Қостанайда 1200 орынға арналған жаңа мектеп ашылды
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында облыс орталығында 1200 орынға арналған жаңа орта мектеп өз есігін айқара ашты, оның ашылу салтанатына аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов қатысты, – деп хабарлайды Қостанай облысы білім басқармасының баспасөз қызметі.
Жаңа мектеп облыс орталығының «Юбилейный» жаңа шағын ауданында орналасқан. Бұны тек шағын ауданның ғана емес, қаланың ата-аналар қауымдастығы да асыға күтті. – Біз жаңа заманауи «Юбилейный» шағын ауданында тұратынымызға қуаныштымыз. Лайықты өмір сүру үшін бұнда барлық қажетті инфрақұрылым бар. Менің отбасым «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы осы ауданнан пәтер сатып алған болатын. Бірақ балалар №115 орта мектепте оқыды. Ал енді өзінің масшатабы және сәулетімен ерекшеленетін мектеп пайда болды. Балаларымыздың барлық жағдай жасалған әдемі, қазіргі замнғы мектепте оқитынына қуаныштымыз, – дейді Мәншүк Алғашбаева қуанышымен бөлісіп.
Шыны керек, жаңа мектеп өзінің көлемімен және жабдықталуымен ерекше. Мектептің алты оқу блогы 18 мың м2-ге орналасқан және қазіргі заманғы талаптарға сәйкес жабдықталған, тамақтану залы бар асханасы мен кең мәжіліс залы бар. Сапалы білім беру үдерісі үшін жайлы және қауіпсіз жағдайлар жасалған. Мектепте уақытша денсаулығы бұзылған, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға инклюзивті білім беру мүмкіндіктері қарастырылған. Аулада ашық ойындар мен тыныш демалуға арналған алаңдар бар, ал мектеп аумағында жеміс-жидек, гүл, дала және көкөніс дақылдары, селекциялық жұмыстар бөлімдері бар оқу-тәжірибелік аймақ қарастырылған.
Мектеп жоғары сапалы құрылыс материалдарын қолдана отырып салынған, сондай-ақ сапалы материалдық-техникалық базамен жабдықталған. Сонымен қатар, мектеп құрылысы мен жабдықтарды орнату кезіндегі қазақстандық қамту үлесі тоқсан бес пайызды құрады. Құрылыс барысында 189 адам жұмысқа орналастырылды. Бүгінгі күні 76 педагог пен 28 техникалық персонал қызметкерлері үшін жүзге жуық жұмыс орны құрылды. Мектеп 18 мыңға жуық адам, оның ішінде 1700 бала тұратын «Юбилейный» және «Алтын Арман» жаңа шағын аудандарының сәулетіне сәйкес келеді, қазірдің өзінде ата-аналардың атынан балаларды мектепке қабылдау үшін 800-ден астам өтініш келіп түскен.
Оқушылар үшін білім беру үдерісі 3-тоқсаннан басталатынын айта кету керек. Болашақта шағын аудандардың ең жас тұрғындары үшін 280 орынға арналған балабақша салынады, сондай-ақ жақын маңдағы салынып жатқан «Береке» шағын ауданында жаңа мектеп салу бойынша жұмыстар жоспарланып отыр. Қыркүйек айында Әулиекөл ауданының Аманқарағай ауылында мемлекеттік тілде білім беретін 320 орынға арналған мектеп ашылғанын еске сала кетейік, сондай-ақ Қарасу ауданының Қарасу ауылында мемлекеттік тілде білім беретін 320 орынға арналған мектептің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, облыс әкімі Қостанай қаласының №6 және 17 орта мектептерінде болып, онда күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.
Биыл облыс орталығында жалпы сомасы 3,5 млрд.теңгеге 25 білім беру объектісі жөнделді, оның ішінде жалпы сомасы 3,1 млрд. теңгеге 7 күрделі жөндеу жүргізілді, 18 объектіде жалпы сомасы 313 млн. теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл білім беру саласының 1,7 мыңға жуық қызметкері үшін еңбек жағдайларын жақсартуға мүмкіндік берді, сонымен қатар 21,4 мыңнан астам баланы оқыту үшін сапалы жағдай жасады. Жалпы 2020 жылы Қостанай облысының 133 білім беру нысанына күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізуге 11,2 млрд. теңге мөлшерінде сома бөлінді, бұл өткен жылдың сомасынан 3 есе артық.