Кітапхана – руханият айнасы

Адамзаттың рухани қазынасы – кітап. Кітап бетінде ұлы ұстаздардың кемеңгерлік ойлары, даналық сөздері, мәңгілік өсиеттері, адамзат баласының ұлағатты сөздері жазылып қалады. Сол арқылы біз өткенге көз жіберіп, құнды мәліметтер жинаймыз. Ал сол тарихтың асыл қазынасын жинап, сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін орын – кітапхана.

Қазіргі кезде оқырманның талабын қанағаттандыру, рухани байлығы мен жалпы қабілетін дамыту және жоғары эстетикалық талғамын қалыптастыру міндеттерін іске асыруда кітапхананың алар орны ерекше.  Ұлттық сенім кеңесінің төртінші отырысында сөйлеген сөзінде: – Беделді халықаралық зерттеу қорытындылары біздің оқушылардың оқу сауаттылығы бойынша дағдылары жеткілікті деңгейде дамымағанын көрсетіп отыр. Сондықтан оқу мəдениетіне баулу, оқу сауаттылығын дамыту еліміздегі орта білім беру ісінің басым бағытына айналуға тиіс. Баланың оқуға деген қызығушылығы, қоршаған ортаны кітап арқылы тануы мектеп қабырғасында қалыптасу керек. Ал кітапхана оқушының сол ынтасын оятып, оны қызықты кітап əлеміне жетелеуі қажет, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар кітапхана жұмысын жаңаша бағытта жандандыру, жаңа әдебиеттермен, қазақ  тіліндегі  әдебиеттермен, әлем классиктерінің шығармаларымен толықтыру керектігін басты назарға алды. Осы бағытта ел Президентінің  сөзін «Өрлеу» БАҰО» АҚ Маңғыстау облысы бойынша филиалының  кітапхана ісінің маманы ретінде қолдаймын. Бүгінгі таңда мектептердің  кітапхана қорында жаңа түсімдер өте аз, кітапхананың негізгі қорындағы әдебиеттер ескірген, салалық әдебиеттер, жаңа мамандықтарға арналған оқу әдебиеті, мерзімді басылымдар жеткіліксіз. Жалпы білім беретін мектеп кітапханаларының жұмысын заман талабына сай ұйымдастыруда мектеп кітапханаларының жұмыс сапасын арттыруда кітапхана қызметі автоматтандырылса дейміз.

Оқырманның әдебиетке деген  қызығушылығың арттыру, оқырманға кітап оқуына басшылық жасауда «Кітапханалық сабақ» атты мектептерде үйірме-факультативтер есебінен  қосымша сағаттар қосылса дейміз. Кітапхана мамандарынан сапалы жұмысты талап ету  жұмыс сапасы үшін жалақысына қосымша ақы, үстемелер қарастыру, материалдық және моральдық көтермелеуді қажет етеді. Заман талабына сай оқырмандарға өркениетті қызмет көрсету – біздің міндетіміз. Қазіргі таңда кітапхананың  қоғамға қажетті ақпарат орталығы екендігін дәлелдеп, беделін көтеру – басты мақсатымыз.

Ақкүріш ӨТЕБАЕВА,
“Өрлеу” БАҰО” АҚ Маңғыстау облысы бойынша
филиалының  кітапхана ісінің бас маманы, Ақтау қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий