Әлеуметтік әріптестік – сала қызметкерлерінің еңбек құқықтарын тиімді қорғаудың кепілі

Ағымдағы жылдың қыркүйек-қараша айларында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының бастамасымен  аймақтардағы білім бөлімдері мен басқармалары, білім беру ұйымдарының жетекшілері және қаржыгерлерімен, кәсіподақ активімен бейне-конференц байланысы арқылы аймақтық вебинарлар өткізілді. Қашықтықтан оқыту жағдайында туындаған өзекті мәселелерді түсіндіру, сала қызметкерлерінің сауалдарына жауап беру мақсатында ұйымдастырылған онлайн жиындарда ҚР Білім және ғылым вице-министрі Б.Асылова мен Салалық кәсіподақ өкілдері сала қызметкерлерінің көптеген өзекті сауалдарына жан-жақты жауап берді. 

Бір айдан астам уақыт өткізілген онлайн кездесулерге еліміздің барлық облыстарынан 10 мыңға жуық сала қызметкері қатысты. Педагогтарды толғандырған сауалдар кезекші сыныптар мұғалімдері мен мектепалды даярлық топтарының  тәрбиешілеріне жалақы төлеу, оқу жүктемесі, педагогикалық шеберлік үшін біліктілік санатын беру, еңбек демалысына қоса берілетін сауықтыру жәрдемақысының төлемі, магистрлерге, сондай-ақ дәптер тексерген үшін қосымша ақы төлеу, ауылдық жерде тұрып, жұмыс істейтін сала қызметкерлеріне коммуналдық қызметтер өтемақысын төлеу және т.б. қатысты болды.

Білім және ғылым вице-министрі Б.Асылова вебинарларға қатысушыларға салада енгізіліп жатқан өзгерістерге, жаңалықтарға қатысты ақпарат берді. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап ғылыми-педагогикалық бағыттағы магистр дәрежесі бар мектеп мұғалімдеріне 10 АЕК көлемінде қосымша үстемақы тағайындалғаны белгілі. Бұл үстемақы не себепті тек мектеп мұғалімдеріне беріледі? Бұл сұрақ төңірегінде вице-министр төмендегідей түсінік берді.

 

«2020 жылдың қаңтар айынан бастап «Педагог мәртебесі туралы» Заң күшіне енді. Құжат педагогтардың құқығын қорғау, оларды әлеуметтік қолдауға бағытталған», – деді Б.Асылова. Осы тұрғыда, вице-министр магистр дәрежесінсіз жұмысқа қабылданбайтын  ЭЫЖД елдерінің озық мектептерінің тәжірибесін мысалға келтірді. Айтуынша, аталған жаңашылдық бізде орта білім беру ұйымдарына магистр дәрежесі бар ұстаздарды көптеп тартуға бағытталған.  

Б.Асылова вебинарларға қатысушыларға 2021 жылдан бастап әдістемелік кабинеттердің әдіскерлеріне ғылыми-педагогикалық бағыттағы магистр дәрежесі үшін 10 АЕК көлемде қосымша ақы, ал мектепке дейінгі және мектептердегі, сондай-ақ Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы дене шынықтыру пәнінің педагогтарына жалақыларына 1 БЛЖ (17697тг.) көлемінде үстемеақы төлену мүмкіндігі қарастырылып жатқаны туралы ақпарат берді.

Коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия екінші тоқсаннан бастап оқушылар саны 300 балаға дейін болатын қала және ауыл мектептерінің жұмысын дәстүрлі форматқа көшіру туралы шешім қабылдауына байланысты, вебинарлар барысында вице-министр аталған мектептердің қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.

2021 жылдың қаңтар айынан бастап аудандық және қалалық білім беру бөлімдерін басқару қызметі облыстық басқармаларға беріледі. Осы сұрақ төңірегінде педагогтарды толғандыратын көп сұраққа да жауаптар қайтарылды: Б.Асылова білім бөлімдері облыстық білім басқармаларына заңды тұлға мәртебесін сақтай отырып, өткізілетінін атап өтті.

– Бұл ретте, олар білім басқармаларына қарасты болады және оған есеп береді. Функцияларды берумен бірге бюджет қаражаттарын басқару құқығы да бірге беріледі, яғни қалалық және аудандық білім бөлімдерін қаржыландыруды басқару облыстық деңгейге көшеді, – деп хабарлады Б.Асылова.

Соңғы жаңалықтар аясында вице-министр онлайн жиындарға қатысушыларға ҚР Парламентінің сенаты 2020 жылға арналған республикалық бюджетке енгізілген өзгерістерді қабылдағанын жеткізді.

– Қазіргі таңда педагогтар жалақысыз қалатынына алаңдап, көптеген сұрақтар жолдауда. Педагогтардың жалақысы бойынша барлық міндеттемелер толық көлемде орындалатын болады. Бірде бір педагог, бірде бір өңір жалақысыз қалмайды. Аймақтарға республикалық бюджеттен қосымша қаражаттар жіберіледі, сондықтан барлық педагогтар өздеріне тиесілі қаржысын алады,- деді Б.Асылова. Бұл тұрғыда, ол елімізде ТЖ режимі енгізіліп, педагогтардың үйде болуына қарамастан қашықтықтан оқытуға барлық жағдайлар жасалғанын, бейнесабақтар дайындалғанын және т.б. шаралардың қабылданғанын атап өтті.

– Сонымен қатар жалақы бойынша барлық міндеттемелер 2020 жылдың басында қабылданған тарифтеуге сәйкес төленді. Егер бір аймақта сұрақтар туындаған жағдайда, Министрлік ол мәселелерге жылдам араласып, жауап қайтарып отырды. Соның ішінде, педагогтардың жалақы мәселесі ҚР Білім және ғылым министрінің тұрақты бақылауында, – деп қадап айтты Б.Асылова.

Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы А.Мұқашева әлеуметтік әріптестік аясында сала қызметкерлерінің көптеген мәселелерінің шешіліп жатқанын жеткізді. Вебинарға қатысушыларға Салалық кәсіподақтың атқарған жұмыстарына қатысты ақпарат берді.

– Салалық кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттарының бірі – сала қызметкерлері-кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау. Ағымдағы жылдың І жартыжылдығында Салалық кәсіподақтың мүшелік ұйымдарының құқықтық қызметтері білім беру ұйымдарындағы еңбек заңнамаларының орындалысына 1191 қоғамдық бақылау жүргізіп, 1093 түрлі заңбұзушылықтарды анықтады. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 54 кәсіподақ мүшесі жұмыстарына қайтарылды. Оның 3-і сот арқылы. 91 заңсыз жұмыстан шығарудың алды алынды. Жарты жылдың ішінде Салалық кәсіподақ ұйымдарының араласуымен сала қызметкерлерінің заңсыз ұсталынған немесе дұрыс төленбеген 653 893 331 теңге қаражаты қайтарылып берілді, – деді А.Мұқашева.

Салалық кәсіподақ басшысы онлайн жиындар барысында ҚР Заңнамаларының барлық талаптары тиісті деңгейде орындалу тиістігіне ерекше тоқталды.

– ҚР Заңнамаларының барлық нормалары мүлтіксіз орындалуы керек. Егер әрбір жұмыс беруші өз тарапынан заң нормаларын тиісті деңгейде орындаса, онда сала қызметкерлеріне қатысты бірде-бір заңбұзушылық болмайды, – деп қадап айтты ол.

Онлайн жиындарда сонымен қатар білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін кітапханашылар мен медбикелерге қатысты да көкейтесті сауалдар қойылды. Салалық кәсіподақ тарапынан бұл мәселеге байланысты Үкімет пен министрлікке хат жолданған. ҚР Білім және ғылым министрлігі де осы мәселеге қатысты тиісті жұмыстар жүргізуде. Салалық кәсіподақ өкілдері білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін аталған қызметкерлердің мәселесі оңтайлы шешілетініне сенім білдіреді.

Аймақтық вебинарларға ҚР БжҒМ бюджеттік жоспарлау Департаменті директоры Ж.Рахметова, ҚР БжҒМ СҚК педагогикалық кадрлармен жұмыс жөніндегі Басқарма басшысы А.Дүйсембаева,  Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Орта білім орталығының директоры М. Адамова  да қатысты.

1 айдан астам уақыттан бері өткізілген онлайн жиындарда сала қызметкерлеріне жан-жақты құқықтық көмектер көрсетіліп, үлкен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қатысушылар жиынды ұйымдастырушыларға алғыстарын жаудырып, мұндай кездесулерді жиі өткізіп тұру туралы тілектерін жеткізді.

Салалық кәсіподақ төрайымы жиынға қатысушылар атынан Білім және ғылым вице-министрі Б.А.Асыловаға вебинарларға қатысқаны үшін алғыс айтып, педагогтар игілігі үшін атқарып жүрген қызметіне табыс тіледі.

Онлайн кездесулер қорытындысы бойынша сұрақ-жауаптар жинағын шығарып, оларды аймақтардағы білім бөлімдері мен басқармаларына және әрбір білім беру ұйымдарына  жеткізу туралы шешім қабылданды.

Әлеуметтік әріптестік аясындағы мұндай жиындарды дәстүрлі түрде өткізу жоспары бар.

«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» ҚБ баспасөз қызметі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий