Эмоционалды қажудың алдын қалай аламыз?

Өзге адамдардың қатты, дөрекі күлгендері болмаса қатты әуен,  жарық, айқын түстер сіздің мазаңызды қашырып, сіркеніз су көтермейтін күндер бола ма? Не болмаса енжарлық көңіл-күй, ұйқы басу немесе керісінше ұйықтамау, тұрып жұмыс істеуге, қимыл қозғалыс жасауға еріну сияқты әрекеттер ше? Ештеңеге зауқыңыз соқпау. Басыңыздан осындай күйлер өте ме? Олай болса, сіз эмоционалды қажу дертіне шалдыққансыз.

Қазіргі ақпараттық технология даымған заманда бізге күнделікті көптеген ақпараттар келіп жатады,  кеше аяқтау қажет болған істер, шұғыл орындауды талап ететін қоңыраулар мен есептердің барлығы ерте ме, кеш пе эмоционалды қажуға әкелуі мүмкін. Соңында күйзеліс, апатия, қажу, шаршау не денсаулықтың сыр беруі кездеседі. Қазіргі уақытта өте көп адамдардың бөлігі эмоционалды шаршауға тап болады.

Оған бірнеше себеп бар: Ақпараттың сансыз көп мөлшері. Теледидар, радио, көптеген әлеуметтік желіден келетін мэссенджерлер біздің жігерімізге әсер етеді. Үйден тыс кездесетін қолайсыздық, көлік кептелістері, жұмыс, үй, отбасы, мектеп тағысын-тағы адамдарды шаршатады. Өмірдің мәні неде деген сұраққа үнемі жауап іздеу. Нақты қойылған мақсаттардың болмауы немесе мақсаттардың орындалмауы бізді қынжылтады. Мотивацияның болмауы, ынталандыру шараларының аздығының да әсері бар. Адамдармен қарым-қатынастағы кикілжіңдер, тәуелсіздіктің шектелуі, адам еркінің шектелуі. Қоршаған ортаның ойлары мен талаптарының сіздің ойынызбен үйлеспеуі.

Эмоционалды шаршауға біздің энергиямыздың таусылуы мен азаюы әкеледі. Тек қана жұмысты ойлау, не үй тірлігімен ғана айналысу, өмір дизбалансының бұзылуына себеп болады. Күнделікті қайталанатын істерге энергиямыз бен барлық күш қуатымызды жұмсаймыз, бірақ орнын толтыруды естен шығарамыз. Күннен күнге істейтін істің маңызын түсінбеу не болмаса оң нәтиже ала алмау да күшімізді сарқылтады. Күйзелістің кесірінен адам денсаулығы да сыр бере бастайды. Өзімізді қуанту мақсатында қажетсіз заттарды сатып ала бастаймыз, не болмаса күш қуаттың азаюынан қаржымызды жоғалтып, жұмысты нашар атқарамыз.  Қоршаған ортадағы адамдармен қарым қатынасымыз нашарлайды. Басқа адамдардың сізді тыныштандыруы немесе кеңестері жүйке жүйеңізді одан бетер қоздырады.

Бұл жағдайлардың алдын-алу үшін өміріңізде тепе-теңдік орнауы қажет. Тек қана жұмыспен ғана айналысу дұрыс емес, отбасы мен достарыңыз, хоббиіңізге, өзіңізге көңіл бөліңіз. Көптеген адамдар әлемде жұмыссыздық көбеюде, жұмыс орындары жабылуда деп барлық өмірін тек жұмысқа әкеліп тірейді. Бұл қате ұғым, кез-келген адамның жұмыстан тыс өмірі мен қызығушылықтары болуы қажет. Миды тынықтыру үшін құрбыңызбен сөйлесіп, телесериал көруге болады. Ол үшін өз өзіңізге ренжімеңіз, себебі, тек қана жұмысты ойлау, керісінше сіздің еңбек өнімділігіңізді азайтады.

Ең бірінші шынымен эмоционалды шаршаумен кезіккеніңізді мойындаған жөн. Шаршау мен қажу энергияның таусылуынан пайда болады. Таусылған энергияның орнын толтырып отыру қажет, ол үшін өзіңізге ұнайтын нәрсемен айналысыңыз. Кино көріңіз, билеңіз, сурет салыңыз, желімдеңіз не болмаса саз балшықпен де мүсін жасауға болады. Сонымен қатар мандала терапия мен арт терапиялар осындай күйзеліс кезінде жақсы көмектеседі.

Келесідей кеңестерді қарастырайық: Тыңыштандыру техникаларын үйреніңіз. Өзіңізбен онаша қалып, медитация жасаңыз, көңілді әуен қосып билеңіз. Ашуыңызды басқарып үйреніңіз. Ашу үстінде ешкімге айғайламай, дәрі қабылдамаңыз. Ашу басылғаннан кейін шынымен қажет заттарға көңіл аударыңыз. Өміріңіздегі ең басты құңдылықтар не екенін ұмытпаңыз. Жүрегіңізді тыңдаңыз. Көп су ішу қажет. Уақытылы ұйықтап, тұру. Тамақ ішу уақытын ұмытпай, ескертпе қойып қою. Қимыл қозғалысты арттыру. Дене шынықтырумен, спортпен айналысу немесе ұзақ уақыт жаяу серуендеуді әдетке айналдыру.  Қыс мезгілі болса, ауланы қардан тазалау, таза ауаға шығу, табиғат аясына сапар шегу.

Терең тыныс алып, бес, он бес, жиырмаға дейін санау. Уқалау процедураларына жазылу. Массажға бару. Массаж адам бойындағы кортизолды төмендетіп, күйзеліске төтеп бере алады. Күйзелістің алдын-алу үшін үй жануарын асырау да жақсы көмектеседі. Емтихан немесе маңызды тестілеу алдыңда үй жануарын ұстаңыз, ол тыңыштандырады, үй жануары болмаса, жұмсақ ойыншықты ұстап, сипалауға болады. Өз көңіл-күйіңіз жайлы сенімді адаммен немесе психолог маманмен сөйлесіңіз. Эмоционалды шаршау құбылысы барлық адамдарда болатын жағдай, қалыпты құбылыс. Сол үшін өзіңізді жегідей жеудің қажеті жоқ. Өзіңізді ешкіммен салыстырмаңыз, сіз басқа адамсыз, сіздің өз жолыңыз бар. Егер де күйзелістің көзі қарым-қатынас болса ол адаммен сөйлесуді азайтыңыз.

Барлық істі жақсы жасау мүмкін емес, сол себепті, көмек сұраудан ұялмаңыз, сіз робот емессіз ғой. Жай ғана адамсыз, ал кез келген адамның өмірі күйзеліске де, қуанышқа да толы. Өмірді сүйетін, махаббат пен сүйіспеншілікке, мейірімділікке толы адамдар эмоционалды қажуға сирек ұшырайды. Өзіңізді ешкіммен салыстырмаңыз, өмір сүріп жүрген әрбір күнге шүкіршілік етіп, әр сағатымыз тек жақсылыққа толы болсын!

Ақлима СЕКСЕНБАЕВА,
Семей қаласындағы физика – математика
бағытындағы Назарбаев Зияткерлік Мектебінің
педагог-ұйымдастырушы кураторы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий