Үлгі болар танымал тұлға

Жуырда университетімізде филология факультеті журналистика мамандығының 1-ші курс студенттерімен «Үлгі болар тұлға» тақырыбында  онлайн кездесу ұйымдастырылды. Кездесу кешінің қонағы ретінде оңтүстік өңіріне танымал, ардагер журналист Данеева Шаһаризада Жорабекқызы арнайы шақырылды. Ардагер журналистпен кездесу онлайн форматта өткізілді. Шаһаризада Жорабекқызы қиындығы мен қызығы қатар жүретін журналист мамандығының сырларымен бөлісіп, өз тәжірибесінен әңгіме өрбітті.

Мектепте жүргенде-ақ еңбекқорлығымен көзге түскен ардагер апайымыздың есте қалар естеліктері мен қызықты сәттері көп-ак екен. Әрине, бір ғана кездесумен қаншама оқиғаны айтып, әңгімелеу біте салмайды. Өмірлік тәжірибесінде жарты ғасырға жуық журналистика саласында талмай ізденіп, қарымды еңбек етіп келе жатқан шығармашылық адамымен алдағы уақытта жастарымыз талай кездесу ұйымдастыруды жоспарлады. Болашақ жас тілшілеріміз де Шаһаризада Жорабекқызының әңгімелерін зейін қойып тыңдай отырып, өз кезегінде сұрақтар қойып отырды. Ардагер апайымыздың айтуынша, өзі 48 жылдан бері жергілікті газет редакцияларында, телеарналарда, радиожурналистика саласында әлі күнге дейін өнімді еңбек етіп келеді.

Шаһаризада апайымыздың ең алғашқы марапаты да ерекше есте қаларлық екен. Мектепте оқып жүргенінде мақта теріп жүріп, үздік мақташы қыз атанып, төсбелгімен марапатталған кездерін әңгіме арасында айтып өтті. Содан кейін студент атанған сәтінен бастап қазіргі кезге дейінгі жеткен жетістіктерінің өзі қаншама!?  Аудандық газетке тәжірибеден өтуге келген кіп-кішкентай ғана талдырмаш бойлы қыз қаншама қиындықтарды жеңіп, биік белестерді бағындыра білді. Шаһаризада Жорабекқызы ең алғаш аудандық газетке тілші боп орналаса жүріп, ауданға, облысқа аты таныс, белгілі журналистермен, ақындармен, жазушылармен талай жылдар қызметті бірге атқарған сәттерін қызыға еске алады. Талай елге сыйлы, танымал қызметте жүрген ақын, жазушы ағаларының ақылын тыңдай жүріп, тәжірибе жүзінде үйренген тұстарын мақтанышпен айтып отырады.

«Үйретері де, үйренері де көп танымал тұлғалар туралы талай сұқбаттар алып, газетке түрлі тақырыпта материал дайындаған кездердің өзі қандай еді. Сол кездегі газет редакцияларында істеген жылдардағы басшыларымыз азанда тапсырма беріп, түске дейін материал дайын тұрсын деп айтқанда, дер кезінде орындауға тырысатынбыз. Өзімізге міндеттелген жүктің қаншалықты ауыр екенін білсек те, намысқа тырысып уақтылы орындауды мақсат еттік. Өз кәсібімізге адал қарап, тереңнен ой жүгіртіп, үнемі шығармашылық ізденіс үстінде жүретінбіз. Жаңалықтың жаршысы боп жүретін тілшілер қауымының жұмысы оңай емес. Өмірлік тәжірибемде сондай жолдардан өте келе, сатылап көтеріле түстім. Еңбек жолындағы жетістіктерімнің баспалдақтары бірінен кейін бірі алға қарай сәтті жылжи түскен сайын менің де шабытым артып, өнімді еңбек етуді жөн көрдім.

Сол себепті әлі күнге дейін журналистика саласында қажырлы еңбек етіп келемін. Қазіргі жастарға айтарым да сол, үнемі ізденіс үстінде болып, талмай еңбектеніңдер, айналайындар. Берекелі еңбектің наны қашан да тәтті болмақ. Болашақта осы отырған студенттерден біздің ізбасарларымыз, мықты журналистер мен тілшілер шығады деп ойлаймын» деп сөз арасында студент жастарымызға ардагер апайымыз өз батасын да беріп үлгерді. Студенттеріміз түрлі сұрақтар қойып, өз мамандықтарына деген сенімнің биіктей түскендерін жасырмады. Шаһаризада Жорабекқызына ыстық ықыластарын білдіріп, жылы лебіздерін бір-бірімен жарыса айтып жатты. Алдағы уақытта да мұндай кездесулердің талайы болады деген ойдамыз.

Ләззат ТУРАБАЕВА,
М.Әуезов атындағы ОҚУ кафедра меңгерушісі,
Түркістан облысының Шымкент қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий