Ұлық ұстаздың ұлағаты

Жақсы адам – елдің тірегі,
байлығы туған халықтың,
шапағын шашар үнемі,
көгінде тұрған жарық күн, – деп Фариза Оңғарсынова ұстаз туралы керемет жырлаған. Ұстаз… Оңашада отырып ұстаз туралы ойға кетсем, көз алдыма ақжарқын мінезді, ақ жүректі, жылы жүзді ұстаз бейнесі көрініп, мені қиялға батырып, еріксіз нұрлы естеліктерге жетелей жөнеледі…Ұстаз бейнесі – шәкірт үшін адамгершіліктің ең жоғары үлгісі. Ұстаздың лаулаған жалыны — әр жүрекке жылу сеуіп, нұр құятын қуаттың, өмірдің қайнар көзі. Абай Құнанбайұлының «Мұғалім – зор тұлға, ол күннің құдіретті сәулесі іспетті», – деп айтқаны да менің өмірлік ұстанымым.

Ұстаз  болу — екінің бірінің қолынан келмес, әрі аса үлкен жауапкершілікті қажет ететін жұмыс. Ы.Алтынсаринның «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады» демекші, мұғалім адамды тәрбиелейтін тұлға. Атасының баласы емес, адамның баласы болып қалыптасуына бар күшін жұмсайтын жан.  Сондай жанның бірі Ақмола облысының Целиноград ауданындағы Ы. Алтынсарин ауылының орта мектебінде қажырлы қызметін абыроймен адал атқарып жүрген физика және математика пәнінің мұғалімі Құдабаева Жұмабике. Жұмабике Алпысбайқызы 1962 жылғы ақпан айының 2-і күні Қостанай облысындағы Науырзым ауданында дүниеге келген. 1979 жылы орта мектепті үздік бітіргеннен кейін Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының студенттер құрамына қабылданып, осы жоғары оқу орынын 1984 жылы бітіріп шықты. Алғашқы еңбек жолын Қарағанды облысының Ақтоғай ауданындағы білім ордасында бастап, 2014 жылы отбасылық жағдаймен елордасына көшіп келгеннен кейін №68 мектепте мамандығы бойынша жұмысқа орналасты. 2016 жылы Ы. Алтынсарин ауылында жаңа мектеп ашылып, туған жеріндегі шәкірттерге дәріс беруін жалғастырды.

Ол ынтымағы мен бірлігі жарасқан отбасының ұйытқысы. Үш ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірген ардақты ана, немере баққан әзиз әже. Саналы ғұмырын білім саласына арнаған парасатты педагог отыз алты жылдық тәжірибесінде талай танымал тұлғаларға сапалы білім мен саналы тәрбие сіңірді. Бүгінгі шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі пәндік олимпиадалар мен математикалық бағыттағы әртүрлі жарыстардың жеңімпаздары. Демек жүздеген жүйріктердің бағындырған биік белесі майталман маманның ерен еңбегінің нақты нәтижесі. Ж.Құдабаева мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағытындағы республикалық “Өрлеу” курсының толық нұсқасы бойынша тағылымдамадан жоғары дәрежелі тәлімгер. “Ұлағатты ұстаз” төсбелгісінің иегері. 2017 жылы халықтық жәрмеңкеге қатысқан аға буын өкілі «Қиындығы жоғары деңгейдегі есептердң шешу жолдары» кітапшаның авторы. Бірнеше мәрте аудандық, облыстық білім бөлімі мен басқармалардың, әкімдіктердің Алғыс хат және Құрмет грамоталарымен марапатталған.

2018 жылы математика пәнінен облыстық ғылыми жоба бойынша Әбдірасыл Руслан жүлделі екінші орынды иеленді

Абу-ль-Фарадж ал-Исфахани: – «Ұстаз ізденгіш болуы,ойлай білуі, қандай істі болсын, бар ынтасымен атқара білуі керек», – дегенді ұстанып, жаңа ашылған мектепте, әр төңіректен жиналған ұл-қыздардың түрлі мінез-құлық ерекшеліктеріне қарамастан тағылымға толы тәжірибесіне сүйеніп, оқушыларды баурап алатын қадірлі қасиетімен көпшіліктің құрметіне бөленді. Математика ғылымына құрметін арттыру арқылы таңдаған мамандығының хас шебері ретінде  танылғаны тағы бар.  Шәкіртінің жетістігі – ұстаз мерейі  демекші, Ы. Алтынсарин аулының орта мектебінде жұмыс бастасымен шәкірттері білім шыңын бағындыра бастады.

Жүректе тұрар жалқы үнің,
жанымнан жалын жігер күт.
Ұстазым, сенің әр күнің,
әр сәтің тұрған бір ерлік!, – деп Фариза ақын осындай ұстаздар туралы айтса керек. «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан», – деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім мен тәрбие алған шәкірт өмір майданында қиындық пен кедергілерге мойымай күресіп, адалдықтың арқасында тек жетістіктің биік белесінен көрінері анық.

2020 жылы республикалық дарынды оқушылар олимпиадасына қатысқан Жұмағали Еркеназ Бас жүлде иегері атанып, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың Дипломымен марапатталды.

Жаһандану заманында бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші – білім деңгейімен өлшенеді. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр», – деген еді. Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату – әр пән мұғалімнің басты борышы. Ұлағатты ұстаздарымыздың қатары қалыңдап, мәртебелі мерейі үстем болсын! Өнегелі өмірі кейінгі буын жастарға үлгі болсын.

Айнур Хайруллаевна СЕКЕРБАЕВА,
Ы.Алтынсарин ауылының орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәніні мұғалімі, Ақмола
облысының Целиноград ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий