Жоғары оқу орны: Заманауи интеграцияланған сабақ

Президент Қасым-Жомарт ТоқаевтыңЖаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” барша отандастарымызға арнаған Жолдауында: Кәсіби білім берудің бүкіл жүйесін еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар қалыптастыруға бағыттағанымыз жөн, – деп атап көрсеткеніндей, жиырма бірінші ғасырда білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру үшін оқыту бағдарламасын сыни ойлау, өз бетімен іздену дағдыларын  дамытуға және қашықтықтан да  білім алуға бағыттау қажет.

Халықаралық  педагогикалық, кәсіби білім  беру орталықтарының тәжірибелерін   қазіргі  жағдайдағы қазақстандық нарыққа бейімдеу арқылы жаһандық бәсекеге қабілетті цифрлы-креативті құзыреттіліктері жоғары болашақ педагогтер дайындауымыз керек. Ол үшін педагогикалық  білім берудің мазмұнын жаңартуымыз қажет: IT-құзыреттер, цифрлы сауаттылық, цифрлы-креативті құзыреттіліктер,  оқытудың заманауи әдістері мен технологиялары бойынша арнайы пәндер енгізуді жолға қою керек. Жаңа жағдайдағы елімізде педагогикалық білім беру жүйесін модернизациялау, болашақ педагогтердің цифрлы-креативті құзыреттілігін қалыптастыру қажеттілігі туындауда.

Болашақ педагогтердің цифрлы-креативті құзыреттілігі болашақ педагогтің  креативті ойлау қабілеті, әдіснамалық рефлексия, жаңалыққа деген талпынысы, инновациялық технологияларды шығармашылықпен пайдалану, оқу-тәрбие процесін жетілдіру мақсатындағы ұдайы ізденістері, педагогикалық  инновацияларды өз іс-тәжірибесінде жүйелі пайдалану, ақпаратты өз бетінше іздеп, таба алуы; алынған мәліметті өңдей алуы, жинақтауы, сұрыптауы және тағы да басқа шығармашылық іс-әрекеттерінен көрініс табады. Болашақ педагогтердің креативті құзыреттіліктерін қалыптастыруда интеграцияланған сабақтың алатын орны ерекше.

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Білім  беру мазмұны – тұтас педагогикалық үдерістің компоненті: білім мазмұнына  қойылатын  жаңаша талаптар» республикалық онлайн интеграцияланған сабақ ұйымдастырдым. Қашықтық басқосуға біздің жоғары оқу орны мен Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің болашақ педагогтері, танымал ғалымдары және Тараз қаласындағы №3 мектеп-лицейдің  жаңашыл ұстаздары қатысты. Негізгі мақсат – отандық білім мазмұнына  қойылатын жаңаша талаптар жүйесін ашып көрсету болатын. Басты ерекшелігі – болашақ педагогтер ресми құжаттарды, оқытудың  инновациялық  әдіс-тәсілдерін  жаңашыл мұғалімдердің сабаққа онлайн форматта қатысып, тікелей таныстырып, жете түсіндіруге бағытталған.

Себебі біздің университет дуалды оқыту жүйесінде кәсіби мамандарды, соның ішінде педагог кадрларды дайындауды нәтижелі  жүзеге асыруда. Бұл бағыттың артықшылығы – жаңа білім практикадан теорияға өту бағытында берілетіндігі. Яғни,  болашақ маман теориялық білімді жоғары оқу орындарынан ғалымдарынан алса, ал тәжірибені өндірістің білікті мамандарынан жинақтайды. Ғылыми әзірлемелердің нәтижелілігін арттыру және әлемдік ғылыми кеңістікке интеграциялануын қамтамасыз етуде интеграцияланған сабақтардың алатын орны маңызды. Басқосудың бірінші бөлімінде университтің дуалды оқыту базасы – Тараз қаласындағы №3 мектеп-лицейдің жаңашыл ұстаздары инновациялық іс-тәжірибелерімен бөлісті.

Математика пәнінің мұғалімі, педагог-сарапшы Жарқынай Умбеталиева сабақтағы кері байланыстың түрлерін сабақ кезеңдеріне қарай саралап, жете түсіндірді. Осы білім ордасындағы физика пәнінің мұғалімі, жоғары санатты педагогы Ақмарал Жумушова болашақ педагогтерді жаңартылған білім беру мазмұнын   айқындайтын   оқытудың жаңаша әдіс-тәсілдерімен таныстырды. Бүгінгі таңдағы оқыту үрдісі жаңа әдіс-тәсілдерді, жаңаша идеяларды қолдануды тaлап етеді. Әр мұғалім өз іс-тәжірибесінде көптеген қиындықтармен, кедергілермен кездеседі. Ол зaман көшіне ілесу үшін өз білімін жетілдіріп отыруы қaжет. Ақпараттық-коммуникациялық технологияны пайдалану оқытудың тиімді әдістерінің бірі болып саналады.

Әдіс-тәсілдер оқушы белсенділігін дамытудың негізі. Мен өз іс-тәжірибемде кеңінен қолданылып жүрген әдіс-тәсілдеріммен бөлісейін. Plickers – бұл сабақта оқушылардың білімін жылдам бағалауға арналған ыңғайлы бағдарлама. Барлық оқушылармен сыныпта аз уақыт  ішінде сауалнама жүргізуге мүмкіндік бар. Ол үшін мұғалімге тек сыныптағы әр оқушыға және телефоныңызға немесе планшетіңізге басып шығарылған парақшалар  ғана қажет болады. Әр оқушының өз карточка нөмірі бар, ол болашақта Plickers жасаған картада көрсетіледі. Әр оқушының жеке картасы болады. QR коды (QR – Quick Response – жылдам жауап) – бұл ұялы телефондағы камера арқылы оны тез тану үшін ақпарат беретін екі өлшемді штрих-код (бар-код).

QR-кодтың көмегімен кез келген ақпаратты кодтауға болады, мысалы: мәтін, телефон нөмірі, сайтқа сілтеме немесе визит карточкасы. QR кодтау толықтырылған шынайылық нұсқаларының бірі болып табылады және білім беруде қолданылу тиімділігі өте зор.Электрондық кітапхананы ұйымдастыру үшін, интерактивті зертханалардың жұмысы үшін, сондай-ақ сабақ үстінде жұптық, топтық  жұмыстарда қолдану өте ыңғайлы. «Рулетка» әдісі – көбіне сабақ соңында, сабақты қорытарда қолдану өте тиімді. Жаңа сабақты қалай меңгергендіктерін анықтау үшін әр оқушыға жеке тапсырмалар беруге болады.

Әрбір сабақ мұғалімнің шығaрмашылық жұмысы. Сондықтан да әр сабақты оқушылардың есінде қaлатындай етіп түрлендіріп отырған жөн. Қазіргі ғылым мен техниканың дaмыған заманында оқушылардың білім деңгейін тереңдету, ғылыми тұрғыда дамыту, өз бетімен жұмыс істеуге дағдыландыру, ойлау қабілетін дамыту, сөйлеу шеберліктерін арттыру, өз беттерімен ізденушіліктерін, ақпараттық құралдарды іздестіру және оны пайдалана білу мақсатында жаңа технология әдістерін тиімді пайдалану ұстаз шеберлігінің белгісі. Ал информатика  пәнінің мұғалімі, педагог-сарапшы Нурлан Бекшеев болашақ педагогтерге өзінің OnlineTestPad цифрлық платформасын ұсынды. Болашақ педагогтерге қашықта оқытуды ұйымдастыру жолдары мен ерекшеліктерімен ашып көрсетті.

Қазіргі білім беру жүйесінде заманауи инновациялық технологияларды қолдану,  онлайн оқытуда интернет платформаны таңдау өте маңызды. Танымал техникалық платформалардың бірі – оқушылармен жұмыс істеуге арналған OnlineTestPad интернет платформасы. Online test Pad платформасының мүмкіндіктері  мол. Тест конструкторы – мұнда мұғалім оқушылармен кері байланыс жасау үшін тест тапсырмаларын жасауға және БЖБ, ТЖБ тапсырмаларын ұйымдастыруға мүмкіндік алады. Сауалнама конструкторы – мұнда мұғалім оқушылардан  сауалнама түрінде тапсырмаларын ұйымдастыруға мүмкіндік алады.

Сөзжұмбақ конструкторы – мұнда мұғалім қайталау сабақтарын немесе ашық сабақтарды қызықты түрде өткізу үшін сөзжұмбақ құрастыруға және оны ұйымдастыруға мүмкіндік алады. Комплексті тапсырмалар – мұнда мұғалім өз сабақтарына қажетті оқу-дидактикалық материалдарды жинақтап, арасында оқушылармен көмекші құрал ретінде қолдануға мүмкіндік алады. Диалогты тренажерлар – мұнда мұғалім әсіресе тіл мамандардың ұстаздары, қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тіліндегі сабақтарды диалогты түрде тапсырмаларды қолдануға мүмкіндік алады.

Қашықтан оқыту және тестілеу жүйесі – мұнда әдіскерлер және мұғалімдер қашықтықтан семинар ұйымдастырып, нәтижесін тестілеу форматында жүргізіп, мұғалімдерге немесе оқшыларға сертификат немесе дипломдарды жария ете алады. Online test Pad платформасында сабақты ұйымдастырудың сегіз қадамы қарастырылады. Бұл жерде қолданушы тіркеледі, яғни электронды поштасына жаңа аккаунт жіберілді, қолданушы сол сілтемені басу арқылы активтендіреді. Пароль және логинмен  тест онлайн платформасына енуге мүмкіндік алады. Online test Pad платформасындағы мүмкіндіктерді тегін қолдану: Профиль. Сауалнама. Тесттер. Сөзжұмбақтар. Диалогтар. Комплексті тапсырмалар.

Online test Pad платформасында менің  профилім туралы мәлімет толтыру. Бұл жерде қолданушының аты-жөні және қосымша мәліметтерді толтырады. Себебі бұл сіз нақты түрде мұғалім екеніңізді   растайсыз және осы жерде барлық жұмыстардың авторы болуға негіз болатын лицензиялық құжатыңызды әзірлейсіз. Төртіншіден – онлайн түрде сабақтарды әзірлеу: Бұл жерде сабақтарыңыз міндетті түрде жарияланып тұрағынын, статус түрінде ашық екен көруіңізге, және өз сабағыңыздың интерфейсі алдын ала әзірленіп, сабаққа дайын екенін растайтын құжат. Негізгі сілтемені және параматрлерін әзірлеу:  Бұл жерде  қолданушы негізгі сілтемені көшіріп Whats up желісіне немесе басқада сайттарға жіберу арқылы сабақтарыңызды жариялап отырасыздар.

Алтыншы – сабақтың мазмұны: Бұл жерде жарияланған сабақтардың тақырыптары мен қысқа мерзімді жоспары беріліп отырады және оны қолданушыда, оқушыда сабақ жарияланғаннан бастап көре алады.  Сабақты ұйымдастыру және сабақты енгізу тәсілдері: Бұл жерде қолданушы сабақты ұйымдастыруда неше түрлі форматтағы мәліметтерді енгізіп отырады. Мысалы:  мәтін, сурет, сілтеме, PDF формат, YouTube бейне сабағын, аудио файлдарды, файлдарды жүктеуге  осындай форматтағы мәліметтерді енгізіп, осы сабақтың тақырыбын, яғни қысқа мерзімді жоспарын енгізіп, содан кейін оқушыларға беретін тапсырмаларды беруге, осы арқылы үлестіруге мүмкіндік береді.

Барлық тапсырмалар сақталады. Сегізінші – Online test Pad платформасында кері байланысқа- тест тапсырмаларын құрастыру: Бұл жерде мұғалім оқушылармен кері байланыс жасай үшін тест тапсырмасын немесе БЖБ, ТЖБ тапсырмаларын ұйымдастыруға мүмкіндік алады. Барлық тапсырмалар сақталады. Жарқынай Умбеталиева жеке тұлғаның ішкі «Мен»-нің қалыптасуына көмектесетін сабақтағы кері байланыстың мәнін ашты.. Кері байланыс – мақсатқа жетелейтін нақты әрекет, ситуация, пікірталас тудыратын сұрақтар мен мәселелер бойынша түсінік алу және түсінік беру үдерісі. Тиімді кері байланысты ұйымдастыру сапалы оқытудың негізі болып табылады.

Кері байланыс оқушының оқыту үрдісі қалй өткені және қандай нәтижеге қол жеткізгендігі туралы ой-пікірін тыңдауға негізделеді. Кері байланыс сабақтың соңында ғана емес, сабақ барысында жүргізіліп отыруы тиіс. Сабақ басында оқушылардың көңіл-күй мен эмоциялық жағдайын анықтауға арналған кері байланыстар, сабақтың ортасында сабақтағы іс-әрекетке байланысты берілетін кері байланыстар, сабақ соңында оқу материалының мазмұнына байланысты, яғни сабақты қорытындалу үшін берілетін кері байланыстар жүргізіледі. Мұғалім оқушының кез келген кері байланыс парағын оқи отырып, жұмысының сәтсіз шыққан тұсын және сәтті қадамын, ендігі іс-әрекетін қалай жақсартуға болатынын алдын-ала біле алады.

Сонымен қатар, кері байланыс парағы арқылы оқушының үніне құлақ түріп, оқу мен оқытудағы кездесетін кедергілерді айқындап, келесі оқытуға бұдан да жақсырақ дайындалуына түрткі болады. Кері байланыстан күтілетін нәтижелер мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынас жақсарады; оқушы өзінің мықты, осал тұсын анықтайды және алға жылжуға ықпал етеді; оқушы тек бағалауды ғана емес, өз жұмысынан хабардар бола отырып, оқуға қызығушылығын арттырады. География пәні мұғалімі, бірінші санатты педагог Сәуле Тұрғынбекова өз сабақтарынан бейнекөріністер көрсетіп, критериалды   бағалаудың көрнекі түрде  аша алды. Бағалау деген не?

Критериалды бағалау, қалыптастырушы бағалау не үшін қажет? Бағалаудың мақсаты қандай? Бағалаудың мүдделі тараптары кімдер? Оқу процесінің қандай нәтижелерін қалыптастырушы бағалау арқылы анықтау маңызды? және басқа да  сұрақтары аясында сабағымыз жалғасады. Білім берудің қазіргі заман талабы – шығармашылықпен жұмыc жасайтын, бәcекеге қабілетті, құзіретті зияткер тұлға тәрбиелеу. Оқыту – мұғалімдердің оқушыларға жасаған сыйы емес, бұл құзіреттіліктер білім алу үшін оқушылардың өздері де оқу үдерісіне белсенді қатысуын талап етеді. Мұғалімдер, өз кезегінде, өзінің сабақ беруіне емес, оқушылардың оқу ептілігін дамытуға назар аударуы тиіс.

Осы мақсатта мұғалім оқыту ортасын құру керек. Критериалды бағалаудың басты ерекшелігі: алдын-ала ұсынылған бағалау шкаласы;анық, айқындылығы;бағаның әділдігі;өзін бағалауға мүмкіндіктің берілуі. Қалыптастырушы бағалау күнделікті оқыту мен оқу үдерісінің ажырамас бөлігі болып табылады және тоқсан бойы жүйелі түрде жүреді. Жиынтық бағалау оқу бағдарламасының бөлімдерін/ортақ тақырыптарын және белгілі бір оқу кезеңін (тоқсан, оқу жылы, орта білім деңгейі) аяқтаған соң оқушының үлгерімі туралы ақпарат алу мақсатында балл және баға қою арқылы өткізіледі. Сабақ барысында пайдаланатын бағалау әдістері: топ жұмысын бағалау кестесі, оқушының өзін-өзі бағалау кестесі, топ басшыларының бағалауы (лайк жүрекшелер, тақырыптық суреттер), «Басбармақ» әдісі және басқалар.

Формативті бағалау – сыныпта күнделікті жұмыс барысында жүргізілетін бағалау түрі, оқушылар үлгерімінің ағымдағы көрсеткіші болып табылады, оқыту барысында оқушылар мен мұғалім арасындағы жедел өзара байланысты, оқушы мен мұғалім арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді және білім беру процесін жетілдіруге мүмкіндік береді. Тараз өңірлік университетінің аға оқытушы, педагогика магистрі Сәуле Бупетаева білім сапасын арттырудың жаңа әдіс-тәсілдеріне тоқталды. «Білім алудың тамыры ащы, бірақ жемісі тәтті» – деп бірінші ұстаз Аристотель айтқандай, білім болашағымыздың жарқын болуының бірден-бір кепілі.

Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы отандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде тұлғаны тәрбиелеу және оқытуды мақсат етіп қойып отыр. Педагог кәсібінің жоғары мәртебесін қамтамасыз ету, педагогикалық білім беруді жаңғыртуда, оқытудың қауіпсіз және жайлы ортасын қамтамасыз етуде, үздік практикалар негізінде білім алушылардың, педагогтердің және білім беру ұйымдарының сапасын бағалаудың жаңартылған жүйесін енгізуде, нарықтың қажеттіліктеріне және өңірлік ерекшеліктерге сәйкес оқытудың, кәсіптік даярлықтың сабақтастығы мен үздіксіздігін қамтамасыз етуде, білім алушының зияткерлік, рухани-адамгершілік және физикалық дамуын қамтамасыз етуде интеграцияланған сабақтың алатын орны зор.

Интеграцияланған сабақтың «Менің алғашқы инновациялық жобам» тақырыбындағы екінші бөлімінің болашақ педагогтер «Егер мен – …болсам, онда ..» болашаққа бағдар айдарында өз инновациялық жобаларының тұсаукесерлерін жасады. «Айтарым бар»  ашық микрофон аталған үшінші бөлімінде болашақ педагогтер  жаңашыл мұғалімдерге өз сұрақтарын қойып,  нақты жауаптар алды. Интеграцияланған сабақ барысында болашақ педагогтер білім  беру мазмұнын тұтас педагогикалық үдерістің компоненті ретінде қарастырып, білім мазмұнына  қойылатын жаңаша талаптардың мәнін жете меңгерді. Интеграцияланған сабақ жаңа сабақты жаңаша мазмұнда  меңгеруге елеулі үлесін қосары сөзсіз.

Клара БУЗАУБАКОВА,
Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік
университетінің “Білім берудегі менеджмент”
кафедрасының меңгерушісі, педагогика
ғылымдарының докторы, профессор

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий