Абай даналығы баршаға орта
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында ғұлама мұрасының қазіргі ұрпақ үшін маңызын айта келіп, былай дейді: «Біз ұлттық сананы жаңғыртамыз және бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырамыз десек, Абайдың шығармаларын мұқият оқуымыз керек. Өз заманының ғана емес, қазіргі қоғамның да бейнесін танытқан Абай – елдік мұраттың айнымас темірқазығы», жекелеген ұлтты ұлы тұлғалары арқылы тану мәселесін айта келіп, шетелдіктер «Қазақ елін – Абай елі» деп білуі тиіс деген еді.
Соған байланысты қазақтың ғұлама ойшылы, ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай, қазақ поэзиясының кемеңгер тұлғасын өзге ұлт өкілдеріне дәріптеу мақсатында «Балдәурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығының ұстаздар қауымымен «Ұлы Абай» атты ағылшын тілінде сахналық қойылым көрсетілді. Аталған қойылым әуелі Абайдың дүниеге келуі мен оған берілген қасиетті есімнің тарихы жайында болып, содан кейін әкесі Құнанбайдың өзге балаларының ішінен Абайдың асқан биіктігін көрегендікпен тануы сахналандырылды.
Иә, көрініс өте ұтымды шыққан, әсіресе хакім Абайдың отыз бірінші қара сөзін асқан шеберлікпен оқыған көріністер көрерменді бей-жай қалдырмады. Сондай-ақ, қойылым барысында қазақ, орыс, неміс тілдерінде Абайдың өлеңдері оқылып, ақынның «Желсіз түнде жарық ай» атты әні ағылшын, қазақ тілдерінде орындалып, кешті қорытындылады. «Ұлы Абай» спектаклінен сахналанған үзінді өзінің көркемдік көкжиегімен де көрерменге ерекше күй сыйлады.
Абайдың әуелден-ақ әкенің баласы болмай, адамның баласы болуды армандағаны белгілі.Ол өз халқының ғасырлар бойғы мәдениетінің таңдаулы нәрін алды. Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы-заман тынысы, халық үні. Бүгін ол үн біздің де үнге қосылып, жаңғырып жаңа өріс алып тұр. Абай үнімен сусындап келе жатқан жас жеткіншектерге болашағы жарқын болсын деген тілек білдіреміз.
Айнур Жетпісбайқызы ЕРДЕНОВА,
“Балдәурен” республикалық оқу сауықтыру
орталығының баспасөз қызметкері