Жұмекен ақынның ескерткіші ашылды

Ж. Нәжімеденов атындағы №2 орта мектептің алдына ақынның туғанына 85 жыл толған мерейтойына байланысты ескерткіш бюсті орнатылды. Салтанатты рәсімге елімізге белгілі тұлғалар мен талантты тұлғаның ұрпақтары арнайы қатысты. Бағалы бастама мемлекет және қоғам қайраткері Сәрсенбай Еңсегеновтің қолдауымен жүзеге асырылған еді. Туындының авторы – белгілі мүсінші Серік Мәтениязов, – деп хабарлайды Атырау облысы білім басқармасының баспасөз қызметі.

«Жұмекен Сабырұлы және қазақ поэзиясының көркемдік даму бағыттары» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-теориялық онлайн конференцияның пленарлық мәжілісінде аймақ жетекшісі Махамбет Досмұхамбетовтің құттықтау лебізі оқылып, «Жұлдызды Жұмекен» кітабының авторы Ғарифолла Есім, Мемлекеттік сыйлық иегері Ақұштап Бақтыгереева, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері Илья Жақанов, жазушы Мереке Құлкенов, ақын Есенғали Раушанов, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіп және Қытай, Түркия, Әзербайжан елдерінен келген белгілі профессорлар баяндама жасады.

– Кеңестік үкімет 1956 жылы ұлан байтақ қазақ жерінің солтүстік аймағындағы Ақмола, Петропавл, Павлодар, Қостанай, Қарағанды облыстарын Қазақ республикасы құрамынан бөлуге әрекеттенді. Осы кезде Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденов қазақ жастарының ойы мен бойын кернеген «туған жерді талауға бермейміз» деген өр рухын сөз бен сазға сыйғыза білген еді, – деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшы Ақылбек Рысқалиев.

Білім ордасында ақын құрметіне өткен жылы ұйымдастырылған мұражайда жеке басына пайдаланған дүниелеріне қоса түрлі қолжазбалар және жеті томдық шығармалар жинағы қойылған.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий