«Болашақ» бағдарламасына жұмсалатын шығындар жыл сайын 1,3 миллиард теңгеге үнемделеді

Биыл «Болашақ» бағдарламасына 27 жыл толды. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осы айтулы датаға орай бағдарлама түлектерімен және стипендиаттарымен кездесу өткізіп, біраз мәселелерді талқылады. Бұл туралы Асхат Аймағамбетов facebook-тегі парақшасында жазды.
 
1993 жылы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дарынды жастарды шетелде оқыту үшін халықаралық стипендия тағайындау туралы тарихи шешім қабылдады.
Сол уақыттан бері 14 мыңға жуық ел азаматы бағдарламаның стипендиаты атанды. Олардың 11 мыңы әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алып, бүгінде еліміздің дамуына үлес қосып жатыр.
Әр жылдары стипендия әлемдік экономикадағы жаңа сын-тегеуріндерге, еңбек нарығына және жаһандық білім беру кеңістігіндегі трендтерге сай түрлі өзгерістерге ұшырады. Бұл үрдіс әлі де жалғасын тауып жатыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақ» бағдарламасының дамуына ерекше көңіл бөліп келеді. Президент тапсырмасына сәйкес өткен жылдың соңында бағдарламаны тиімді іске асырудың барлық бағыттарына қатысты өзгерістер енгізілді.
Мәселен, ұсынылатын университеттердің тізіміне және оқу орындарына қойылатын талаптар қайта қарастырылды, дипломдағы орташа балл, яғни GPA-ны есептеу жойылды, себебі қазір барлық үміткерде шетелдік университеттен шақырту болуы керек.
Бұдан былай жекелеген санаттар бойынша квоталар болмайды, бұл үміткерлердің стипендияға теңдей қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін маңызды.
Енді тек ауылдық жерлердегі үміткерлер тілдік курстардан өтетін болады. Осы шешімнің арқасында «Болашақ» бағдарламасына жұмсалатын шығындар жыл сайын 1,3 млрд теңгеге үнемделеді. Қазір, қаласаңыз, ағылшын тілін ел аумағында да үйренуге болады.
Конкурстық іріктеу кезеңдері қысқартылды. Тәуелсіз сараптама комиссиясының құрамына қойылатын талаптар күшейді. Бұдан былай үміткерлерді іріктеудің барлық процесі және комиссияның барлық отырысы бейнеге жазылатын болады. Сондай-ақ, «электрондық үкімет» веб-порталындағы жеке кабинет арқылы үміткерлердің құжаттарын қабылдау процесі толықтай автоматтандырылды. Ал тестілеу енді Президенттік жастар кадрлық резервіне қабылдау тәжірибесі бойынша жүргізіледі.
«Болашақ» халықаралық бағдарламасының тиімділігіне талдау жасау ерекше назарды талап етеді. Біз Орталықтың жұмысын қайта қарастырдық. Бір жағынан штат санын қысқартып, оның жұмысындағы ашықтықты қамтамасыз еттік, шетелде орналасқан бірнеше өкілдікті жаптық. Екінші жағынан, Орталыққа жаңа функцияларды жүктедік. Мысалы, жыл сайын 500 ғылыми қызметкердің тағылымдамадан өтуін ұйымдастыру, үкіметаралық гранттарды берудің ашықтығын қамтамасыз етіп ұйымдастыру, «Қандастар» санаты бойынша гранттар беру бағдарламасын әкімшілендіру және жоғары оқу орындарына өз бетінше түсіп, шетелде білім алып жатқан азаматтарымыз үшін консультациялық қолдау көрсету мәселелері енді осы Орталыққа міндеттеледі.
Басқа да өзгерістер жетерлік.
Олардың барлығы түлектер Қауымдастығымен, стипендиаттармен және басқа да мүдделі тараптармен алдын ала талқыланды. Бастысы, бұл оң өзгерістердің барлығы Орталық атқаратын жұмыстың тиімділігін арттыруға бағытталған.
Жалпы «Болашақ» халықаралық стипендиясы қай жағынан қараса да инвестицияны тиімді жасаудың үлгісіне айналды. Бұл – еліміз үшін өте маңызды жоба.
«Болашақ» бағдарламасы арқылы біліктілігі жоғары хирургтарға, инженерлерге, педагогтерге, IT-мамандарына, ғалымдарға және тағы басқа сала бойынша жемісті еңбек етіп жатқан мықты мамандарға қол жеткіздік. Бүгінгідей құбылмалы әлемде мемлекеттің табысты дамуы үшін адам капиталы мен мамандарды даярлау ісі үлкен рөл атқарады.
Тағы да мереке құтты болсын, достар!
 
Асхат Аймағамбетов,
Білім және ғылым министрі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий