НЗМ – Ақтау: Каспий теңізін зерттеу институтын құру ұсынылды

Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Амина Шайдуллина Каспий теңізінің проблемаларын зерттеу институтын оқушылар мен студенттерден құру идеясын ұсынды. Мұндай ұсынысты 11-сынып оқушысы «Туған елге тағзым» онлайн тарихи-өлкетану зерттеушілік байқауында жоба қорғау барысында айтты. Оның сөзінше, жасөспірімдерден құралған институт теңіздің экологиялық проблемаларын шешуге атсалыса алады, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.

Ақтаулық оқушы Каспий теңізі мәселелеріне Назарбаев Зияткерлік мектептері арасында өтіп жатқан желілік «Туған елге тағзым» онлайн-байқауы барысында назар аударып, «Каспий ит балықтарының өміршеңдігіне антропогендік факторлардың әсері» тақырыбында зерттеу жұмысын қорғады. Күн санап саны азайып бара жатқан Каспий итбалықтарының популяциясын сақтап қалуға кері әсерін тигізіп отырған бірнеше факторларды атап өткен жас зияткер, түйткілді мәселені шешудің бірнеше жолдарын ұсынып, білім ордасының оқушылары атқарып жатқан жұмыстарды да көрсете кетті.

– Каспий теңізі проблемаларын зерттейтін ғылыми институт бар екендігін білеміз. Бірақ ол жерде көбінесе ғылыми қызметкерлер мен жауапкершілігі үлкен зерттеулер жүргізіледі. Бір жағынан санаулы институттардың Каспийдің мәселесіне тұрғындардың, соның ішінде жастардың назарын аударту қиын. Сол себепті біз ерікті оқушылар негізінде Маңғыстау облысында оқушылар мен студенттерден құрылған кіші зерттеу институтын құруды ұсынамыз. Бұл жастарды туған өлке табиғатын аялауға шақырады деген ойдамын, – дейді Амина.

Оқушының сөзіне сүйенсек, зияткерлер қызыл кітапқа енген сүтқоректілерге миграциясын анықтау мақсатында микрочип орнату үшін бірнеше рет қайырымдылық жәрмеңкелерін өткізген. Сонымен қатар, Каспий жағалауын тазалау мақсатында тұрақты түрде сенбілік өткізіп келеді. Зияткерлік мектептің оқушылары үнемі теңіз жағалауына сенбілік жүргізеді. Әрбір тазалық барысында кемі 40 қап қоқыс жинаймыз. Бұл облыс тұрғындарының теңіз экологиясына селқос қарайтындығын көрсетеді. Сондықтан, жетекшім Айгүл Кожакова ұсынған институт құрылған жағдайда біз ең алдымен халықты тазалыққа шақыру жұмыстарын ұйымдастырамыз. Сондай-ақ итбалық популяциясын арттыру мақсатында балықшылармен де тұрақты жұмыс ұйымдастыру ойда бар, – дейді зияткер.

Жас зияткер Маңғыстау облысындағы экология тақырыбына қызығатын жастарды зерттеу институтының мүшесі  болуға шақырып, институттың атқаратын жұмыстарымен таныстырды. Айта кетейік, желтоқсанның 7-сі мен 10-ы аралығында Назарбаев Зияткерлік мектептерінде 2020 жылғы «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясы аясында шығармашылық жұмыстар мен жобалардың желілік байқауы ұйымдастырылды. Алғаш рет қашықтан өтіп жатқан дәстүрлі экспедиция биыл қатысушылардың рекордтық санын жинады. Мектепішілік кезеңге 1100 зерттеу және шығармашылық жұмыстар дайындалып, екі жүзге жуық үздік жоба беделді әділ қазылар алқасына ұсынылады. Байқаудың желілік деңгейіне 10 оқушы қатысып жатыр.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий