Күй – қазақтың болмысы

Мұғалім дегеніміз – бұл мамандықты игеріп, диплом алған адам ғана емес, қиындықтарға қарамастан өзін осы қызметке арнаған жан. Менің өмірім мектеппен тығыз байланысты. Күнделікті шәкірттерімнің көңілді және жарқын жүздерін көру жаныма жылу сыйлайды.

Педагогтік еңбек жолымды 1991 жылы қаладағы № 1 Балалар музыка мектебінің ашылуынан бастадым. Содан бері де үзіліссіз отыз жыл бойы балалық шақтың ғажайып әлеміне еніп, шәкірт жүрегінің құпияларын ашуға ден қойып келемін. Олардың шығармашылық қабілеттерін қазақтың қасиетті аспабы домбырамын үйлестіріп, шабыттарына шуақ қосу менің басты міндетім деп білемін. Домбыра үйретуде сирек кездесетін әдіс-амалдар арқылы жас таланттардың тынысын ашуға болады. Ұлы күйшілердің күй үйрену тәжірибесін сақтай отырып, кейінгі ұрпаққа күйді бұзбай жеткізу – қасиетті борышымыз.

Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің: “Әнге әуес, күйге құмар бала жаны сұлу, өмірге ғашық болып өседі”, – деген сөзі үнемі жадымда жаңғырып тұрады. Өнер – тазалыққа, ұқыптылыққа, әсемділікке үйретеді. Баланың ой-өрісін арттырады. Өнер баланың өміріне тікелей әсер етеді. Мысалы, пианиноны ойнай алатын бала есепке жүйрік келеді, ал домбыра мен қобызды игерген жеткіншек қазақ тілі, тарих сабақтарын қиналмай оқиды. Сонымен қатар, күнделікті сабақтан шаршаған бала бір уақыт ән тыңдап, күй шертетін болса, жаны рахаттанып, ойы жинақталады.

Менің басты мақсатым – домбыра тартуды үйрете отырып, әрбір баланың шығармашылық даралығын қалыптастыру. Домбыра ұстаған әрбір оқушыны күйшілік өнерге жетелеу. Сазды да сырлы музыканың жасөспірімдер үшін пайдасы мол, ол баланың рухани жан дүниесін байытып, сезімталдыққа, нәзіктікке, қайырымдылыққа тәрбиелейді. Қобызда және қазақтың басқа да музыкалық аспаптарында орындалатын күйлерді былай қойғанның өзінде де, домбырада тартылатын күйлердің екі үлкен дәстүрлік сипаты бар. Яғни, ғасырлар бойы, екі үлкен тәсілдің күй үйрену тәжірибесінде қалыптасқанын көреміз. Мұндай әдістемелік тәсіл келе-келе бірнеше күйшілік мектептердің тармақтарын туғызды.

Ал, күйшілік мектептердің өзіне тән әдістемелік жүйесінің бар екеніне ешкім де дауласа алмайды, оған біздің күйлеріміз куә. Күй үйрену тәсілдерінің өте ерте заманда-ақ қалыптасқанын көрсететін айғақтардың бірі, домбыра тарту шеберлігіне тән атаулардың лексикалық мағынасының болуы. Қағыстардың сан түрлі атаулары, саусақ басу тәртібі, пернелердің, күй тарту шеберлігіне қатысты атаулардың түр-түрі жиі кездеседі.

Домбыра үйренудің кейбір бағыт-бағдарына тоқтала отырып, қазіргі таңда, күй үйренудің екі үлкен дәстүрлік сипатына аса мән беріп, қастерлеп үйренуіміз керек. Ғасырлардан бері келе жатқан бай тәжірибеге сүйене отырып, халықтық педагогиканың бір саласы күй үйренумен ұштастыра білуіміз керек. Домбыра тартуды үйрену оңай шаруа емес екенін онымен көп жылдар бойы шұғылданып келе жатқан ұстаздар жақсы біледі.

Бұрынғы кездегі дәстүрлі күй үйретумен, қазіргі күй үйретудің арасында көптеген айырмашылық бар. Әрине, бұрынғы аталарымыздың күй үйрену тәжірибесін одан әрі жалғастыру басты міндетіміз. Мысалы, XVIII-XX ғасырдағы ән-күй үйрену тәжірибесімен салыстырғанда жиырмасыншы ғасырдың соңында домбыра тартып үйренудің арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Құрманғазы мен Тәттімбет заманындағы шәкіртпен, қазіргі шәкірттердің дүние танымы, өмірге деген көзқарасы арасында зор өзгешелік кездеседі.

Арнайы музыка мектебі болғандықтан, шығармашылығымызды шыңдау мақсатында  оқушылармен бірге көптеген шет мемлекеттерге іссапарға барып, қазақ халқының музыкасын кеңінен насихаттап, жеңістермен оралдық. Бұл балалардың дүниетанымының кеңейіп, жан-жақты болуына игі ықпалын тигізуде.

Мұғалім үшін ең бастысы – халық шығармашылығын кеңінен насихаттау ғана емес, ең алдымен жас ұрпақты ұлттық дәстүрімізді құрметтеу рухында тәрбиелеу. Өйткені, халықтың дәстүрі қасиетті, оны қастерлеу әр азаматтың міндеті. Домбыра – бұл тек қана халық шығармашылығының көне құралы емес, ол тұтас философия, ежелгі көшпенділерден қазіргі заманға дейінгі музыкалық мәдениеттің айрықша белгісі. Ұлттық құндылығымыздың жауһары. Сондықтан да домбыраны үйрету дегеніміз – ұлт мұрасын заманамен астастырып, ұлттық рухты ұландар тәрбиелеу. Себебі, күй – қазақтың ұлттық болмысы.

Эльмира Барлыбайқызы ОМАРОВА,
№1 Балалар музыка мектебінің домбыра
аспабының мұғалімі, Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий