Қашықтан оқытудың білім ордасында ұйымдастырылуы
«Еркін елдің ертеңі – кемел білім мен ғылымда!»
Н.Ә.Назарбаев
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында 2012 жылы ашылған № 69 мектеп-гимназиясында Білім және ғылым министрлігінің, Нұр-Сұлтан қалалық Білім басқармасының қолдауымен және мектеп әкімшілігінің ұйымдастыруымен жаhанды әбігерге салған індетке қарамай, қашықтан оқыту жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Мектеп-гимназия ұжымы 2020-2021 оқу жылында қашықтан оқытуда оқушының терең білім алып, ақпаратты сапалы деңгейде меңгеруін қамтамасыз етуге бағытталған «Microsoft teams» интернет платформасы арқылы жұмыс жасауда. Жаңа оқу жылына дайындық барысында тамыз айында мұғалімдердің платформаны толықтай игеріп, жұмыс жасауы үшін шығармашылық топ құрылып, онлайн режимінде оқыту курстары жүргізілді. Аталған курсқа 171 мұғалім қатысып, олар қашықтан оқытуға бағытталған «Microsoft teams» платформасын жетік меңгерді.
Мектеп-гимназияда 3 129 оқушы білім алуда. Тамыз айында оқыту қашықтан жүргізілетіні ескеріліп, әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың 157 баласы компьютер (ноутбук) және роутерлермен қамтамасыз етілді. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен бекітілген шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин кезеңінде білім беру ұйымдарындағы бастауыш, негізгі орта және жалпы орта сыныптарының сабақ режиміне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, ата-аналардың өтініштері негізінде 1-4 сыныптардың оқушылары үшін 43 топ «кезекші сыныптар» жұмыс жасап, әр сыныпта 12-15 баладан 630 оқушы офлайн режимінде, 882 оқушы онлайн оқытылуда.
Оқушылар бір кабинетте оқиды, мектепке кіру кезіндегі дене қызуын өлшеу, кабинеттерді желдету, кварцтеу, ылғалды тазалау, әр уақыттағы үзілістер режимдері күшейтілді. Аралас форматта оқытуды ұйымдастырудың талаптарын сақтай отырып, кезекші топтағы оқушыларға пәндердің бір бөлігі қашықтан оқытылуда.
Орта буын мен жоғарғы сыныптарда 2 499 оқушы онлайн режимінде білім алуда. Сонымен қатар оқушылар түрлі сайттарға қосылып, пәндік олимпиадалар мен сайыстарға онлайн түрде қатысуда. Білім ордасында 23 мұғалім кезекші сыныптарда сабақ жүргізсе, 148 мұғалім оқушыларға қашықтан білім беруде. Біз үшін қашықтан оқытудың маңыздылығы – білім берудің біртұтас жүйесін құру арқылы оқушылардың білім деңгейін көтеру, қашықтан оқыту барысында олардың ғылыми, шығармашылық ізденістерін арттыру болып табылады.
Елбасы Н. Назарбаев «Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында», – деп ұстаздар қауымына үлкен сенім артқан болатын. «Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанымен, тарихтағы ұлы істің бірі» демекші, оқушыларға сапалы білім мен тәрбие берудегі еңбектеріне ерекше мән бергеніміз абзал. Себебі, мектеп – үйрететін орта болса, оның жүрегі – мұғалім!
Айнаш Батырғалиқызы ТЕМІРХАНОВА,
Нұр-Сұлтан қаласы №69 мектеп-гимназиясының
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі