Дипломдық жобаға практиктер жетекші бола алады

Дипломдық жобаға жетекші ретінде практиктерді таңдауға болады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов айтып берді.

 

– Біз жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім деңгейі бойынша мемлекеттік жалпы білім беру стандартын өзгерттік. Енді дипломдық жобаларды жазуға немесе дайындауға жетекші ретінде практиктер тартылуы мүмкін. Бұл – ЖОО-лардағы өндіріс пен теориялық оқуды байланыстыруға көмектесетін маңызды өзгеріс. Сонымен бірге, біз жалпыеуропалық диплом қосымшасы білім алушыларға тегін беріледі деген норманы енгіздік. ЖОО-лар осы құжатты бергені үшін ақы алмауы керек, – деді М. Дәуленов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Одан бөлек, министрлік мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруда ЖОО-ларға қойылатын талаптарды көтерді. Гранттарды республикалық комиссия бөледі. Биыл мемлекеттік білім грантын орналастыруға 36 жоғары оқу орны жіберілмеді. Оның негізгі себептері – қате деректер беру, сапаның төмендігі және жұмысқа орналасу деңгейінің төмендігі.

– Білім беру грантының құны артты. Оны арттыруда министр оқытушылардың жалақысын көтеру міндетін қойды. 2020 жылдың бірінші қыркүйегінен бастап мемлекеттік ЖОО-ларда жалақы орта есеппен 210 мың теңгеге дейін, ұлттық жоғары оқу орындарында – 283 мың теңгеге дейін көтерілді. Біз сапасыз білім беретін жоғары оқу орындарын оңтайландыру бойынша да жұмыс істейміз. Жыл басынан бері 26 ЖОО-да кәсіби тексеру жүргізілді, жыл соңына дейін тағы бес ЖОО-да жоспарланған. Тексерулер қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізіледі. Нәтижесінде, биыл 5 ЖОО жабылды, екі ЖОО бойынша министрліктің бас лицензиядан айыру туралы қаулысы қабылданды, – дейді вице-министр.

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий