Жаңартылған білім: Сипаттап жазуды дамытудың тәсілдері

Кіріктірілген білім беру бағдарламасының негізгі мақсаттарының бірі тұлғаны әлеуметтендіру, яғни әртүрлі ортада тиімді қарым-қатынас орнатуға қабілетті азаматтарды тәрбиелеу. Осы мақсатта әртүрлі үлгідегі қарым-қатынасқа қолдау көрсетілетін және бағаланатын, оқушылар өз ойын еркін білдіре алатын ынталандырушы және қолдаушы орта қалыптастырылып, коммуникативтік дағдылары дамытылуы қажет. Сондай дағдылардың бірі – жазылым дағдысы.

Жазылым  мәтіні  мақсатына қарай түрлі жанрда, стильде жазылады. Оқушы тарапынан шығармашылықты, ал мұғалім тарапынан   әдістемелік шеберлікті қажет ететін жазылым тапсырмаларынң бірі – сипаттау мәтінін жаздыру. Жазылым жұмысының сәтті шығуы ең алдымен сөздік қордың мол болуына тікелей байланысты. Сөздік қор – оқылым арқылы келеді. Оқылым – жазылым жұмысына дайындық кезеңі.    Жазылымалды жұмыстары көркем шығарманы зерттеу, яғни сипаттаушы құралдарды табу, түсіну, оларды өзіндік қолданысқа енгізу тәсілдері арқылы ұйымдастырылса тиімді болады.

Сипаттап жазуға сөздік қордың аздығы және оған қажетті  тілдік бірліктерді қолдана алмау жазылым сапасына әсер етеді.  Сондықтан көркем шығарманы зерттеп оқу арқылы  жазушының нәрсе мен сыртқы дүние құбылыстарын сезімдік (көбінесе көру) бейнеленуінде қолданған сипаттау тәсілдерін, тілдік бірліктерді анықтап, оның оқырманға әсерін бағалап, түсіну қажет. Сипаттау – оқырман не тыңдаушы ойында  белгілі бір образды елестету. Егер бір затты сипаттау қажет болса, оның екі тәсілі бар: жұмыс істеу ерекшелігіне  детальді техникалық түсіндіру арқылы  немесе оны қолданудан кейінгі зардабына назар аударту арқылы қауіпті не пайдалы  екенін сипаттау. Бірінші тәсілде экспозиция қолданылады, ал екіншісі – нағыз сипаттау.  Бұлар – Напалеон  Хиллдің аудиторияны өзіңе қарату үшін сипаттау кезінде ұсынған  әдіс-тәсілдері.

Ал сипаттап жазу оқырман ойында қарастырылып отырған нысанның бейнесін елестетуі тиіс. Мысалы, «…  шұбалаң құйрық, семіз торы атқа мінген.  Үстінен қыс киімінің бірі,  қалың күпіні тастамаған. Аяғында  саптама етігі бар. Басына киген тымағы да  қыс тымағы сияқты, қалың, ұзын  жүн  елтірі екен. Атын сипай қамшылап, сумаңдатып,  қатты аяңдатып келеді.  Денесі еңгезердей  болғанда, қалың киімі  онан сайын зорайтып,  молайта  түскен. Етігінің басы  атының қолтығынан аса салбырап келеді…» (М. Әуезов). Көз алдымызға аттың үзеңгісінен аяғы асып, өгіз аяңмен асықпай келе жатқан кейіпкер келеді. Осы үзіндіде  суреттелген құбылысқа  жазушының субъективті көзқарасы оны қызықты етеді. Ол кейіпкердің киімін, қимылын суреттеуден байқалады. «Аяңдатып келеді» күрделі етістігінің  алдына «қатты» сын есімін тіркестіру арқылы кейіпкердің қаншалықты баяу екенін байқатып қана қоймай, еңгезердей денесін зорайтып тұрған киімін елестету арқылы соншалықты ұсқынсыз кейпін танытады.

Сипаттау мәтінін жазуда синоним сөздерді қолдану  белгілі бір ойды толықтырып, нақтылап беру үшін  оқырман көз алдына сол оқиғаны дәл бейнелеп беру үшін аса қажет. Мысалы, Бұның әр жағындағы ішкі тайталас, тартыстың біреуін де Әзімбай айтқан жоқ(М. Әуезов). Үзіндіде ішкі келіспеушілікті дәл көрсету үшін синоним қызметінің ерекше екені анық байқалады. «Демежан бұл орысқа Абай көрсеткен ықылас, бейілді өзінің жүйрік зейінімен жақсы аңдаған еді (сонда). Ниетті білдіретін сөздердің қатарласып қолданылуы  кейіпкер көңілінің жай-күйін дәл сипаттауға мүмкіндік беріп тұрғаны хақ.

Құбылысты не затты елестетуде тағы бір ұтымды әдеби құралдардың бірі – теңеу. Мысалы, «Қарлығаш қанатының ұшындай боп үп-үшкір боп, самайға қарай тартылған қас жүрекке шабар жендеттің жебесіндей»(М. Әуезов). Қас пен көзі қиылған аппақ жүзді ару Тоғжан бейнесі көз алдымызда қылаң береді. Сипаттауда салыстыруды қолдану оны айқын әрі жарқын етеді. Салыстыру әдісінде антоним сөздерді қолдану ойды әсерлейді. Контраст әрдайым қызығушылық тудырады немесе барлығы салыстыру кезінде айқын көрінеді. Сондықтан сипаттау үшін антонимнің берері көп. Мысалы,  «Алқа-қотан тігілген қара ала үйлердің қалың ортасында бір-бір ақ үй жарық айдың қара су ішіндегі суретіндей жарқырай түседі (М. Әуезов). Көз алдымызға қараңғы түн де тігілген үйлерден ерекшелінген ақ үй  көз алдымызға елестейді. «Толықша келген, аппақ жүзді, қырлы мұрын, қара көз қыздың жіп-жіңішке қасы да айдай боп қиылып тұр (сонда). Сымбаты келіскен Тоғжан бейнесі аппақ жүзіндегі қара көздерімен ой-санамызда мен мұңдалайды.

Әртүрлі шырай формасындағы сын есімдерді өзара қиюластыру арқылы табиғатты тамаша сипаттауға болады. Бұл тәсіл де оқырманды елегізітіп, қиялын шыңдап, табиғат реңін сезінуге бағыттайды. Мысалы, «Сарғыш сәуле сұрғылт тартты. Тағы бір сәттен соң күңгірттеніп барып, қарақошқыл қызғылт реңге кірді. Көгілдірленіп барып, мұңды, қоңыр аспанның түн мұнарына жол берді» (М. Әуезов). Жазылымалды жұмысының – көркем шығарманы зерттеу, яғни сипаттаушы құралдарды табу, түсіну, оларды өзіндік қолданысқа енгізу – осындай  тәсілдері оқушы шығармашылығын шыңдап,  сипаттап жазу дағдыларын дамытады.

Айгуль МАНАБАЕВА,
Семей қаласындағы физика-математика
бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі, ШҚО

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий