Онлайн сахнада – неміс тілі

«Сахнада неміс тілі» атты VI жастар театры фестивалінде Қызылорда қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің өнерлі тобы «Ең үздік бейнеконцепция» номинациясында ерекшеленді.

Фестивальге жас әртістер неміс классигі Гетенің шығармашылығынан танымал баллада – «Эрлкениг» туралы бейне фильмін ұсынды.

– Біз мазмұнын сәл өзгертіп, бүгінгі қоғамға сай бейімдедік. Түпнұсқада басты кейіпкер зұлым рухтың әсерінен қайтыс болса, біздің ұсынған сценарийде әлеуметтік желілер мен жалқаулықтың жас ұрпаққа әсері және оны пайдаланушылардың қоғамнан алшақ кету себептерін көрсеттік, – дейді ананың рөлін сомдаған 12-сынып оқушысы Ксения Терзапуло.

Авторлардың айтуынша, фильм заманауи жастардың проблемаларын және ғаламторға тәуелді болудың артықшылықтары мен кемшіліктерін баяндайды. Сонымен қатар, оқушылар көрермендерге пандемия кезінде аурудан қалай қорғану керектігі туралы бірнеше кеңестер береді.

– Фестивальдің талаптарына сәйкес фильм қашықтан әзірленді. Түсіру барысында әртістер жеке онлайн жұмыс жасады. Әрқайсысы өз рөлін ойдағыдай ойнап қана қоймай, кадрды түсіру мен орнын ойластыруда креативтілігін байқатты. Мазмұны толыққанды фильм болу үшін кейіпкерлер арасындағы байланысты шебер көрсете білу қажет болды, – дейді топ жетекшісі, неміс тілі мен әдебиеті мұғалімі Анар Пірмаханова.

Ұйымдастырушылар атап өткендей, қызылордалық зияткерлер ұсынған фильм өте әсерлі болды. Балалар өз рөлдерін сенімді және кәсіби деңгейде ойнап шықты. Кейіпкерлер костюмдері, тақырыптық декорация және ормандағы мистикалық көріністер бір-бірімен үйлесімді болды. Дауыс беру нәтижесінде оқушылар жұмысы «Ең үздік бейнеконцепция» аталымында жеңімпаз атанды.

Қызылордадағы NIS білім алушылары – Гете институты өткізетін «Сахнадағы неміс тілі» жобасының жыл сайынғы белсенді қатысушылары. Мектеп қабырғасында неміс тілінен алған білімдерін оқушылар осындай феставаль аясында өткізілетін воркшоптар, шеберлік сыныптармен сабақтастырып жетілдіруде.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий