“Қайырымды қоғам” байқауында топ жарды

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенті Диляра Надырханова “Мен жастарға сенемін!” VIII Республикалық жастар форумы аясында ұйымдастырылған “Қайырымды қоғам” студенттік қайырымдылық жобалар байқауында топ жарып, бас жүлдеге ие болды, деп хабарлайды egemen.kz

Жеңімпазға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 1 жыл тегін оқу білім гранты тағайындалды.

Диляра Надырханованың белсене атсалысуымен “Қайырымды қоғам” атты челлендж аясында Қыздар университетінде ізгілікке негізделген акциялар мен іс-шараларды өткізу қолға алынды. Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына орай ҚазҰУ-дан бастау алған игілікті іске ұлағат ұясы атанған ҚызПУ-дың білім алушылары жан-жақты қолдау көрсетіп, жалғасын табуда.

Қазіргі күнде оқу орны студенттерінің бастамасымен қайырымдылық жәрмеңкелері тұрақты түрде ұйымдастырылады. Іс-шараның басты мақсаты – университет ұжымы мен студенттерінің санасына мейірімділік, сүйіспеншілік, қайырымдылық сияқты ізгі ұғымдарды қалыптастыру. Сонымен қатар, әлеуметтік жағдайы төмен жеткіншектерге көмек көрсету, оларды рухани тұрғыда қолдап-қуаттау. Дана халқымызда “қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің” деген ұлағатты сөз бар. Қайырымдылық – ұлтымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. “Жанашырлыққа жан риза” дегендей Қыздар университетінің студенттерінің көмекке мұқтаж жарымжан азаматтарға қамқорлық көрсетіп, жүрек жылуын ұсынуы һәм сауабы мол іске атсалысуы – көпке үлгі болатын игілікті іс деп білеміз. Әлеуметтік әділдік, теңдік, өзара сыйластық пен қамқорлық туралы ниетті тек қана мемлекет емес, азаматтық ортаның өзінің көтеруі – қоғамымыздың кемелденгенін, жаңғырғанын көрсетеді.

Сонымен қатар Қыздар педагогикалық университетінің екі студенті “Мен жастарға сенемін!” VIII Республикалық жастар форумы аясында ұйымдастырылған байқаулардың лауреаты атанды.

Атап айтқанда, Аяла Нұржаубекова “Sanaly urpaq” парасаттылықты дамытудағы үздік жобалар байқауында “Патриоттық тәрбие” аталымы бойынша, Ақбаян Солтан “Мен өз елімнің гүлденуі үшін не істей аламын?” студенттік эссе байқауында “Азаматтық рух” аталымы бойынша лауреат атанды.

Номинация иегерлері мен байқау жеңімпаздары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында өтетін бір апталық “Көшбасшылар мектебіне” тегін жолдама сертификаттарымен марапатталды.

 

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий