Атыраулық үздік әдіскерлер марапатталды

Атырау облысы білім беру басқармасына қарасты қалалық және аудандық білім беру бөлім әдіскерлері арасында “Үздік әдіскер” облыстық байқауы ұйымдастырылды. Екі кезеңнен тұратын қорытынды байқауға алдыңғы сынақтардан сүрінбей өткен аймақтың алты әдіскері қатысқан болатын.  

Байқаудың басты мақсаты: әдістемелік жұмысты ұйымдастырудағы барлық деңгейдегі әдіскерлердің инновациялық үздік жұмыс тәжірибесін анықтап, тарату және олардың кәсіби шеберлігін көтеру, қолдау; әдіскердің кәсіби шығармашылығын ынталандыру; білім жүйесінде әдіскерлердің жағымды әлеуметтік және кәсіби келбетін қалыптастыру, мәртебесін көтеру еді.

Байқаудың бірінші кезеңі сырттай өткізілді. Сайыс шартына сәйкес әдіскерлер портфолиолары мен байқаудың тақырыбына сай келетін бейнероликтерін сараптық бағалау комиссиясына алдын ала ұсынды. Ұсынылған материалдарда байқаудың мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес әдіскер жұмысының соңғы екі жылдық шынайы нәтижелерін көрсетуі міндеттелді. Үміткерлермен бетпе-бет ұйымдастырылған байқаудың екінші кезеңінде білім беру бөлімдеріндегі әдістемелік қызметті ұйымдастыру жобасын (үлгісін) таныстырды.

Жобаның өзектілігі, креативтілігі, нақты авторлық позиция мен тұжырымдық идеяның бар болуы ескерілетін бұл кезеңнен кейін қатысушылар «Әдіскер – мектепте» тақырыбында педагогтің күнделікті өмірінде кездесетін жағдаяттарға жауап берді. Байқаудың соңғы кезеңдерінде әдіскерлерге ұсынылған тақырыптар бойынша жеке әсерді, идеяларды білдіретін эссе жазу және соңғы айналымда теориялық біліктілігін анықтайтын тест тапсырмалары берілді.

Байқаудың нәтижесінде бойынша Атырау қалалық білім бөлімінің әдіскері Ләззат Жайшылыққызы Тулепова «Үздік әдіскер» атанды. ІІ орынды Құрманғазы аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Айжамал Қайырболатқызы Арыстанова, ІІІ орынды Индер аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Гүлнұр Темірғалиқызы Даутова иеленді. Байқаудың барлық қатысушылары Әдістемелік орталықтың дипломдарымен, Алғыс хаттарымен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Сонымен қатар қазылар алқасының құрамында сайыскерлердің кәсіби қызметіне баға берген «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау облыстық ұйымы» қоғамдық бірлістігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы байқаудың топжарған үш жеңімпазына республиканың емдеу-сауықтыру орындарына тегін жолдама табыстады. Аталмыш сайыс байқауға қатысып, тәжірибелерімен бөліскен әріптестеріміздің кәсіби өрлеуіне, шеберліктерін ұштауға үлкен көмек болды.

Нұрила Амангелдіқызы ҚҰЛБАЛИЕВА,
Әдістемелік орталықтың педагогикалық инновация
және менеджмент бөлімінің басшысы, Атырау облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий