Ғалымдар коронавирустан 90 пайыз қорғайтын вакцина әзірледі
Ғалымдар коронавирустан 90% қорғайтын тиімді вакцинаны әзірледі, деп хабарлайды Би-Би-Си.
Pfizer және BioNTech әзірлеуші компаниялар бұл оқиғаны ғылым мен адамзат үшін ұлы күн деп атады. Клиникалық сынақтарға әлемнің алты елінде 43500 адам қатысып, оның еш жанама әсері болмады. Әзірлеушілер жаңа вакцинаны қараша айының соңында қолданып көрмек. Сол үшін жедел сертификаттау процедурасына өтініш беруді жоспарлап отыр. Клиникалық зерттеулердің соңғы сатысында қазір онға жуық түрлі вакцина тұр, дегенмен бұл – өзінің жоғары тиімділігін дәлелдеген бірінші вакцина.
Адамның иммундық жүйесіне вирустың генетикалық кодының бір бөлігі енгізіледі. Сөйтіп ол вируспен күресуге бағытталады. Алдыңғы сынақтар көрсеткендей, вакцина ағзада антиденелер және коронавируспен күресетін Т-лимфоциттердің пайда болуын ынталандырады. Вакцинаның екі дозасы үш апта арағыныда енгізіледі.
АҚШ, Германия, Бразилия, Аргентина, Оңтүстік Африка Республикасы және Түркиядағы клиникалық зерттеулер көрсеткендей, екінші екпеден соң 7 күн өткенде коронавирустан 90% қорғанысқа қол жеткізілді.