қалағаны да даусыз.
Қара сөздің қадірін білген әрбір қазақтың баласына тасқа басылатын газет пен журналдан бастап құнды кітаптар таптырмайтын рахани азық. Сондықтан барша педагогтер қауымы мектеп пен колледж және жоғары оқу орындарындағы жақсы жаңалықтарынан бастап, жемісті жетістіктерін әріптестерімен бөлісуі үшін жиі жариялайды. Тағылымды тәжірибелерін таратуға асығады. Біздің білім ордасындағы ұстаздарда негізінен осы газетті жыл сайын жаздырып алып, тұрақты оқуға дағдыланған. Мазмұны мол мақалаларын ақпараттық сайт пен апталық басылымның бетінен көргісі келеді. Осы уақытқа дейін біздің тарапымыздан жолданған бірде-бір материалымыз кері қайтарылып немесе жазылған хаттар жауапсыз қалған емес.
Ең бастысы әр апта сайын жазылған мекен-жайымызға үздей келіп тұратын газет бетіндегі мақалалар мен күнделікті жаңалықтармен толықтырылатын ақпараттық сайт арқылы республикамыздың әр аймағындағы педагогика саласының даму үдерісінен жедел әрі нақты хабар оқып отырамыз. Бәсекеге қабілетті білімді де білікті жас ұрпақ тәрбиелеуде аянбай қызмет атқарып жүрген мұғалім әріптестеріміздің бағындырған биік белестеріне қуанып, ардагер аға буын өкілдерінің өнегелі өмірінен үлгі аламыз.
Тәуелсіз мемлекетіміздің ақпарат айдынына желкен кергеніне алты жылдан асқан бірегей басылымның бағалы бастамаларын қалың көпшілік қуана қолдауда. Алдағы уақытта да оқырмандардың ойындағысын тың тақырыптармен тап басатындықтарыңызға сенім мол. Сондықтан біздің ұстаздар ұжымының біразы алдағы 2021 жылға жазылу науқанында осы газетке басымдық беруде. Тамырын тереңге жайған алып әрі бағаналы бәйтерекке айналғайсыздар! Бұл менің ғана емес барлық оқырманның ізгі тілегі деп білемін.
Жансая Бексейтовна АБДРАМАНОВА,
№ 44 мектеп гимназиясының қазақ тілі мен
әдебиеті пәні мұғалімі, Алматы қаласы, Түріксіб ауданы