NIS оқушылары қазақтың біртуар жазушысы Дулат Исабековпен кездесу өткізді

Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары мен ұстаздары «Біз соғысты көрген жоқпыз», «Әпке», «Аққу», «Ащы бал», «Дермене», «Тіршілік», «Қарғын» туындыларының авторы Дулат Исабековпен онлайн-кездесу өткізді.  

 

– Ең алғашқы әңгімені 3 курста, тіпті 1 курста жаздым десе болады. Өйткені, кітаптарды көп оқыдым, әсіресе Гончаровты. Соның әсерінен біраз әңгімелер жаздым. Оның бәрі ұнамады. Кейін әңгімелерім басыла бастады. Ең алғашқы басылғаны – «Жолда» әңгімесі. Одан кейін жазылған «Шойын-бұлақ» «Лениншіл жастың» 3 нөмірінде шықты, – деп Дулат аға өзінің сөзін бастады. 

Дулат аға өзінің бастан кешірген қызықты оқиғалары мен кітап жазу барысында қандай қиындықтарға тап болатынын, кейіпкерлер образдарының қалай жасалатынын айтты. 

Бұлардың арасында оқушылардың ерекше назарына түскені − жазушының бар қазаққа танымал «Гаухартас» фильмі мен «Қарғын» романы. 

Тыңдаушыларға «Қарғын» романындағы басты кейіпкер Жасынның прототипі болған жазушы, сыншы Асқар Сұлейменовтың романға деген пікірі, көзқарасы қызық болды. Ол туралы жазушы былай деп жауап берді: 

– Асқар Сүлейменовпен талай бірге жүрдік, араластық. Ол кезде бірге «Жұлдыз» редакциясында жұмыс істеп жүрген кезіміз: ол «Сын» бөлімінде, мен «Прозада». Кітап баспадан шыққаннан кейін бейсенбі күні кітапты құшақтап, кабинетіне бардым, кітапты бердім. Уақыт өтеді. Ол кісі болса кітап туралы ештеңе айтқан жоқ. Болмаған соң «Қарап шықтыңыз ба?» дедім, «Шықтым» деді. «Қалай екен» деп сұраймын, ол кісі «Шик!» деді. «Тарқатып айтсаңыз» деп мен де болмаймын – «Агата Кристиді оқығандай бір күнде оқып шықтым» деді. Асқар Сүлейменов детектив жанрын жақсы көретін еді.  

Қазіргі таңда дара жазушы өзінің «Бөрте» атты трагедиясын жазып аяқтаған екен. Енді оны компьютерлік баспаға бермек ойы бар. Бөрте – әйгілі Шыңғысханның әйелі, қазақ қызы, төрт ұлы Еуразияның жартысын билеген ұлағатты ана. Жазушы қазақ тарихында Бөртенің алар орны ерекше екенін айтты. 

Мектептің оқушылары мен қызметкерлері қатысқан кездесу мардымды, әрі қызықты өтті. Мектеп директоры Қаракөз Ізбасарқызы Дулат ағаның тамаша сұхбаты үшін алғысын білдірді. Мектептің барша ұжымы асқардай ағамызға денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледік. 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий