Абай аманаты: Басты бағыт бағдарымыз
Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл бөлсеңіз… (Абай). Қазақ халқының руханияты мен мәдениетінің символы болған Абай даналығы қай кезеңде де өміршеңдігін жоймақ емес. Абай шығармалары – халықтың рухани қазынасы. «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбе!» – деп Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай, бүгінгі қазақ жастарына үлгі-өнеге, ақыл-парасатқа толы ой қосар даналық кілті Абай шығармаларында екені сөзсіз. Абай адамдық мұратқа жету үшін пенде баласына керек тағылымды ойларды дәлдікпен жеткізе білген.
Абай елдік мүддені әрдайым жоғары қойып, білім мен ақылды халық игілігіне жұмсауды қалады. Ғылымды жоғары бағалаған ақын: «Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылым- Алланың бір сипаты»,- деп баға берді. «Адам болам десеңіз, бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деген Абай даналығы – бүгінгі халықтық педагогиканың негізгі мақсаты. Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақтан алшақтатып, талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым сынды бес асыл іске талаптандыру – оқушы дарындылығын арттыратын бірден-бір тәрбие өзегі. Абайдың бұл шығармасы – жас өркеннің бағдар түзер айқындамасы, бағыт- бағдары десек қателеспейміз.
Егер мақсатым – «Адам болу» десеңіз, тек жақсы нәрселерді ойлауға тырысыңыз. Себебі, ойлаған және айтқан жақсылықтарыңыз жүзеге асады. Адам болу оңай шаруа емес… Адам боламын десеңіз «жақсылық» формасын кеңінен қолданыңыз. Сіз жақсы болсаңыз, әлем де жақсы. Абай өсиетінің өзі – осы ойлардың төрелігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды», -дейді. Абай шығармаларындағы тәлім- тәрбие көздерін жіктеуде де парасатты ой түйеді.
«Ең алдымен, білім игеру. Біз бүкіл әлемді ақыл-ой мен парасатты пайым арқылы ғана мойындата аламыз. Заман талабына сай білім алу интеллектуалды ұлт қалыптастыруға жол ашады»,-дейді мемлекет басшысы. Ал дана Абай «Қашан бала ғылым-білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады»-деп, отыз екінші қара сөзінде де: «Әуелі – білім-ғылым табылса, ондай-мұндай іске жаратар едім деп, дүниенің бір қызықты нәрсесіне керек болар еді деп іздемекке керек. Екінші – ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек», -деген ойын нақтылайды. Білім – ақ пен қараны ажырататын, адам баласының көзін ашатын Алла Тағаланың адам баласына берген үлкен сыйы. Білім – ақыл мен парасаттың болмысы.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та бар қалан!, – деген Абай идеясының сыры осында. Міне, бүгінгі таңда да білім алу, мамандық таңдау, елге қызмет ету махаббатпен, іңкәрлікпен таңдалса ғана, біз әлемнің іргелі елдерімен тереземізді тең түзейміз. Адамның ішкі жан дүниесі: адамгершілігі мен ақылының, сабыры мен қайратының, мейірімі мен әділетінің рухани қайнар көзі – білім мен ғылым. Білімі мен ғылымы жоқ немесе білім – ғылымы шала адам рухани дағдарысқа тез ұшырары хақ. Оның арғы жағында – адами азғындық тұр. «Сондықтан, екінші, тәрбие мәселесі басты назарда. Өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт берген жөн. Ақынның «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деген өсиетін әрдайым санаға сіңіру қажет», -дейді мемлекет басшысы.
Тәрбие – адамдықтың түп қазығы. Абай даналығы, парасаттылығының да түп мақсаты- тәрбие. Әр қоғамның келешегі ұлт тәрбиесіне қатысты. Абай 10 қара сөзінде: «Баланың жақсысы – қызық, жаманы – күйік»,-дейді. Қай ата-ана да баласының адам болғанын қалайды. Ендеше, Абай ақылы сол: «Құдайдан – қорық, пендеден – ұял: балаң бала болсын десең, оқыт, мал аяма!». «Үшінші, жаңа кәсіп игеру. Ақын әр қазақ өз ісінің шебері болса деп армандады. Әсіресе бәсекелестікке толы алмағайып заманда мұның мәні зор. Абай: «Мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды» дейді. Біз еңбекке, жаңа өнер игеруге деген көзқарасымызды түбегейлі өзгертуге тиіспіз. Байлықтың да, бақыттың да кілті – өзің сүйген кәсіпте». Төртінші, ынтымақ мәселесі. Абай әрдайым қоғамның береке-бірлігін арттыруға ден қойды, елді татулыққа шақырды».
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Абайды мұқият оқыған адам оның көзқарастары күні бүгінгі нарық экономикасымен де тікелей үндес екенін айқын аңғарар еді. Абай әлемі бізді жеті түнде адастырмас Темірқазық іспетті. Соған қарап тірлігіміздің дұрыс бұрысын сараптай аламыз. Өйткені жанды жегідей жеп жүрген көп сауалдың жауабын Абай әлдеқашан айтып кеткен», – дейді. Еңбек – Абай әлеміндегі ең негізгі ұғымдардың бірі. «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей?- деп барлық адамды еңбек қылуға шақырады. «Қолдан келсе, әуелі өнер ізделік, ең болмаса еңбекпен мал табалық»,-дейді.
Еңбек пен ақылды қатар алып жүру арқылы табысқа жетуге болатынын қуаттаған ақын тағы да қайрат, ақыл, жүректі бірдей ұстау арқылы адамшылығыңды сақтайсың дейді. «Біріңді қазақ, бірің дос, Көрмесең, істің бәрі бос,- деп бар өмірін «Қалың елі қазағының»тағдырына алаңдаған кемеңгер ақын жан-жүрегімен жұртының амандығы мен ұлтының тұтастығын тіледі. Абайдың рухани ұстанымы – адамдық қасиетке бой ұрып, адалдық тізгінінен айырылмау. Сол себепті жарқын болашақтың іргетасын қалауда рухы асқақ, мақсаты айқын, жиғаны терең, иманы бекем ұрпақ қана өзге елдерден озық тұрар ғылым мен мәдениетке қол жеткізетініне үлкен сенім артты.
Осы орайда атқарылып жатырған игі істер де аз емес. Ұлы ақын, ағартушы, философ, композитор, аудармашы, жазба әдебиеті мен қазақ әдеби тілінің негізін салушы, реформатор Абай Құнанбаевтың кең дүниетанымы мен шығармашылығына терең бойлау, Абайдың философиялық көзқарастары арқылы адам баласының өмір сүру мақсаты мен мұратқа жету жолындағы өзіндік болмысының мәні мен мазмұнын саралай білуге үйрету, данышпан Абайдың ұлылығын өскелең ұрпақтың санасына сіңіру арқылы Абайдың рухани әлеміне бойлату мақсатында Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған бір жылдық іс-шаралар жоспары жасалып, өткен оқу жылында мерекелік салтанатты кештер мен кездесулер.
«Жас жүрек жайып саусағын, Талпынған шығар айға алыс» ақындар мүшайрасы, «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» челлендж, «Абайдың салып кеткен сара жолы, Мәңгіге дара болып қала бермек» TEDx, «Менің сүйікті Абайым» READx тағы да басқа тәлімді бағдарламалар өткізілсе, бүгінде шаралар онлайн форматта жалғасын табуда. Атап айтқанда, «Ұлы Абай және қазіргі қазақ поэзиясы» тақырыбында онлайн тренинг, Педагогикалық Ғылымдар Академиясы ҚР Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігі мен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» қолдауымен заманауи әдебиет пен журналистиканы кеңінен насихаттау, жас жазушылар мен ақындардың шығармашылық әлеуетін көтеру мақсатында өтіп жатқан мүшайра барысында ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Қ.Жүсіп, КСРО және Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Ә.Төлеуішов, ақын, журналист, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Г.Ниетқалиева өткізген шебер-сынып, тренингтер өз мақсатына жетті.
Тағы да бір мақтанышымыз Алматы қаласында өткен ІІ Республикалық Абай оқулары олимпиадасында Д.Мұтағалиева (І орын), Д.Саламатқызы (ІІ орын), А.Сағидуллин (ІІІ орын), А.Исламханова (ІІ орын) жүлделі орындарды иеленді. Жеткіншек ұрпақтың сана-сезімінде даналық дариясы қалыптасу үшін тың, соны дүниесімен талайды тамсандырған, ұлттың тазалығын көрсете білген Абай мұрасын бүгінгі ұрпаққа таныту, келешекке аманаттау –бізге парыз.
Нұрлыбек Ғилажұлы ДАУМОВ,
Облыстық дарынды балаларға арналған
ұлттық гимназия директоры, п.ғ.к., доцент,
Қазақстан ПҒА-ның академигі, “Құрмет”
орденінің иегері, Атырау қаласы