Көшбасшы-педагог көшбасшы-баланы тәрбиелей алады

Нұр-сұлтан қаласы Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасы» ШЖҚ РМК «Педагог көшбасшылығы» тақырыбындағы республикалық онлайн-семинар өткізді. Мектепке дейінгі білім беру саласы педагогтерінің негізгі кәсіби құзыреттерін дамыту мәселелерін талқылау мақсатында өткен шара пікірталас алаңы түрінде өткізілді.

Елдегі жоғары оқу орындарының, ғылыми-практикалық орталықтардың өкілдері мен мектепке дейінгі білім беру саласының практикалық қызметкерлерінің өз көзқарастарын ортаға салған семинарға 361 педагог қатысты.

Семинардың негізгі ұйымдастырушысы және модераторы – ҚР ПІБ МО «Қарлығаш» балабақшасы» ШЖҚ РМК ресурстық-білім беру орталығы.

Кездесу барысында «Қарлығаш» балабақшасының директоры Гүлнар Ысқақова алғы сөз сөйлеп, өз кезектерінде Алматы қаласы «Бөбек» ұлттық-практикалық білім беру және сауықтыру орталығының бас директоры Елена Сәкенова мен «Өрлеу» БАҰО АҚФ Нұр-сұлтан қаласы ПҚ БАИ директоры Людмила Саинова қатысушыларға жемісті еңбек тіледі. Семинар жұмысына «Астана» халықаралық ғылыми кешені мен Еуразия гуманитарлық институтының өкілдері, «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығы» РММ директоры Роза Базарбаева және «Халықаралық құзыреттер академиясы» ЖШС директоры, профессор, п.ғ.д., м.ғ.к. Лейла Асылбекова қатысты. Сонымен қатар «Қарлығаш» балабақшасының құрметті қонағы және серіктесі ретінде Ресейден әріптестер, атап айтсақ, Мәскеу мектепке дейінгі білім беру академиясының проректоры, п.ғ.к., РФ білім министрлігінің Мектепке дейінгі білім беру бойынша сарапшысы Ольга Веннецкая мен РАО мектепке дейінгі білім беру бойынша сарапшы, п.ғ.к., МГПУ кафедрасының доценті Татьяна Данилина шақырылды.

Шығып сөйлеушілер негізгі тақырыпқа сай, маңызды және күн тәртібіндегі мәселелер төңірегінде сөз қозғады. Мәселен, 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында мектеп жасына дейінгі балалардың адамгершілік қасиеттерін дамыту туралы «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығы» РММ директоры Роза Базарбаева тілге тиек етсе, ЖОО-ның өкілдері – «Астана» халықаралық университетінен Айман Алиева, п.ғ.д. ЕГИ профессоры Айжан Изакова мектепке дейінгі білім берудегі педагогтың құзыреттілігі және «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» білім беру бағдарламасы студенттерінің көшбасшылық қасиеттерін дамыту туралы айтып берді. Семинардың құрметті қонағы, “Қарлығаш” балабақшасының серіктесі, “Воскобовичтің дамытушы ойындары” ЖШҚ бас директоры Вячеслав Воскобович тьюторлық қозғалысты педагогтің көшбасшылық құзыреттілігін дамыту құралы ретінде таратып айтты.

Сондай-ақ пікіралмасуға мектепке дейінгі ұйымдардың жетекші меңгерушілері Назгүл Юсупова (Нұр – сұлтан қ.), Мадина Дарбаева (Петропавл қ.) және өңірлердің (Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Петропавл облыстары), Нұр-сұлтан қаласының білім беру басқармасының өкілдері қатысты.

ҚР ПІБ МО «Қарлығаш» балабақшасы» ШЖҚ РМК директоры Гүлнар Қайроллақызы айтып өткендей, білім беру ісінде көшбасшыларды қалыптастыру әрбір мектепке дейінгі ұйымның стратегиялық міндеті болып табылады.

-Педагогикалық салада көшбасшылықты көрсету үшін басшының ұйымдастырушылық қабілетінің үйлесімі, коммуникативті дағдылар, кәсіби құзіреттілік пен жеке қасиеттердің және мұғалімнің харизмасы қажет. Көшбасшылық – кәсіби педагогтың ажырамас бөлігі. Бүгінгі таңда мұғалім – адамдармен қарым-қатынас жасайтын, байланыс қалыптастыратын, дамуына бағыт-бағдар беру үшін баламен тиімді қарым-қатынас жасайтын менеджер. Осы тұрғыдан алғанда, мұғалім – кәсіби көшбасшы, – деп атап өтті Г.Ысқақова.

«Халықаралық құзыреттер академиясы» ЖШС директоры, профессор, п.ғ.д., м.ғ.к. Лейла Асылбекованың презентациясының қатысушылар арасында пікірталас тудыруы ғылымның мектепке дейінгі педагогикалық практикаға қатысу қажеттілігін айқын көрсетті. Сонымен қатар Петропавл қаласы НЗМ ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы филиалының өкілі Надия Батырбаева жүргізген «4К моделі – педагогтың професионализмін дамыту құралы» мастер- классы көптің қызығушылығын тудырғанын да айта кету керек.

Семинар барысында «Қарлығаш» балабақшасы педагогтері балалардың көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыру мен дамытудың қағидаттары мен тәсілдеріне арналған жұмыс тәжірибесімен бөлісті. Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар тақырыптың маңыздылығын және семинардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Ғылыммен ынтымақтастыққа және осындай кездесулерді жалғастыруға өз тілектестіктерін білдірді.

Алма КАРАБАЕВА,
ҚР ПІБ МО «Қарлығаш» балабақшасы»
ШЖҚ РМК ресурстық-білім беру орталығының
әдістемелік жұмыс бөлімінің басшысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий