Академиялық адалдық – айнымас жолымыз
Академиялық адалдық – білім берудің барлық деңгейлеріне негіз болатын пәнаралық ұғым. Академиялық адалдық әділеттілік, сенімділік пен жауапкершілік құндылықтарын ұстана отырып, ақиқат пен шындықты айтуға баулиды. Ғұлама ойшыл Абай атамыз: «Алдау қоспай, адал еңбегін сатқан, қолы өнерлі қазақтың әулиесі сол» дей келе, адалдықтың ғана адамға абырой әкелетінін айтады.
Адалдық интеллектуалды стандарттың және академиялық сапаның басты негізі. Алайда оқушылар арасында бірқатар академиялық нормалардың сақталмайтынын жиі байқауға болады. Жоғары білім алу мекемелерінде адалдық ережелерін сақтамау оқушылардың алған білімі мен құзыреттігінің төмендеуіне әкеледі. Бұл әрекет студенттер білімінің даму деңгейіне ғана кері әсер тигізбей, оқу орнының беделіне нұқсан келтіріп, қоғамда жалпы жоғары білімге деген сенімділікті төмендетеді.
Оқушылардың алған терең білімі болашақ тағдырына әсерін тигізіп, қоғам мүддесінде ізін қалдырады. Адал меңгерілген білім шәкірт таңдаған салада немесе мансапта табысқа жетелейтін баспалдақ, алайда сапасыз алынған білім салдарынан қоғам уақыт дүмпуіне, оның тегеуірінді сілкінісіне тап болады. Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: “Жастар – еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы” деген сөзі қоғамда жас буынның рөлі ерекше екендігін білдіреді. Ал осы жастарымыздың адалдыққа кереғар жолмен алған сапасыз білімі қоғамда қабілетсіз мамандарды көбейтіп, еліміздің даму жолына көлеңкесін түсіреді.
Ендеше білімсіз мамандар қалайша ел тізгінін ұстап, қоғам ахуалын қалай түзетеді? Білім алу мен жоғары жетістікке жетуде қызығушылығы мен мақсатын адал бір арнада тоғыстырса, оқушы сонда ғана алға қарай нық қадам баса алады. Адалдық – адам арының айнасы. Данышпан аталарымыздың: “Асылдың бірі – адалдық” деген ғибрат сөзі бекерден-бекер айтылмаған. Сондықтан әр оқушы, студент білім алу барысында тек қана шынайылыққа сүйенуі керек деп білемін. Өйткені, адалдық бұл тек оқушының рухани адамгершілік қасиеттері мен абыройын көрсетіп қоймай, болашақ қоғамымыздың келбетін көрсетіп береді.
Малика РАМАЗАН,
Семей қаласындағы физика – математика
бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің
11 «С» сынып оқушысы, Шығыс Қазақстан облысы