Еуразия ұлттық университеті: Туризм филиалы ашылды
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Экономика факультетінің «Туризм» кафедрасы 2019 жылдан бері «Қонақүй бизнесі және мейрамхана ісі» мамандығы бойынша студенттерді қабылдап, оқытып келеді, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.
Кафедра жас мамандарға теориялық білім берумен қатар, алған білімдерін тәжірибе жүзінде іске асыруда ауқымды жұмыстар атқаруда. Оған нақты дәлел әрі биылғы жылдың жағымды жаңалықтарының бірі – бүгін, 11 желтоқсан күні, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Mumtaz» мейрамханасында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Туризм» кафедрасы филиалының ашылуы.
ЕҰУ «Туризм» кафедрасы филиалының «Mumtaz» мейрамханасында салтанатты ашылу рәсіміне Еуразия ұлттық университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Оңғарбаев Еркін Әнуарұлы, Академиялық мәселелер жөніндегі департаментінің директоры Қашхынбай Байжұман Балтабайұлы, Цифрлық даму және қашықтықтан оқыту департаментінің директоры Бекманова Гүлмира Тілеубердіқызы, Карьера және Бизнес серіктестігі бөлімінің басшысы Қилыбаева Орал Калиқызы, «Mumtaz» мейрамхана желісінің бас директоры Ахтаева Ботагөз Сейітханқызы, экономика ғылымының докторы, профессор, Экономика факультетінің деканы Мақыш Серік Биханұлы, «Туризм» кафедрасының меңгерушісі Муталиева Ләйлә Маратқызы және кафедраның оқытушылары мен студент, магистранттары қатысты.

Филиалдың мақсаты – студенттер мен магистранттардың оқыту үрдісі кезіндегі алған теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде іске асыру, кәсіби дағдылар алу және мейрамхана ісі бағдарламасы бойынша жоғары білікті мамандар даярлау. Бұл мақсатқа жету жолында «Mumtaz» мейрамханасы аянбай тер төгіп келеді. Бүгінде, мейрамхана нарықта тұрақты дамып келе жатқан, Елорда тұрғындары арасында үлкен сұранысқа ие тамақтану орындарының бірі де бірігейі.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Mumtaz» мейрамханасымен 2017 жылдан бері тығыз байланыста.Оған студенттер мен магистранттарымыз мейрамхана негізінде ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп, өндірістік тәжірибеден өтіп келе жатқанын айтпағанда, кафедра мен мейрамхана қызметкерлерінің бірлесіп шығарған бірнеше оқу құралдары мен ғылыми мақалаларын және шығарған кітаптарын айтсақ та жеткілікті. Қашанда жанашыр жандардың жақсылығы көп болады. Олай дейтініміз, мейрамхана басшысы Ботагөз Сейітханқызы жыл сайын өтетін «Бос орындар жәрмеңкесіне» белсенді түрде қатысып, кафедра түлектерін жұмысқа орналастыруға барынша қолдау білдіріп келеді.
Қысқа қайырғанда, ЕҰУ «Туризм» кафедрасы филиалының «Mumtaz» мейрамханасында ашылуы өте жоғары деңгейде өтті. Демек, бұл іс-шара университетіміздің өркендеуі мен дамуына бағытталған, тарихта жарқын ізі қалатын үлкен игі істердің бірі болып қалмақ.
Загрузка...