Пікір сайыс: Жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде тұлғаны тәрбиелеудің бір құралы
Еліміздің болашағы, көркейіп өркениетті елдер қатарына қосылуы бүгінгі ұрпақ бейнесінен көрінеді. Қазіргі кезде табысты болу үшін оқушыларға білім қандай қажет болса, дағды да сондай қажет. Бұл оқушылардың ақпаратты есте сақтап, алған білімдерін ұғынуын, түсінуін және әртүрлі салада қолдана білуін талап етеді. Білімді дәл осылай қолдану оқушыларға «ХХІ ғасыр дағдысы» деп жиі айтылып жүрген кең ауқымды құзыреттілікті меңгеруге мүмкіндік береді.
Сол себепті де қазіргі педагогикалық технологиялар жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуға, оның өзіндік және шығармашылық қабілетін арттыруға, қажетті іскерліктері мен дағдыларын қалыптастыруға және өзін-өзі дамытуына қолайлы жағдай жасауға қажетті объективті әдістемелік мүмкіндіктерін қамтиды. Еліміздің білім беру жүйесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 27 желтоқсандағы №988 Қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында Білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы бойынша жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде тұлғаны тәрбиелеу және оқыту мақсатын жүзеге асыру үшін «Ұшқыр ой алаңы» дебаттық қозғалысын жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Шын мәнінде пікірталас жеке тұлғаның танымын кеңейтеді. Қазіргі іскер адамдарға қоғамдық-әлеуметтік маңызды мәселелерді жете және жемісті талдай алу қабілеті қажет. Олар өз ойларын түсіндіре, дәлелдей алуы керек, қарсы жақтың пікірін жоққа шығарып, өз пікірінің дұрыстығына көз жеткізуі тиіс. Сондықтан іскер адамдар сөзталас өнерін, пікірталас шеберлігін үйренуді мақсат етеді. Пікірталас шеберлігі дегенге жеткілікті, жан-жақты біліммен қоса, пікірталас түрлерін, мақсатын, олардың ерекшеліктері мен негізгі талаптарын, сөзталас мәдениетін, онда жиі қолданылатын амал-тәсілдерді жетік меңгеру жатады.
Екі жақты пікір айтылғанда пікірлер сайысқа түседі, себебі тартыса келе, бір жақтың пікірі басым болса ол жеңіске жетеді. Пікірлер сайысында жеңіске жету үшін оның белгілі бір құрылыммен, екі жаққа бірдей талаптар мен қай пікірдің жеңгенін өлшеуге болатын өлшемдері қажет. Пікір-сайыстың негізгі мәні – қарсыласқа қарағанда өз командасының аргументтері мықты екендігін төрешіге сендіру болып табылады. Сол себепті де оқу үрдісіне осы өнерді игертетін дебат бағдарламаларын ендіру маңызды. Пікірталас мәдениетін пікір-сайыс принциптері қалыптастырады. Олардың бірнешеуіне тоқталатын болсақ: пікір таластыра отырып шапшаң ойлауға, дәлелмен сөйлеуге, жүйелі сөйлеуге, пікірді талдауға үйренеміз.
Шыншылдық – пікір сайыс кезінде фактілерді келтіргенде, қарама-қарсы сұрақтарға жауап бергенде шындықпен жауап беру керек. құрметпен қараңыз – еш уақытта қарсыласыңызды кінәлап, жеке басын кемітпеңіз. Пікірлер ғана таласы деп ойлаңыз. Пікірге қарсы тұратын бір ғана қару – сенімді аргумент. Сонымен бірге пікір-сайысқа қатысушыларда мынадай дағдылар дамиды: сыни (критикалық) ойлау дағдылары – қарарды талдау, қарсыластың дәлелдерінің логикалық тізбегінің жоқтығы мен негізделуінің әлсіздігін анықтау үшін ғана емес, өз кейсінің мықты екендігін дәлелдеу үшін де бірнеше рет сыни талқы жасау керек болады.
Зерттеу дағдылары – кез келген дәлелді сізге негіздеу қажет. Кей жағдайда жай ғана логикамен негіздеу жетіп отырса, көп жағдайда арнайы әдебиеттерге сүйеніп айту қажет болады. Пікір-сайыста келтірілген фактілердің қайнар көзін атау талап етіледі. Сол себепті де пікір-сайысқа қатысушылардың кітапты көп оқуына тура келеді. Ұйымдастырушылық дағдылар – жүйелі сөйлеуді ұйымдастыра білу қажет. Әр спикердің міндеттеріне сай, дәлелді фактілермен күшейтіп, оны негіздеп жеткізе айту немесе қарсыласының әлсіз жерлеріне соққы беру үшін дәлелдерді қажет жерінде қолдана білу де шебер ойластырылған жағдайда мүмкін болады.
Тыңдай білу дағдысы – жеңу үшін аса қажет. Қарсыластар бір-бірін мұхият тыңдаған жағдайда дәлелдердің логикалық тізбегінің жоқтығы мен негізделуінің әлсіздігін анықтай алады. Сондықтан жақсы тыңдаушы болу шарт. Жаңа ғасыр дағдыларына сын тұрғысынан ойлау, білімді шығармашылық тұрғыда қолдана білу қабілеті, проблемаларды шешу қабілеті, ғылыми-зерттеу дағдылары, қарым-қатынас дағдылары (тілдік дағдыларды қоса алғанда), жеке және топпен жұмыс істей білу қабілеті, АКТ саласындағы дағдылары жатады десек, осы дағдылардың қалыптасуына мүмкіндік беретін пікір-сайыс технологиясының қайта жандануына қуаныштымын.
Жанат Әбдіхалыққызы РАЙМҚҰЛОВА,
“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы
АҚ филиалы” Түркістан облысы және Шымкент
қаласы бойынша ПҚБАИ, аға оқытушысы