Университеттердің Еуразиялық желісі құрылды

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ЖОО басшыларының халықаралық онлайн кездесуі өтіп, онда «Шексіз білім мәдениетін қолдау үшін университеттердің Еуразиялық желісі» құрылатыны ресми түрде жарияланды. Бұл туралы университеттің баспасөз қызметі хабарлады.

Іс-шараны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен ЮНЕСКО қамқорлығындағы Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығы ұйымдастырды. БҰҰ Бас Ассамблеясы 2013-2022 жылдар аралығын Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық онжылдығы деп жариялады.

Бұл тұрғыда адамзаттың тұрақты дамуын қамтамасыз етудің қолайлы ортасы ретінде студент жастардың бойында білім мәдениетін қалыптастыруды көздейтін университеттердің Еуразиялық желісін құрудың мақсаты ерекше өзектілікке ие болуда. Жоғары білікті мамандарддың жаңа буыны – жоғары этикалық және азаматтық ұстанымы бар тұлғалар өркениет дамуына лайықты үлес қосуға қабілетті. ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов құттықтау сөзінде желіні құру идеясын қолдады. Ол БҰҰ-ның тұрақты даму бойынша Жаһандық хабы ретінде ҚазҰУ жүзеге асырып жатқан заманауи Университет 4.0 моделінің өз жеке тағдырына ғана емес, бүкіл адамзат үшін жауапты рухани-адамгершілік құндылықтары жоғары әлем азаматтарын қалыптастырудағы ерекше рөліне тоқталды.

– Университет 4.0 моделін жүзеге асыруға әлемнің жетекші жоғары оқу орындарындағы 12 шетелдік әл-Фараби орталығы қосылды. Олар Еуразиялық желі үшін шексіз білім мәдениетін қолдауда оңтайлы платформа болмақ, – деді ректор.

Университеттердің Еуразиялық желісі Олжас Сүлейменов басқаратын ЮНЕСКО қамқорлығындағы Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығының патронажымен құрылды. Алматыда орналасқан бұл орталық ғылым мен білімді дамыту, жалпыадамзаттық құндылықтар мен мәдени саналуандықты нығайту негізінде планетарлық сананы тәрбиелеуге және диалогқа жаңа серпін беру үшін арнайы құрылған бірегей халықаралық институт.

Пандемияның күрделі жағдайында, біз  Орталық Азиядағы жоғары білімнің болашағы, университеттерді білім мәдениеті ғимараттарын құру идеяларымен біріктіру туралы сөз қозғап отырмыз. Біз мәдениеттер жақындастығының онжылдығын жариялау идеясын алға тартқан кезде, адамзатқа жас ұрпаққа лайықты болашақты қамтамасыз етуге көмектесетін ортақ планетарлық сананы қалыптастыру мақсатында білімнің жақындасуын көздедік, – деп атап өтті Олжас Сүлейменов.

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий