Баспасөз – 2021: “Білімді ел” газетімен біргемін!

“Әуелі, газет халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды. Дүниеде не болып жатқанын көру жоқ, не сөйленіп жатқанын есту жоқ, өз пікірін айту жоқ.

Бүтін дүние жүзіндегі халықтар телеграмм, телефон, пошталардың арқасында бір-бірімен хабарласып, газет арқылы жұртқа жайып, бір үйдегі адамдардай сөйлесіп отыр. Дүниеде болып жатқан істер, сөйленіп жатқан сөздер – кімге пайдалы? Кімге зарарлы екендігін күні бұрын біліп, пайдалы болса, шаттанып, зарарлысынан сақтанып тұрады, – деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай елімізде бұқаралық ақпарат құралдарының алатын орны ерекше.

Еліміздің білім саласындағы шоқтығы биік басылымдардың бірі – “Білімді ел – Образованная страна” газеті. Газеттің тұрақты оқырманымын. Апта сайын газеттің әр санын асыға күтемін, әрі күн сайын газеттің сайты мен әлеуметтік желідегі жаңалықтарын үзбей оқып, жеке парақшамдағы оқырмандармен жедел бөлісіп отырамын. Еліміздегі білім саласының нормативтік – құқықтық актілері, білім жаңалықтары мен еліміздегі озық ойлы ұстаздардың инновациялық жұмыстары осы басылымда жарық көріп келеді. Заманауи түрде шығатын басылымның мазмұны, екі тілде жарық көретін мақалалары, әр түрлі айдарлары өте сапалы.

Әрбір ұстаз өзінің төл басылымдарына жазылуы тиіс деп санаймын. Өйткені еліміздегі барлық жаңалықтар мен реформаларды оқу арқылы, тәрбие сағаттары арқылы жеткізіп, өскелең ұрпақты дұрыс жолға бағыттайтын бірден – бір тұлға – ол ұстаз. Ұстаздың әрбір айтқан сөзі шәкірт үшін бұлжымас заң. Сондықтан да педагог өзінің мәртебесін өзі сақтап, соған лайық болуы ләзім. Педагог мәртебелі болуы үшін – үнемі ізденісте, шығармашылықта болуы аса қажет.

Ол өз білімін үнемі жетілдіріп, көп оқып, жаңалық пен инновацияға жақын болғанда ғана ұстаз деген атқа лайық болмақ. Ұстаздар қауымының жаңалықтарының жаршысы болып отырған “Білімді ел – Образованная страна” газетінің ұжымына шығармашылық табыстар тілеймін. Ойлы оқырмандар шоғыры көп болсын! Еліміздің білім саласы өсіп – өркендей берсін!

Шәрбану Толыбайқызы БАЕКЕЕВА,
Қазалы аграрлы – техникалық колледжінің
әдіскері, Қызылорда облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий