Жамбылдағы ең парасатты отбасы анықталды

Жамбыл облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы Департаменті «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі және облыстық білім басқармасының бірлесіп өткізген «Парасатты отбасы» облыстық байқауы өз мәресіне жетті. Екінші жыл қатарынан отбасы құндылықтарын насихаттауға арналған байқау жеңімпаздарын марапаттау салтанаты Тараз қаласындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінде өтті.

Байқауға түрлі салада қызмет атқаратын 9717 отбасы қатысқан. Өңірдегі бірегей байқау 2 кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңнен соң 432 отбасы іріктеліп, екінші кезеңге 144 жұмыс жолданды. Облыстық кезеңде үздік деп танылған 19 отбасы 11 номинация бойынша жеңімпаз атанды. Бұл отбасылар өздері ұсынған жұмыстарында байқау шартына сай қоғамның негізін қалайтын отбасы құндылықтарын насихаттау, отбасы мүшелері арасында бауырмалдық, қайырымдылық, достық қарым-қатынасты қалыптастыру, парасатты тұлғаны дамыту құндылықтарын әспеттеп, көрсете білген.

Байқаудың бас жүлдесі – «Парасатты отбасы» номинациясын Жамбыл ауданы Шайқорық орта мектебінің Әбілдаевтар отбасы иеленді. Тәжіғұл Әбілдаев облыстығы ең ірі кәсіпорын «Казфосфат» ЖШС еңбек етеді. Отбасында 4 бала тәрбиеленеді. Бауырмалдық пен қайырымдылық, бүгінгі күннің парасатты тұлғасын айқындау – Әбілдаевтар отбасының негізгі ұстанымы. Жеңімпаз отбасын Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Талғат Мамаев және ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департамент басшысы Әділхан Әшірбаев марапаттап, бағалы сыйлық ұсынды.

«Өндірістегі үздік отбасы» номинациясымен үш отбасы марапатталды. Алғашқысы – Шу ауданы Ш.Уалиханов атындағы орта мектебінің Үркімбаевтар отбасы. Отбасында 3 бала тәрбиеленеді. Бұл жанұяны «механизаторлар әулеті» деп атауға негіз бар. Себебі, 50 жылға жуық үлкен абыроймен атадан балаға бұл кәсіп жалғасып келуде. Кейінгілері Жамбыл ауданы Айша бибі орта мектебінің Сағымбековтар отбасы мен Меркі ауданы №44 орта мектебінің Хамировтар отбасы. Әр жанұяда 4 баладан тәрбиеленуде. Байқауға төрелік жасаған қазылар алқасының мүшесі, Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков отбасы мүшелерін жеңістерімен құттықтап, бағалы сыйлықтар табыс етті.

Келесі бір марапат отбасында 4 бала тәрбиеленіп отырған Байзақ ауданындағы Бейсенбаевтар мен 5 бала өсіріп отырған Жамбыл ауданындағы Қыпшақбаевтар отбасына бұйырды. Отбасылардың барлық мүшесі он саусағынан өнер тамған – шеберлер. Еңбек тәрбиесі арқылы жастар мен жасөспірімдерді елжандылыққа, туған өлкені қастерлеуге тәрбиелеу – отбасылардың ең басты ұстанымы болып табылады. «Шеберлер отбасы» номинациясы жеңімпаздарын Кәсіподақтың Біріккен комитетінің төрағасы Жанболат Орынбеков марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады.

Мұнан бөлек байқаудың қазылар алқасы үздік деп таныған жанұялар «Көптілді отбасы», «Үздік оқырман отбасы», «Интеллектуалды отбасы», «Шығармашыл отбасы», «Өнерлі отбасы», «Жомарт отбасы», «Саяхатшы отбасы» номинациялары бойынша диплом мен бағалы сыйлықтарға ие болды.

Перизат БАҚЫТ.
ЖАМБЫЛ облысы.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий