Тілдік ортаға бойлау әдісінің тиімділігі
«Білім туралы» Заңда «Білім беру жүйесінің басты мақсаты – ұлттық және жалпыадамзаттық мәдени құндылықтар негізінде жеке тұлғаның қалыптасуына қажетті жағдай жасау» делінген. Осы мақсатта заман ағымына ілесе алатын, білікті, жан-жақты жеке тұлғаны қалыптастыру, оқыту үшін тиімді әдіс-тәсілдер жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында үш тілде білім беру саясаты дамуда. Соған байланысты тілдік бойлау әдісі нәтижелі қолданылуда.
Тілдік ортаға бойлау – бұл балаларға тілді үйретудің ең ұтымды әдістерінің бірі. Халықаралық инновациялық тәжірибені негізге алып тілдік ортаға ену әдісін кеңінен қолдану тиімді. Бұл әдіс білім беру мекемелерінде баланың ана тілін немесе екінші мақсатты тілді меңгеруіне ынталандыратын әлеуметтік орта құруды талап етеді. Тілдік ортаға бойлау әдісінің ерекшілігінің бір жағы – ол баланың шығармашылығына шектеу қоймай, керісінше қолдау көрсету. Суретті жақсы салатын және әдемі жазатын балалардың байланыстырып сөйлеу және ауызша логикалық даму деңгейлерінің жоғары болатыны белгілі.
Сондықтан бала саусақтарының ұсақ бұлшық еттерін дамыту үшін әртүрлі илеу, жапсыру, сурет салу, демонстрациялық құралдарды бірге жасау сияқты тапсырмаларды молынан пайдалану керек. Тілдік ортаға енген топтардың ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті кестесінің ерекшелігі кіріктірілген формасында. Кіріктірілген іс-әрекет арқылы баланың шығармашылық дағдылары дамиды, уақыт көп беріледі, баланың барлық психоэмоционалдық қабылдау факторлеріне жағымды жағдай жасалады. Тілдік ортаға бойлау әдісін қабылдаған елдердің білім деңгейінің көрсеткіштері көп деген мемлекетаралық тізімдердің алдыңғы қатарларынан көрінеді. Бала өзі зерттегіш, үздіксіз өсу, еліктеу және даму жолындағы біздің болашағымыз.
Сондықтан да мынандай іс- әрекет, шараларын іске асыру керек деп санаймыз: коммуникативтік дағдыларды дамытуға арналған ойындардың қанша-лықты маңызды екенін ата-аналарға түсіндіре отырып, оқыту – тәрбиелеу жұмыстарына қатыстыру; баланы танымдық, іскерлік, білімдік қасиеттері жан – жақты дамыған, еркін ойлы, тілі жетік, ерікті, жігерлі, өзіне сенімді етіп келесі білім сатысына мектепке дайындау; қимылды, әуенді, эстафеталық ойын барысындағы тапсырмаларды орындауды, алма кезек ауысып отыратын ойын – жаттығуларды жүйелі түрде үнемі орындап отыру; балалардың өзінше талаптануы, қалауы, еркіндігіне жағдай жасап, өзіндік іс – әрекеттерді орындау, бастаған жұмысын аяқтау іскерліктеріне, өз ойларын еркін жеткізуге бейімдеу; психологиялық ойындар, жаттығулар қолдану арқылы балаларға жан – жақты жағдай жасау, жағымды микро ахуал туғызу; ата – аналарды оқу іс – әрекетіне, күн тәртібі бойынша жүргізілетін білімдік – танымдық жұмыстарда үлес қоса отырып, тек бақылаушы ғана емес, балаларына білікті көмек көрсете алатындай жағдайда қатыстыру; көмекті қажет ететін балалармен жеке жұмыс түрлерін жүргізу.
Топ ережелеріне арнап балалармен бірнеше ұйымдастырылған іс-әрекетін өткізген дұрыс. Әртүрлі жағдаяттарды көрсетіп жақсы мен жаман, не дұрыс деген сияқты сұрақтарға жауап іздеуге итермелеп, пікірлерін тыңдап, бір-бірін бағалап, өздеріне қорытындылауға мұмкіндік беру. Тілдік ортаға ену топтарындағы балаларды белгілермен жұмыс жасауға үйреткен дұрыс. Мысалы, «жасыл түс» – еркін қимыл-қозғалысты білдірсе, «қызыл түс» тыныштық сақтаймыз дегенді білдіреді. Ережелер сәтті жұмыс істеу үшін бала мен тәрбиешінің арасында тусіністік, сыйластық және келісім болуы керек.
Балардың танымдық қабілеттерін, тілдерін жан-жақты дамыту барысында кеңістікті ұтымды пайдаланудың тигізер әсері зор. Тәжірибемізде нәтижелі қолданып жүрген әдістемелер мен технологияларды ұсынамыз. Олар: «Сөйлейтін қабырғалар», «Грифелді қағаз», «Сызбалы күнтізбе», «Ауадағы белгілер». Сөйлейтін қабырғалар тілге бойлау әдістемесі элементтерінің бірі. Балабақшамызда «Сөйлейтін қабырғаларды» өз қолымызбен безендіреміз, жасаймыз. Олар арқылы баланың қоршаған орта туралы білімдері кеңейе түседі. Неше ұл бала, неше қыз бала келгенін санайды, жазады, көп-аз екендігін салыстырады, белгі қояды.
Апта күндерін атайды, аптаның нешінші күні екенін жазады. Оқу қызметінде үйренген жаңа сөздерді күні бойы қайталап отырады, естеріне сақтайды. «Сөйлейтін қабырғалардың» тиімділігі: зейіні тұрақталып, көріп есте сақтайды, сөздік қорлары дамиды, белсенділіктері артады, өз ойларын еркін жеткізеді, көшбасшы болуға талпынады, шығармашылыққа, іскерлікке, сенімділікке, өркениеттілікке, белсенділікке, көшбасшылыққа, ізденімпаздылыққа қол жеткізуге болады.
Қорыта айтқанда еліміздің қоғамдық – экономикалық, саяси, мәдени дамуына үлес қосатын әлемдік өркениетке көтерілетін білімді де мәдениетті, денсаулығы мықты, парасатты азамат тәрбиелеп өсіріп шығару балабақшадағы педагогтер қауымының бүгінгі таңдағы баға жетпес міндеті.
Құралай Баймұқанқызы НҰРҒАЗИЕВА,
Қазақстан Республикасы Президентінің
Іс басқармасы “Қарлығаш” балабақшасының
тәрбиешісі, Нұр-Сұлтан қаласы