Мектепке дейінгі білім: Абай шығармаларын оқыту ерекшеліктері

Абай Құнанбайұлының «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады» деген сөзін жас кезден санамызға сіңірдік, енді балаларды да осы тұрғыда тәрбиелеп келемін. Мектепке дейінгі ұйымда ойшылдың өмірі мен өлеңдеріне қоса қара сөздерін оқыту әсерінен ұл-қызымыздың танымдық қабілеті жетіледі, оның эмоционалдық қабылдауы мен тілі дамиды, адамгершілік ұғымы кеңейеді, ерікті зейіні  артады.

Басты мақсатымыз: мектепке дейінгі жастағы балғындарға ақын шығармашылығы туралы жалпы түсінік беру. Осы арқылы қазақтың мәдени мұрасын құрметтеуге және патриотизмге тәрбиелеу және біртұтас тұлға қалыптастыру. «Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды» деген нақыл сөзі қазіргі заманға сай айтылған сияқты, тілді меңгергіміз келсе «тіл үйрену үшін тілек те, жүрек те керек» екенін ұғынамыз. Ана тілін әбден толық меңгермеген балаға өзге тілдерді үйретумен қоса, терең фәлсәфәлық еңбектердің мәні мен мағынасын түсіндіру оңайға соқпайды. Сондықтан  мұғалімге, тәрбиешілерге үлкен жауапкершілік жүктеледі.

Алдымен «Абай кім?», «Абай қандай ақын?» деген сұрақтарға дұрыс жауап беруді үйрету қажет (Баланың жауабы: Абай – ақын. Абай – ұлы ақын). Абай өзінің өлеңдерін бала кезінен, он екі жасынан бастап  шығарғандығын, бірақ ол ақын ретінде алғаш рет  өз атынан «Жаз» («Жаздыкүн шілде болғанда…») деген өлеңін жариялағандығын балаларға түсіндіре отырып, мектеп жасына дейінгі орыс тілінде білім беретін топтардың балаларының қабылдауына, жас ерекшеліктеріне сәйкес Абайдың жыл мезгілдері туралы өлеңдерін, ғылым-білім, адамгершілік тақырыбындағы өлеңдерін жаттатуға болады. Абай әндерінен «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы», «Сегіз аяқ» әндерін айтқызуға болады.

Абай өлеңдерін меңгерту  барысында тыңдау, сөйлеу дағдылары біртіндеп дамиды. Тыңдауға үйрету мүмкіндігінше барлық ҰОҚ-де жүреді, бала  мұғалімнің, достарының айтқанын тыңдап түсіне алады (ұйымдастырушылық кезеңде, сергіту сәтінде, күннің екінші жартысында т.б.). Сөйлеу көбіне жұптық, топтық жұмыстар кезінде іске асады. Көркем шығарманы үйретуде мектепке дейінгі жастағы балалардың  қызығушылығын ояту – басты мәселе. Әрине өзге тілдерді  меңгертуде көп қиыншылықтар кездеседі. Бұл қиыншылықтарды жеңу үшін ұйымдастырылған оқуға ынтасын әуестігін арттыру керек.

Балалардың тілді үйренуге деген  қабілетін арттырып, ынталандыру үшін ҰОҚ-ін, өзге де оқу-тәрбие шараларын  мынадай жолдармен өткізуге болады: ҰОҚ мен ертеңгіліктерде кең көлемде көрнекі құралдарды пайдалану; ҰОҚ мен сабақтан тыс шараларды түрлендіріп өткізу; ҰОҚ-нде тірек схемаларды пайдалану; Техникалық құралдарды тиімді қолдану; Тақырыпқа қатысты бейнетаспаларды көрсету, аудиожазбаларды тыңдату. Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе, Адалдықты көздесең, жаттап оқы көңілге, – деп Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай, мектепке дейінгі жастағы балаларға Абай өмірін, шығармашылығын оқыту барысында берілетін өнегелі тәрбие  ұшан-теңіз.

Абайдың ақын болып қалыптасуына жастайынан ықпал еткен жағдайларды жекелей анықтап, дәлелдей оқытылады. Себебі, жалпы тәрбие, білім, оқуға құштарлық, мәдениет жайлы алғашқы түсініктер отбасынан басталып, өсе келе қоршаған ортадан, құрдастарынан, ұстаздарынан үйренеді, үлгі алады. Абайдың балалық кезеңінде де осы жағдайлардың әсері болғанын біртіндеп түсіндіріледі. Абай жайлы алғашқы түсінік былай басталады («Абай: өмірі, отбасы» тақырыбындағы слайд арқылы).  Абайдың біздің жерлесіміз екенін, бұрынғы Семей облысының қазіргі Абай ауданы, Шыңғыс тауының баурайында  1845 жылы дүниеге келгені туралы түсінік беріледі.

Әкесі Құнанбайдың баласының бойындағы қасиеттерді ерте танығанын, оны Семейдегі діни медресеге оқуға бергенін айта келіп, сол кездегі суреттерін көрсете отырып, жас Абайдың діни оқумен шектелмей өз бетінше бастауыш орыс мектебінде оқығанын, арабша хат танығанын, кітапты өз бетінше көп оқығанын, ертегі, жырларды, дастандарды, мақал-мәтелдерді, шешендік сөздерді әжесі Зере мен Ұлжан сияқты дана анасынан ғана естіп қоймай, Барлас, Байкөкше сияқты ақын-жыршылардың қасында айлап болып, солар айтқан халық дастандарын, батырлар жырларын сүйіп тыңдап, жаттай білгенін, әкесі Құнанбайдың Абайды жастайынан өзімен бірге ала жүріп, үлкен өнегелі отырыстарды көрсетіп, небір дүлдүл шешендердің асыл сөздерін санасына сіңіре білгенін айтамыз.

Абайдың білімге деген ынта-ықыласын балаларға үлгі ете әңгімелейміз. Осындай көңілі ояу, көзі ашық, білікті әке дәстүрі баладан-балаға жалғасты. Абай да өз балаларын оқытып, халық адамы етіп тәрбиеледі. Имандылық тәрбиені үлгі ете отырып, адам болу жолын ғылыми тұрғыдан шығармаларында көрсете білді. Мысалы, «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Ғылым таппай мақтанба», «Баламды медресеге біл деп бердім», – дей келіп, өз өмірін кейінгі жастарға сабақ етеді. Өзінің айналасындағы соңына ерген жастарды жақсы адамгершілік қасиеттерге тәрбиеледі. Міне, ұлы Абай бойындағы осындай игі қасиеттерді мектепке дейінгі жастағы балалардың санасына әрбір Абай шығармасын үйреткенде бірте-бірте сіңіре отырып, алған білімдерін дағдыға айналдырған дұрыс.

Себебі бұл жастағы балалар әсершіл, еліктегіш, тез қабылдағыш келеді. Сондықтан осы әсерлерді Абай шығармаларын меңгерткен кезде шебер, орынды пайдалана білуге болады. Ондағы мақсат тәрбиеленушілер Абай шығармаларын шын ықыласымен жаттап, үйреніп, ақынның өзін құрмет тұтып, үлгі-өнеге алатындай етіп тәрбиелеу. Енді Абай шығармаларын мектепке дейінгі білім беруде оқытудың ерекшеліктері туралы өз іс-тәжірибеммен бөлісе кетейін: Абайдың табиғат лирикасына арналған өлеңдерін үйрету үшін «Жыл мезгілдері – Времена года – Season» электронды –дидактикалық ойынын ойнатып барып қана меңгертуге болады.

Мысалы, «Қыс» өлеңін жаттау барысында  өлеңді мазмұндауды былай бастаймын: Абай өлеңде бұрынғы дала жағдайындағы қыс суретін,  сол табиғаттың өз көрінісін көрсеткенін, қысты жанды адам (аяз ата) бейнесінде бергенін балаларға түсіндіру үшін өлеңнің алғашқы екі шумағын оқып түсіндіремін:
Ақ киімді,  денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау түсі суық,
Басқан жері сықырлап келіп қалды.
Дем алысы – үскірік аяз бен қар,
Кәрі құдаң  – қыс келіп, әлек салды.
Ұшпадай бөркін киген оқшырайтып,
Аязбенен қызарып ажарланды…

Аудармасы: В белой шубе, плечист, весь от снега седой,
Слеп и нем, с серебристой большой бородой,
Враг всему, что живет, с омраченном челом
Он, скрипучий, шагает зимой снеговой.
Старый сват, белый дед натворил много бед.
От дыханья его – стужа, снеги буран.
Тучу шапкой надвинув на брови себе,
Он шагает, кряхтя, разукрашен, румян… Ақынның «Қыс» өлеңіне арналған иллюстрациялық суретті тамашалата отырып (слайд-шоу), өлеңдегі балаларға таныс сөздерді бірге табуға үйретемін (ақ, қыс, аяз). Өлең мазмұнын түсініп, қабылдаған соң ғана әрбір тармағын «Мен бастаймын, сен жалғастыр» ойыны  немесе поэтикалық батл түрінде меңгертемін.

Одан кейін аудиожазбасы арқылы өлеңді тыңдатып, хормен және жекелей жатқа айтқызамын. Сонымен бірге, Абайдың «Қыс» өлеңін меңгертуде пәнаралық байланыс ретінде музыкамен үйлестіріп, яғни  эстрадалық аранжировканың минус сүйемелімен ән түрінде айтқызамын. Ұлы ақын жас ұрпақты имандылыққа, адамгершілікке, ғылым-білім үйренуге үнемі шақырғандығын әңгімелеймін. «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін бала кезімнен жатқа біліп, кейін мұғалім болғанда да, осы өлеңнің терең мағынасын оқушыларыма, кейін балабақша тәрбиеленушілеріне үйретумен келемін. Ұлы ақынның адамгершілік формуласы: «Адам бол!». Абайдың пікірінше, адамгершілік нормалары мен қағидаларын күнделікті өмір сүру тәсіліне айналдырған адамды ғана нағыз адам деп есептеуге  болады.

Сондықтан: «… адам болам десеңіз, оған қайғы жесеңіз… Бес нәрседен қашық бол…,» –  деп жастарды бес нәрседен — өсектен, өтіріктен, мақтаншақтықтан, еріншектіктен, бекер мал шашпақтықтан қашық болуға, бес асыл іске — талап етуге, еңбекті сүюге, терең ойлай білуге, қанағатшыл болуға, қайырымды рақымшылық жасауға шақырды.
…Ты пять врагов покори
И пять друзей избери.
Злословье, ложь, хвастовство,
Тщету пустую и лень
Смети с пути своего.
Правдивость, ясная мысль,
Упорстиво, скромность и труд-
Доверься – не предадут.
Будь чистым, зла сторонись,
К деяньям светлым стремись,
Чтоб разум жил добротой…

Ақынның «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін поэтикалық батл ретінде меңгертуді өз іс-тәжірибемде қолданып жүрмін, яғни балалар екі топқа бөлініп өлең жарысына түседі. Өйткені бала ойын, жарыс арқылы дамиды. Дидактикалық ойындар, ойын-тапсырмалар, инновациялық ойындар, электрондық дидактикалық ойындар  балалардың білімін бекітіп, сөздік қорын молайтады, байланыстырып сөйлеуді қалыптастырады, іс-әрекет пен қимылды дұрыс, жылдам орындауға, ойлау қабілетін, танымдық қызығушылығын арттыруға әсер етеді. Балалар дербес, өзара және топпен де жұмыс жасауға үйреніп қана қоймай, тілдік-коммуникативтік қарым-қатынасқа мұғалімнің көмегі арқылы қол жеткізеді. 

Ұлы ақының 175 жылдығымен байланысты біздің балабақша көлемінде бірқатар іс-шаралар жоспарланды. Ең алғашқы шаралар қыркүйек айында Тілдер апталығында өткізілді. «Менің Абайым- Мой Абай – My Abai» атты танымдық круиз түрінде өткізілген шараға мектепке дейінгі жастағы ортаңғы және ересек топтардың балалары қатысып, ақынның өмірі мен шығармашылығымен танысты.   Сондай-ақ, оқу үрдісінде алған білімдерін тәрбиелік мақсатта ары қарай дамытуға мүмкіндік жасау үшін оқу жылы бойы орыс тілінде білім беретін топ тәрбиеленушілерін республикалық, қалалық байқаулар мен сайыстарға даярлап, қатыстырып келемін.  

Абай мұрасы – ізденіс пен ойланудың, кемелділік пен ізгілікті танудың үлгісі. Өйткені, кемеңгердің басты мақсаты – адам болу үшін ненің жаман, не жақсы екенін көрсетіп қана қоймай, жаманнан жирендіріп, жақсылыққа бастау. Абайдың «Адам бол! – Будь человеком!» деген үндеуін мектепке дейінгі білім беру жүйесінен бастап  үйрету жұмысын табысты жалғастырылуы қажет.

Кенжегүл Акановна МУХАМЕТКАЛИЕВА,
№4 «Балдәурен» ясли-бақшасының қазақ тілі
оқытушысы, Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий