Баспасөз – 2021: Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі
Газет – сауаттылық пен эстетиканың жаршысы. Тіл ұстартып, адамға тәрбие беруші құрал. Технологияның дамыған заманында адамдардың бір жапырақ қағаз болса да руханиятын сақтап қалу үшін газеттің атқаратын қызметі орасан зор. Алдымен әлеуметтік желіге телміруден одан соң адамдардың робот болып кетуінен сақтайды.
Мұхтар Шаханов айтқандай: “Компьютербасты жарты адамдар” болудан арыламыз. Ұлтымыздың жанашыры Міржақып Дулатов “Баспасөз үлесі” тақырыбындағы ақаласында қоғамдағы баспасөздің атқаратын роліне жоғары баға беріп, Eуропа жұрты баспасөзге “алтыншы мемлекет” деп ат қойған десе,баспасөздің рөлі бүгінгі күні бұрынғыдан да артып төртінші билік атауына ие болып отыр. Міржақып бабамыз: «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор» деген екен. Бүгінгі күні қазақ баспасөзі қоғамның ілгері дамуына ұмтылыс жасап, тәуелсіздігіміздің тұғырын биіктету жолында қызмет атқарып келеді.
Сондай басылымдардың бірі республикалық деңгейдегі “Білімді ел – Образованная страна” білімділік, қоғамдық-саяси апталығы. Білім беру мекемелерінің қызметін айқындау, еліміздің осы саланы ілгері дамыту саясатын қолдау, озық тәжірибені насихаттауды мақсат еткен бұл апталықтың отандық педагогтерге танымал беделді үнжарияға айналғаны даусыз. Оған себеп бұл бағыттағы кәсіби газеттің әр санына қоса ақпараттық сайтында білім мен ғылым саласындағы соңғы өзгерістер мен жедел ақпараттар легімен толықтырып отырады. Тәлімгерлерге қажетті түрлі әдістемелік көмектер, жаңа заман талабына сай келетін инновациялық технологияларды пән сабақтарына тиімді пайдаланудың іс-тәжірибелері жиік жарияланып жүр. Сондай –ақ, қашықтан оқытудың қолайлы, қолжетімді, ыңғайлы форматтарымен де бөлісіп келеді.
Өзім осы басылымның тұрақты оқырманы ретінде бұл газеттің жаңашыл қырларын көріп, мектебіміздегі жас мамандардың кәсіби шеберліктерін шыңдауы үшін бір жылға жаздырып алулары арқылы әр санын үзбей оқулары қажеттігін ескертіп отырамын. Және олардың мәні мен маңызы зор мақалаларының сайт пен газетке жариялануына қолымнан келгенше редакция журналистерімен арада дәнекерлік танытып, пайымды пікірлерін әріптестерімен бөлісуіне мүмкіндік жасаудан жалықпаймын! Сөзімнің соңында бірегей басылымның ұйымшыл ұжымына шығармашылық табыс пен ойлы оқырмандарының саны арта тілеймін!
Сәуле Күнтуарқызы ЖҰМАБЕКОВА,
№80 мектеп-гимназиясы директорының ғылыми
әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары,
Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Төретам кенті