Білім мен тәрбие егіз ұғым
Еңбек тәрбиесі – барлық тәрбиенің қайнар көзі дейтін болсақ бала алған білімін іс жүзінде қолдана біліп, оны өмірмен, өзінің іс-әрекетімен күнделікті тіршілік қызметімен байланыстыра білгенде ғана өзіне де, қоғамға да пайдасын, жемісін береді. Осы орайда баланы еңбекке жастайынан үйретсек, баланың бойында еңбек тәрбиесі дұрыс қалыптасатыны белгілі.
Еңбек – адамның көркі, бақыты, қоғам байлығы. Қоғамда қабілетіне қарай еңбек ету әрбір адамның әдетіне, ең бірінші өмірлік қажетіне айналады. Ол үшін бұл үдерістердің тәрбиелік әсерін оқушылардың бойына сіңірудің алуан түрлі әдістемелерін қолданамыз. Педагогика теориясы мен тәжірибесінде 1884 жылдан бастап жас ұрпақты өздігімен еңбектену әрекетіне дайындауды жалпы білім беретін мекемелер арқылы шешуді ұйғарған. 1886 жылы Швецияның Соломондық әдісімен оқытылатын мектеп директоры Сант-Илер «Қол еңбегін оқыту негіздері» атты еңбек жазған. Ресейде 1901 жылы «Қол еңбегі мен сызу пәндерін оқыту» деп аталатын бағдарлама ұсынылып, онда жас ұрпақты еңбекке дайындау, кәсіби бағдар берілуі керектігі көрсетілген. Елімізде тұңғыш рет орыс-қазақ мектебі Жәңгір ханның бастауымен 1841 жылы Бөкей ордасында ашылып, онда еңбекке және қолөнерге баулу енгізілді.
Бірақ оқыту, тәрбиелеу мазмұны орыс халқының тәжірибесімен байланысты болды. Ыбырай ұстаз Алтынсарин 1887-1888 жылдары орыс-қазақ мектебін алғаш ашқанда сабақты еңбекке баулудан бастаған. Әдеби дерек көздеріне талдау жасай қарайтын болсақ, мынандай тұжырым жасауға болады: біріншіден, адамдар ұлы тіршілік иесі ретінде еңбек ету, материалды байлықтар жасау және өндіру қабілетіне ие. Адам бұл қабілеттерді пайдаланып тәжірибе жинамаса адамдық бейнесін жоғалтады, қатігездікке бой алдырады. Екіншіден, еңбек адам бойындағы адами қасиеттердің қалыптасуына ықпал жасап, оның ішкі дүниесін мінез-құлқын бағалауда негізгі өлшем ретінде қызмет етеді. Орта мектептің әрбір түлегі мектеп қабырғасынан тек ғылым негіздерін игеріп және ақыл-ойын дамытып қана қоймай, белгілі бір қолөнерді нақты меңгеріп шығуы тиіс. Бұл адамның адамгершілік дербестігінің бірден-бір шарты, сонда ол бір ғана кәсіпке таңылып қалмайды. Ағартушының бұл ойынан қазіргі таңдағы білім беру жүйесінің жаңартылған білім беру бағдарламасымен үндесетіндігін көреміз.
Қазіргі тарих пәні орта білім стандартынан бастап барлық деңгейдегі білім беру оқу орындарында міндетті оқытылу пәні екендігі баршамызға аян. «Қазақстан тарихы» пәнінің бағдарламасында бір ғана 5- сыныпта төмендегідей тақырыптар: Қазақстандағы ежелгі адамдардың өмірі; ежелгі адамдардың кәсібі (аң аулау мен терімшілік); ел территориясындағы тас дәуірінің тұрақтары; егіншілік пен мал шаруашылығының қалыптасуы; Ботай мәдениеті; қола дәуіріндегі Қазақстан: Қазақстан территориясындағы мыс пен қалайы металдарының кен орындары; қола дәуірі кезіндегі шаруашылық пен қоғамдық құрылыс тақырыптары қарастырылады. Осы тақырыптар төңірегінде оқушылар сабақ барысында зерттеу сұрақтары арқылы ізденіс жұмыстарын жүзеге асырады.
Мысалы: Қазақстан территориясында темірдің игерілуі тақырыбында зерттеу сұрағы: Темір өндіру адам өмірін қалай өзгертті? Сабақ жоспарында «Мәңгілік Ел» Ұлттық идеясының Индустрияландыру мен инновацияларға негізделген экономикалық өсу, Жалпыға бірдей еңбек қоғамы құндылықтарын тақырып арқылы енгізе отырып, еңбек етуге еңбек адамына деген жоғары құрмет қалыптастыру және қазақстандық отбасылар табысының тұрақты өсуінің, өмір сапасын жақсартудағы еңбектің ролін көрсету әрекеттері жүзеге асырылады. Сонымен қатар еңбекке баулу пәнімен пәнаралық байланыста өз нәжесін тиімді көрсетері хақ.
Көшпелі мал шаруашылығының қалыптасуы тақырыбында көшпелі мал шаруашылығы неліктен шаруашылықтың негізгі түріне айналды? Немесе Ботай мәдениеті Қазақстан территориясында металлургияның пайда болуы тақырыбында не себепті ботайлықтарды жылқыны алғашқы қолға үйретушілер деп атайды? деген сұрақтарды жан- жақты зерттеу арқылы ата –бабамыздың негізгі кәсібі мал шаруашылығын дамытуға, сол салада еңбек етуге деген көзқарастарын өзгертіп, оңды пікірлер қалыптастырады. Білім мен тәрбие – егіз ұғым. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы. Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі.
Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – еңбекқор ұрпақ еншісінде. Қазақстандық ұстаздың алдында тұрған басты міндет – тек қана білім, білік дағдыларын беріп қана қоймай, өскелең ұрпақты өз елін, өз жерін қадірлейтін елі үшін ерінбей емірене еңбек ететін ұрпақ тәрбиелеу. Оқушыларды еңбекке тәрбиелеу тек кешенді жүргізілсе ғана нәтижесін көрсетеді. Заманымыздың өзімізге еншілеген сауапты ісіне жауапты қарасақ нұр үстіне нұр болар еді.
Гүлнар Еділбайқызы АБУЛХАЙРОВА,
“Өрлеу” БАҰО АҚ филиалы Ақтөбе облысы
бойынша ПҚБАИ кафедраның аға оқытушысы