Әдістемелік лайфхак: Жаңа заман мұғаліміне арналған цифрлы гайд

Бүгінгі күн оқытудағы өзгерістердің жеделдігін көрсетуде. Виртуалды сынып, мобильді оқыту, EdTech, электронды бағалау, жасанды интеллектті қолданатын интеллектуалды оқыту жүйелері – бұл терминдердің барлығы жаңа заман мұғаліміне таңсық емес. Цифрлы құралдар педагогтерд үшін оқу процесін тиімді ұйымдастыру және оқушылардың бойында ХХІ ғасыр дағдыларын дамытудың заманауи әдісіне айналып отыр.

Жаңа оқу жылы басталысымен Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде мұғалімдердің цифрлы мәдениетін қолдауға және дамытуға бағытталған «Әдістемелік лайфхак: Цифрлы гайд» жобасы қолға алынды. Бір ай бойы жоба спикерлері  – Зияткерлік мектеп мұғалімдері өз әріптестеріне онлайн-платформалар, пайдалы веб-сайттар, лайфхактар мен ұтымды шешімдерді таныстырып, олардың сабақта тиімді қолданылуын көрсетті. Microsoft Teams алаңында «MIRO, PADLET, LINOIT виртуалды тақталарымен қызықты онлайн сабақ», «Оқытуда EDMODO платформасын қолдану мүмкіндіктері,  «SOCRATIVE қосымшасы көмегімен бағалау және кері байланыс әдістері» «MOZAIC EDUCATION арқылы 3D презентация дайындау» және тағы да басқа тақырыптық атаумен вебинарлар сериясы ұйымдастырылды.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Педагогикалық шеберлік Орталығы тренерлері жоба бойы спикерлерге кері байланыс беріп, пікірлерін айтып отырды. Жоба аясында Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен эксперт мұғалім Жансәуле Максутова мини-оқулық құрастыруға негізделген Bookcreator.com сервисін ұсынды. Аталған сервис арқылы онлайн форматта өзіндік жұмыстарды не үй тапсырмасын орындату оқушылардың пәнге қызығушылығын арттырады. Оқушыларға шағын жобалық жұмысты, тақырыпқа қатысты проблемалық сұрақтар төңірегінде зерттеу жұмыстары нәтижесінде жинақталған ақпараттарды кітапшаға орналастыруға мүмкіндік береді.

Қосымша көмегімен құрастырылған шағын кітапқа тек мәтін түріндегі ақпарат қана емес, аудиожазбалар, бейнематериалдар, дайын презентацияларды енгізуге болады. Тіпті нұсқаулықты өз дауысыңызбен жазуға мүмкіндік бар. Қаласаңыз, бейнеңізді түсіріп те сала аласыз. Оқушы сервисте сурет те сала алады, бұл өз кезегінде оқушыларды шығармашылыққа баулиды. Конференциялар, семинарлар мен басқа да іс-шаралар тыңдаушыларының 75% -ы өз сұрақтарын қоюға батылдық танытпайды. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері Назерке Сағымбаева мен Альбина Абилова бұл мәселені шешудің жолы ретінде «Slido» платформасын таныстырды. Платформа спикер мен аудитория арасында үздіксіз өзара әрекеттесуді құруға мүмкіндік береді, бұнда әртүрлі сұрақтар түрін құруға мүмкіндік бар.

Әсіресе, мектептегі кездесулерді, семинарларды, конференцияларды дәстүрлі форматтан гөрі тыңдаушылар үшін неғұрлым көңілді және интерактивті форматына айналдыратын тамаша құрал. Станфорд Университеті, Лондон Университет Колледжі (UCL), Берклидегі Калифорния Университеті, Сингапурдағы Наньян Технологиялық Университеті сияқты алдыңғы қатарлы әлемдік университеттер бұл платформаны оқыту және басқа жұмыстарда сәтті пайдаланады. Топтық жұмысты ұйымдастыруға және қашықтан оқыту жағдайында оқушылардың іс-әрекетін әртараптандыруға мүмкіндік беретін «Lino» интерактивті тақтасы туралы  биология пәнінен модератор мұғалім Оксана Панина әңгімеледі. Linoit – бұл ақысыз онлайн-қызмет, ресурстарды пайдалануды бастау үшін сізге http://kk.linoit.com/ сайтында тіркелу қажет.

Тіркеуден кейін сіз өзіңіздің виртуалды тақтаңызды құруға кірісе аласыз. Бұл желілік тақтаның ыңғайлылығы – сіз оған әртүрлі ресурстар мен компоненттерді қоса аласыз, соның ішінде: стикерлер (мәтіндік жазбалар), видео фрагменттер, құжаттарға сілтемелер және тікелей құжаттардың өздері (Word, Excel, Pdf, Power Point). Бұл ресурстардың қарапайым интерфейсі тақтада тез бейімделу және барлық қажетті құжаттарды өңдеуді жеңілдетеді. Бұл  сервистің үлкен артықшылығы – ынтымақтастықтың барлық компоненттері бір тақтада, бұл өте ыңғайлы, көрнекі. Топ жұмысының кезкелген мүшесі осы ресурстарға қажетті түзетулер енгізе және осылайша тақтаның мазмұнын өзгерте алады.

Үнемі өзгеріп отыратын әлемде оқушыларды алға қойған мақсаттарына сәтті жетуге үйрету маңызды. Өзгеріп жатқан әлем біздің түлектерімізден бірқатар нақты құзыреттіліктердің болуын талап етеді, соның ішінде: өз бетінше білім алу қабілеті, сандық сауаттылық, шешім қабылдау, ұжымда жұмыс жасау дағдысы, стресске қарсы тұру, шет тіліндегі ғылымды белсенді зерттеу және түсіну қабілеті. CLIL (Content and Language Integrated Learning) – оқушыларға қажетті құзыреттіліктердің қалыптасуына әсер ете алатын стратегия. Мектептегі CLIL әдіснамасын оқыту бойынша шығармашылық топтың оқушылардың зерттеушілік дағдысын дамыту тәжірибесі жоба тыңдаушыларының үлкен қызығушылығын тудырды.

Ағылшын тілі пәнінен модератор мұғалім Бақтыгүл Сегізбаева топ мүшелерінің мұғалімдерге арнап жасақтаған онлайн-курсты таныстырды. Ресурстағы модульдер қатысушыны негізгі теориялық материалмен және тиісті мақалалар мен зерттеулердің сілтемелерімен танысуға шақырады,  кейін CLIL оқыту әдісі бойынша жаттығулар сериясын орындауға және сыныптағы тапсырмалар мысалдарымен танысуға мүмкіндік беріледі. 10 модульде тыңдаушылар көптеген қызықты видео сабақтардың үзінділерін, тақырыптық материалдар және Интернеттегі ресурстарға пайдалы сілтемелер таба алады.

«Әдістемелік лайфхак:Цифрлы гайд» жобасын іске асыру нәтижелері бойынша Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі облыс мұғалімдеріне арналған цифрлы форум ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Осы уақытқа дейін мектеп мұғалімі немесе институттың профессоры білімнің бірден-бір жеткізушісі, ал дәріс – оқушыларға ақпарат берудің  жалғыз тәсілі болып келді. Бүгінде кез келген ақпаратты ғаламтор беттерінен табуға болады. Интернет-кітапханалар, ғылыми зерттеулер, бейне және аудио материалдар барлық қолданушыға қолжетімді. Ал қазіргі заман сабағы – мұғалімнің монологы емес, пікірталас, зерттеу мен тәжірибе алаңы.

Шешім табуға және деректерді талдауға үйрену барысында оқушы алдыңғы қатарға шықса,  оқытушы лектордан жаттықтырушы және модераторға айналады. Ол жетекшілік етеді, ынталандырады, белсенді оқуға жағдай жасайды. Сол себепті мұғалімдердің кәсібилігіне қойылатын талаптар да артып келеді – енді оларға материалды аралап өтіп, таныс маршрут бойынша дәріс оқу жеткіліксіз. Олар заманауи оқыту әдістерін қолдана білуі керек – қазір бұл пәнді білуден гөрі маңызды. Жиырма бірінші ғасыр мұғалімі оқушыларға әмбебап дағдылар мен дағдыларды нақты мәліметтерге орналастыру арқылы дамытуға көмектеседі.

Гульнара ЕСМАГУЛОВА,
Орал қаласындағы Педагогикалық шеберлік
орталығы филиалының менеджер-әдіскері
Гульнара ДУСКАЗИЕВА,  Орал қаласындағы
физика-математика бағытындағы Назарбаев
Зияткерлік мектебі директорының орынбасары

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий