Алматыда «Шыңғыз хан» кітабының таныстырылымы өтті

Алматыда Ержан Исақұлов пен Зәріпбай Оразбайдың «Шыңғыз хан» кітабының тұсаукесері өтті. Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтында өткен шара Алтын Орданың 750 жылдығы аясында қолға алынып отыр. Кітап қазақ және орыс тілдерінде басылған, деп жазды egemen.kz

Шараны ашып жүргізген Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов кітаптың маңыздылығына тоқталды.

– Шыңғыс хан әлем тарихына өзгеріс алып келген үлкен империяның негізін қалады. Қазақстан аумағында 600 жылдай сол бабамыздың ұрпақтары биледі. Кеңес Одағы тұсында екі мың жылдық тарихымыздан қол үзіп, араға біраз ақтаңдақтар түсіп кетті. Міне, бұл кітапта қазақтың тамырының тереңде екені, Шыңғыс ханның біздің ұлтпен тікелей байланысы бар екені, басқа да маңызды мәліметтер баяндалады. Ержан ағамыз тарихшылар мен ғалымдардың қолына жетпеген деректерді тауып, осы керемет еңбекті жазып шықты. Зәріпбай Оразбай ағамыз да кітаптың жазылуына елеулі үлес қосты. Біз осы кітапты оқып, ондағы деректерді сіңіріп, ізімізден ерген жастар мен жас ғалымдарға ұсына білуіміз қажет, – деді Зиябек Қабылдинов.

Кітап авторы Ержан Исақұловтың айтуынша, бұл кітап моңғол дәуіріне дейінгі және кейінгі кезеңдердегі Еуразия тарихы бойынша сенімді дерек көзінің бірегейі саналатын Рашид ад-Диннің  «Жамиғ ат-тауарих» еңбегінің заңды жалғасы іспетті.

– Шыңғыс хан мен одан тараған ұрпақтардың Тынық мұхиттан Орталық Еуропаға дейінгі аралықта құрылған алып империя Еуразия тарихын геосаяси және  геомәдени өзгерістерге ұшыратты. Моңғол дәуірі, постмоңғол дәуірі тарихы мәселелеріне арналған әр түрлі тілде жазылған сансыз еңбектерге қарамастан, тарихының көптеген қырлары, империяның этно-демографиялық құрамы, тұлғалар рөлі және геосаяси мұра мәселелері  зерттеушілердің деректер мен деректердің түсіндірмелеріне түрлі көзқараспен қарауы себепті әлі де талас тудырып келеді немесе аз зерттелген. Рашид ад-Диннің еңбегіне сүйене отырып жазылған бұл кітапта құнды ортағасырлық деректер, моңғол әлемінің этнодемографиялық алғы тарихы жайлы мәліметтер жинақталған. Шыңғыс хан империясының этносаяси және этномәдени мұрагерлерінің бірі қазақ халқы екені айтылады. Бұл кітап қазақ халқының рухани жаңғыруына, әсіресе, біздің жастарымыздың рухын көтеріп, олардың елдің жарқын болашағы жолында жан аямай атсалысуына зор ықпал етеді деп ойлаймыз, – дейді еңбек авторы.

Игілікті шараға отандық және шетелдік ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен БАҚ өкілдері қатысты. Тұсаукесер рәсіміне қатысқан белгілі тарихшы Мәмбет Қойгелді бұл еңбектің отандық ғылым мен тарих саласы үшін маңызы терең екенін айтады.

– Осы күнге дейін осындай кітапқа біздің қолымыз жетпей келді. Жалпы, Ержан Исақұлов пен Зәріпбай Оразбайдың тандемі бізге үлкен-үлкен кітаптарды алып келді. Қазақ тарихын жаңа көзқарас тұрғысынан қорытуға мүмкіндік беретін еңбектер жазуда. Олар «Жамиғ ат-тауарих» еңбегін парсы тілінен тікелей аударып бес кітап етіп шығарды. Енді міне «Шыңғыз хан» жарық көріп отыр. Бұл кітапты «Жамиғ ат-тауарихтың» жалғасы деуге болады. Өйткені ішінде «Жамиғ ат-тауарихта» айтылатын қазақ тарихына тікелей қатысы бар ру-тайпалардың тарихы жүр. Біздің тарихымыз үшін бұл үлкен жетістік. Мұны халқымыздың тарихи танымының кемелдікке қадам басқанының көрінісі деп бағалар едім, – дейді Мәмбет Қойгелді.

Конференция барысында қатысушы өзге де ғалымдар пікір білдіріп, кітаптың кейінгі ұрпаққа берер пайдасы мен тарихи тұрғыдағы маңызын саралады. Сатай Сыздықов, Қайрат Батталов, Нәпіл Базылхан секілді көрнекті тарихшы-ғалымдар авторға шығармашылық табыс тілеп, қазақ тарихына беделі биік, айтары мол туынды қосылғанын айтты.





Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Читайте также:

Добавить комментарий