Елбасының есімімен байланысты ұлт тәуелсіздігі
Тәуелсіз мемлекет дәрежесіне жету қазақ халқы үшін қаншама ғасыр арман болғаны тархтан мәлім. Азаттыққа қол жеткізген жұрттың Тұңғыш Президенті қызметіне Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылғы желтоқсан айының 1-і күнгі бүкілхалықтық дауыс беру кезінде бірауыздан сайланған болатын. Сол жылдан бастап 2019 жылдың наурыз айының 19-шы жұлдызына дейін үздіксіз халқына адал қызмет атқарды.
Осыған орай 2011 жылғы 10 желтоқсанда парлаамент сенатының толық отырысында «Қазақстан Республикасының мерекелері туралы» заңына толықтырулар енгізу туралы заңнамасына қол қойылды. Бұл мерекені атап өту-Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекет алдындағы дүр жетістіктерін тану мақсатымен ұйымдастырылды. Және оның бірінші желтоқсанға белгіленуінің алғы шарты да сол алғашқы мемлекет басшысы атануымен тығыз байланысты. Елбасының туған халқы үшін жасаған ұмытылмас істері аз емес. Ол алғашқы кәсібін басқа салада бастағанымен, саясатта біліктілігін көрсетуі мен отандастар сеніміне бөленуі арқылы талай тарихи қадамдар жасады.
Республикамыз отыз жылға жуық уақыт аралығында ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, халықаралық деңгейде дамыған елдер санасатын биік белестерді бағындырғанын білеміз. Нұрсұлтан Әбішұлының мемлекет болып қалыптасу жолында жасаған жұмыстары «Қазақстанның мемлекеттік тәуелсізідігі туралы» Конституциялық Заңды қабылдау, 1993 жылдың 15 қарашасы- өзіміздің ұлттық валютаны және қаржы жүйесін енгізу және ерекше атап өтетін Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қоюымен тарихта қалды.
Ұлт көшбасшысы әр жыл сайын мемлекетті дамытып, халық жағдайын жақсарту мен терезесі тең ел атану жолында да еңбек етті. Айқын мақсатқа жету үшін стратегиялық жоспарлар мен реформаларды жүзеге асырды. Дербес экономикалық, саяси және әлеуметтік реформаларды жүзеге асыра отырып, нарықтық қатынастарға көшудің ұлттық жолын таңдады. Ұзақ мерзімге белгіленген стратегиялық бастамалары мен сарабдал саясаткерлігі нәтижесінде еңселі еліміз серпінді ілгерілеудің даңғыл жолына түсіп, тіршілігіміз түрленуде. Елбасымыз жайлы өз ұлты ғана емес,шетелдік саясаткерлер де өз бағасын берген болатын:
Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті: – Нұрсұлтан Әбішұлы — саясатта көптен, Кеңес дәуірінен келе жатқан тұлға. Мені қатты таңғалдыратыны — оның заман тынысын тап басып танитыны. Бұл қасиет — бүгінгі әлемді дөп басып сезіне алатын қасиет оған қайдан дарыған?.. Ол адал да әділ. Бір мәселелерді талқылағанда, әрдайым қатардағы адамдарға бұл қалай тиеді деп ойлап тұрады. Бұл жеке адамға, қарапайым отбасылар өміріне қалай әсер етеді?
Реджеп Тайып Эрдоған, Түрік Республикасының Президенті: – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – өз заманының аса көрнекті тұлғасы және түркі жұртының ақсақалы. Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық бастамаларына әрқашанда ашықпыз әрі зор құрметпен қабылдаймыз. Қазақстан Президентінің түркі әлеміндегі беделі биік, Нұрсұлтан Назарбаевтың барша түркі халықтарының басын біріктіріп, бауырлас түрік елімен қарым-қатынасты нығайтуға сіңірген ерен еңбегін атап өтпеуге болмайды.»- деп пікір білдірген мемлекет басшыларының бағалауы Нұрсұлтан Әбішұлының кемеңгер саясаткер,беделі биік көшбасшы екенінің дәлелі.
Қайраткерлік жолында халқы үшін аянбай еңбек еткен тұлға атына қазірде елордасының бұрынғы Астана атауы Нұр – Сұлтан қаласы ретінде 2019 жылы 20 наурызда қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен өзгертілген болатын. Нұрсұлтан Назарбаевтың келісімімен заманауи университет пен зияткерлік мектептер ұйымдастырылды. Тұңғыш Президент атындағы қоғамдық қор мен арнайы музейі жүйелі жұмыс жасауда. Республиканың облыс және аудан орталықтары мен елді мекендерде Елбасы Назарбаев есімімен аталатын даңғылдар мен көшелер бар.
2007 жылы Шешен Республикасының Грозный қаласында Назарбаев атындағы көше пайда болып, есімі бір мектепке берілді. 2010 жылдан бері Иордания астанасы Амман қаласында да Назарбаев атындағы көше бар. Қырғызстандағы Шолпан Ата қаласында Нұрсұлтан Назарбаевқа қола мүсін орнатылған. Тәуелсіз еліміздің болашағы қазіргі жастардың қолында. Осыған орай жуырда Тұңғыш Президент күнінің тарихи мәні мен маңызын оқушыларға түсіндіру мақсатында «Балдаурен» республикалық оқу – сауықтыру орталығының Балқаш қаласындағы филиалында арнайы сынып сағаттары ұйымдастырылды.
Басқосу барысында жастар тәуелсіздік тарихындағы тұлғалардың еңбектерін баяндап берді. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында да ұлт көшбасшысы атанған ел тірегі Елбасының есімі құрметпен аталып, Нұрсұлтан Әбішұлының жирек ғасырдан астам атқарған қызметі мен халықаралық ауқымдағы биік беделі туралы сөз қозғалып, дара тұлғаның қайраткерлік қарымы мен қабілетін дәріптеу және өнегелі өмір жолын үлгі тұту бүгінгі жас ұрпақтың басты парызы екендігі әрине даусыз ақиқат.
Ғазиза Бақтиярқызы ПЕРНЕЕВА,
“Балдәурен” республикалық оқу-сауықтыру
орталығының тарих және құқық негіздері
пәні мұғалімі, Қарағанды облысы, Балқаш қаласы