Жаңартылған білім мазмұны жағдайында қазақ тілі сабағында жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын қалыптастыру

Мамутова Гүлдариға Төремұратқызы

 

Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы міндет – өзінің өмірін жалғастырушы саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы, келешек қоғам тәрбиесі. Сол келешек қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл – парасаты мол, мәдени – ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу кезек күттірмейтін іс екені сөзсіз.

Қазақ халқы бала тәрбиесіне ерекше мән беріп, үлкен жауапкершілікпен қараған. Елінің болашағын ойлайтын Қазақстанның әрбір азаматы өз ұрпағының бойына адами, рухани құндылықтарды сіңіруі тиіс. Өйткені, бүгінгі таңда ұрпағымыздың азамат болып қалыптасуы барысында біз олардың жаhанданудың теріс ықпалдарына қарсы тұруын ескеруіміз қажет. Бұл жағдайда оқу-тәрбие жұмысының тиімділігі ата-ана мен мектептің өзара байланысынан көрінеді. Жасөспірім баланың санасына, сезіміне, түйсігіне, мінез-құлқына оң әсер ететіндей дәрежеде тәлім мен тәрбие беру ата-ананың ұрпақ тәрбиесіне деген жауапкершілігін және мұғалімнің білімі мен шеберлігін талап етеді.

Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 8 тамыздағы «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» №345 Заңының 15-бабына сәйкес әрбiр баланың бiлiм алуға құқығы бар және Қазақстан Республикасының бiлiм туралы заңдарына сәйкес оған тегiн бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім және конкурстық негiзде тегiн техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары бiлiм алуға кепiлдiк берiледi.

Сонымен қатар осы заңның 6-бабына сәйкес балалар мүддесiн көздейтiн мемлекеттiк саясаттың мақсаттары:

  • балалардың дене бiтiмi, интеллектуалдық, рухани және имандылық тұрғысынан

дамуына, олардың бойында елжандылық, азаматтық және бейбiтшiл сезiмдердi тәрбиелеуге, сондай-ақ баланың жеке адами тұлғасының қоғам мүддесi, мемлекет халықтарының дәстүрлерi, ұлттық және әлемдiк мәдениет жетiстiктерiне қол жеткiзуi үшiн мүмкіндiктерiн ашуға жәрдемдесу;

  • кәмелетке толмағандардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетiн

қалыптастыру жөніндегi нысаналы жұмысты қамтамасыз ету.

Білім беру саласында балалар мүддесін көздейтін мемлекеттік саясаттың мақсаттарын жүзеге асыру бойынша жүргізілетін жұмыстардың басым бөлігі білім беру үдерісі кезінде, яғни күнделікті сабақ барысында пән мазмұны аясында жүргізіледі.

Жаңартылған білім мазмұны бағдарламасына сәйкес білім беру үдерісін ұйымдастырудың басты ерекшелігі білім беру мен тәрбиенің бірлігі болып табылады. Бұл бағыттағы жұмыстарды білім беру мазмұны арқылы жүзеге асыруда оқу пәндері бойынша бөлімдер мен тараулардың мазмұны, оқу мақсаттары және оқу жаттығулары назарға алынады.

Осы бағытта 8-сыныптың қазақ тілі пәніне «Жасөспірім және заң» бөлімі  енгізілген. Аталған бөлімде «Жасөспірім физиологиясы», «Балалардың жас ерекшелігі», «Өзге елдер тәжірибесі», «Адам құқығы бала құқығын қорғаудан басталады», «Жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалануы», «Жасөспірім мінезінің қалыптасуы», «Ұлттық тәрбие» деген тақырыптар берілген.

«Жасөспірім физиологиясы» тақырыбы бойынша сабақ жоспарының үлгісі:

Осы сабақ арқылы жүзеге асатын оқу мақсаттары:

Т/А. 8.1.2.1 – әлеуметтік-қоғамдық, мәдени-тарихи тақырыптарға байланысты диалог, монолог, полилогтердегі (интервью, пікірталас үзінді) автор көзқарасы мен экспресивті-эмоционалды сөздердің рөлін талдау;

О. 8.2.6.1 -оқылым стратегияларын қолдану: комментарий жасау, іріктеп оқу, талдап оқу.

Бағалау критерийлері:

  • әлеуметтік-қоғамдық, мәдени-тарихи тақырыпқа байланысты айтылған автор көзқарасы мен экспресивті-эмоционалды сөздердің рөлін талдайды;
  • оқылым стратегияларын қолданып, комментарий жасайды;
  • мәтінді іріктеп оқиды, талдайды.

Ойлау дағдыларының деңгейі: білу, түсіну, қолдану.

Тапсырмалар:

Алдымен оқушылардың қызығушылығын ояту мақсатында «Бүкіл адамзаттың келешегі – жас жеткіншектердің қандай идеал негізінде тәрбиеленіп, қалай өсуіне, кемелденуіне байланысты» деген жазушы Ғ. Мүсіреповтің сөзі ұсынылады.

1-тапсырма: «Ойлан, жұптас, бөліс» тәсілі арқылы жазушының пікірі туралы жеке ойланып, жұпта, топта ой бөлісу.

Дескриптор:

Жазушы пікірінің мағынасын түсінеді;

Өз ойын жұбымен талқылап, топта бөліседі.

2-тапсырма: «PRES» тәсілі арқылы жасөспірім физиологиясы туралы мәтінді оқуда оқылым стратегияларын қолдану: комментарий жасау, іріктеп оқу, талдап оқу.

P- Position – Позиция: «Менің ойымша, …» немесе «Мен … деп санаймын» деген құрылымдарды қолданып,  мәтіндегі ойға қатысты өз пікірін айтып, көзқарасын түсіндіреді.

R-Resolution – Негіздеу: «Өйткені…» деген сөзден басталатын құрылымды пайдаланып, өз ойының пайда болу себебін, өз ұстанымының неге негізделетінін түсіндіреді.

E – Example – Мысал келтіру: Ойын «мысалы….» сөзімен жалғастырып, өз көзқарасын қолдайтын мәліметтер, фактілер мен дәлелдер келтіреді.

S – Summary – Қорытынды: Ойын «Сонымен (сондықтан, сөйтіп), мен … деп санаймын» сөйлемімен жалғастырып, өз пікірін жинақтап, қалай әрекет жасау керектігі туралы қорытындыға келеді.

Дескриптор:

Мәтінді іріктеп оқи алады, талдай алады;

Мәтін мазмұнын түсінеді;

Комментарий жасай алады.

Нәтижесінде оқушы баланың қоғамдағы, отбасындағы рөлі, жасөспірім физиологиясы туралы ақпаратпен танысып, өз пікірін айтуға, ойын мысалдармен, фактілермен дәлелдеуге, өмірмен байланыстыра отырып, қорытынды жасай білуге дағдыланады.

«Адам құқығы бала құқығын қорғаудан басталады» тақырыбы бойынша сабақ жоспарының үлгісі:

Осы сабақ арқылы жүзеге асатын оқу мақсаттары:

О. 8.2.7.1 – ғаламтор, энциклопедия, газет-журналдар, оқулықтардан алынған деректерді дәлел ретінде қолдану, авторына сілтеме жасау;

Ж. 8.3.1.1 – тақырып бойынша материал жинақтап, тезистік  жоспар құру [3].

Бағалау критерийлері:

  • ғаламтор, энциклопедия, газет-журналдар, оқулықтардан алынған деректерді дәлел ретінде қолданады, авторына сілтеме жасайды;
  • тақырып бойынша материал жинақтап, тезистік жоспар құрады.

Ойлау дағдыларының деңгейі: білу, түсіну, қолдану.

Тапсырмалар:

1-тапсырма.

Ата-ана, бала, тәрбие, құқық сөздерінің бір-бірімен мағыналық байланысын табу.

Дескриптор:

Сөздердің мағынасын түсінеді;

Бір-бірімен мағыналық байланысын анықтай алады.

2-тапсырма:

«Адам құқығы бала құқығын қорғаудан басталады» тақырыбында мәтін беріледі.

«Кубизм» әдісі бойынша оқулықтан алынған деректерді дәлел ретінде қолдана отырып, мәтін мазмұны бойынша талдау, авторына сілтеме жасау.

Кубиктің әр қырына сұрақтар мен тапсырмалар жазылады. Топтар кубиктің қай қыры түссе, сол  бойынша өздеріне берілген тапсырмалармен жұмыс жасайды.

1-қыры: баяндау (Мәтінде не туралы баяндалады?)

2-қыры: салыстыру (Қандай құжаттар туралы айтылған? Салыстырыңыздар.)

3-қыры: байланыстыру (Мәтіндегі ақпаратты өмірмен қалай байланыстыруға болады?)

4-қыры талдау (Бұл құжаттар не үшін қажет деп ойлайсыңдар?)

5-қыры: қолдану (Сен өз құқығыңды қорғай аласың ба?)

6-қыры: мысалмен дәлелдеу («Адам құқығы бала құқығын қорғаудан басталады» деген сөйлемнің мәні неде?)

Нәтижесінде оқушылар мәтінде берілген ақпаратпен таныса отырып, тапсырмаларды

орындау барысында оқушылар балалар құқығы туралы қабылданған құжаттармен танысып, құқықтық сауаттылығы қалыптасады, өз құқығын білуге, оны қорғай білуге бағыт алады. Өз ойын жүйелі түрде жеткізе білуге, мысалдармен дәлелдеуге машықтанады.

3- тапсырма:

Бала құқығын қорғау тақырыбы бойынша ғаламтордан қосымша ақпарат, материал

жинақтап, тезистік жоспар құру. Тезистік жоспарда мәтін бөлімдерінің тақырыпшалары мен азат жолдарының негізгі мазмұнына қатысты атаулар қамтылады.

            Дескриптор:

            Ғаламтордан тақырыпқа байланысты ақпарат таба алады;

            Мәтін бойынша тезистік жоспар құра алады.

Нәтижесінде оқушылар берілген бала құқығын қорғау тақырыбы бойынша қосымша деректер табуды үйренеді, тақырып аясындағы білім кеңейтеді. Өзіне қажетті ақпаратты іздеп, табуға машықтанады. Мәтін бойынша тезистік жоспар құруды меңгереді.

Осылайша, мектеп бағдарламасы бойынша берілген тақырыптарды оқу барысында бала өзіне қажетті маңызды ақпаратпен танысады, дүниетанымын кеңейтеді, өмірлік мәселелерді шешуге бағыт-бағдар алады, алған білімін өмірде пайдалануға мүмкіндік алады. Жаңартылған білім мазмұны бағдарламасында ХХІ ғасырда жеке тұлғаның қалыптасуына аса қажетті тақырыптар қамтылған. Пән бойынша білім мазмұнын игере отырып, бала өмірлік маңызы бар ақпараттармен толық таныса алады. Сабақ үдерісі кезінде жүргізілетін түрлі жұмыстардың жеке тұлғаның рухани дамуына, құзыреттілігін арттыруға ықпалы зор. Мектеп қабырғасында терең білім алған бала құндылықты бағалай білетін, білім мен еңбектің қадірін түсінетін, қасиет пен құрметтің мәнін ұғынатын, өзінің де, өзгенің де құқығын білетін, құрметтейтін азамат болып қалыптасады деп ойлаймын.

Мамутова Гүлдариға Төремұратқызы
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филилы Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ
Инновациялық білім беру және ақпараттық технологиялар кафедрасының аға оқытушысы
Педагогика ғылымдарының магистрі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий