БҚО-да оқушыдан коронавирус анықталып, мектеп карантинге жабылды

Батыс Қазақстан облысында оқушыдан коронавирус анықталып, мектеп карантинге жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға Жәнібек ауданы Күйгенкөл ауылында болды. Осындағы мектептің 11-сынып оқушысының covid-19 жұқтырғаны белгілі болды.

Одан індетпен ауырған әкесімен қарым-қатынаста болған адам ретінде сынама алынған. Оқушымен байланыста болған үй ошағындағы екі адамнан алынған сынама оларда коронавирус жоқтығын көрсетті. Мектептегі 13 адамнан сынама алынып, тексерілу үстінде. Қорытынды дезинфекция жасалған мектеп карантинге жабылды.

Жәнібек аудандық ауруханасының бас дәрігері Сәуле Исмағұлованың айтуынша, ауру белгілері жоқ болғандықтан, оқушы амбулаторлық ем алуда. Қазіргі таңда ауруханада 25 төсектік жұқпалы аурулар бөлімшесі болса, онда 5 адам емделуде. Соның біреуі – аталған баланың анасы.

Көршілес Қазталов ауданынан ондағы аурухана күрделі жөнделіп жатқандықтан, бір адам осында емделіп жатыр. Жәнібек ауданында індет басталғаннан бері коронавирус жұқтырғандар саны 198-ге жетті. 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий